Сенаторлар Төлеби ауданында
Төлеби ауданына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Әли Бектаев пен Мұрат Қадырбек, Алишер Сатвалдиев арнайы іс-сапармен келіп, аудан активімен кездесті. Аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімі ғимаратының мәжіліс залында өткен басқосуда сенаторлар Парламент қабырғасында қабылданған заң жобаларын таныстырып, олардың тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын атап өтті. Бұл туралы Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Депутаттар ауданның жай-күйі, әлеуметтік-экономикалық дамуы көрсеткіштері, аймақтардағы мәселелер мен халықтың тыныс тіршілігімен танысу мақсатында облыс аумағында кездесулер өткізіп жүргендерін әңгімеледі.
Пікір алмасу форматында өткен кездесуде аудан қариялары , сала мамандары медициналық портал жұмысын оңтайландыру, білім беру ошақтарының басшыларын ротациялау, балалардың жазғы лагерьге жіберу ісін жандандыру, ауыл шаруашылық саласына қатысты сұрақтар қойып, пікірлерін жеткізді. Аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Хамзаұлы он екі елді мекендегі 25 мың 243 халық ауыз суды Балдыберек өзенінің ашық су көзінен пайдаланып отырғанын, ауыз судың сапасына ұдайы шағымдар айтылып жатқанын, мәселені түбегейлі шешу жолдарының бірі оны Бақырауық бұлағына қосу керектігін айтты. Бұлақ бастауы Ақсу Жабағылы қорығының қорғау аймағында орналасқандықтан, қорық шекарасына кіріп, бұлақтың суын ауыз су жүйесіне қосуға рұқсат беруін сұранып, халықтың өтінішін жеткізді. Мәслихат төрағасы интернет сапасының сын көтермейтінін айтып, жайылымдық жер, «Ауыл аманаты» бағдарламасы, карьер мәселесін де сөз етті.
Кездесу барысында сенат депутаттары көтерілген әрбір ұсыныстың маңыздылығын айтып, олардың кезең-кезеңімен өз шешімін табуына ықпал жасайтынын жеткізді.
Жиын соңында аудан ардагерлері ел жағдайымен танысу үшін арнайы келген, өзекті мәселелерді халықпен бірге талқылап, шешімін табуға қолдау көрсетіп жатқан халық қалаулыларына бата беріп, істеріне сәттілік тіледі.
Депутаттар жұмыс кестесіне сәйкес, ауданымыздың белсенді жастарымен кездесті. Ашық аспан аясында басқосуда жастар өз ойларын ортаға салып, қоғамдағы болып жатқан өзекті және қызықты оқиғаларын айтып, ойында жүрген сұрақтарына жауаптарын алды.
Кейіннен, «KazPlast», «Қазығұрт» ӨК –не арнайы барып, мекеме қызметкерлеріне жолығып, оларды толғандырған сұрақтарына жауап берді.