«Бала шақтан болашаққа-ана тілімен»

Oinet.kz 16-07-2023 247

20.jpg

Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы залында «Бала шақтан болашаққа – ана тілімен» облыстық байқауы өтті. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен екінші рет өткізіліп отырған байқауға аудан, қаладан іріктелген мектепке дейінгі білім беру мекемелерінен тәрбиеленетін 16 бүлдіршін қатысты. 

Байқаудың мақсаты – мектепке дейінгі білім беру мекемелері бүлдіршіндерінің қазақ тілінде сөйлеу деңгейін көтеру, олардың ой-өрістерін, танымдық қабілеттері мен белсенділіктерін арттыру, сөздік қорларын молайту, өз ойларын тез әрі жылдам жеткізуіне ықпал ету. 

Байқау 3 кезеңнен тұрды: бірінші кезеңде қатысушылар өздерін, отбасын және балабақшасын таныстырды. Екінші кезеңде экранда берілген суретке қарап тақырыпты тарқатып, берілген тапсырманы бүлдіршін еркін сөйлеп, ойын ашық жеткізді. Ал, үшінші кезеңде үміткерлер өз өнерін көрсетті. 

Қазылар алқасы әрбір баланың өнерін тамашалап, өзара ақылдаса отырып шешім қабылдады. Атап айтқанда, Айша Оразбай бас жүлде иегері атанса, Айназ Бекмұрат жүлделі І орынды иеленді. Сонымен қатар Дінмұхаммед Сейтқазы, Амина Сапарбек жүлделі ІІ орынмен, Інжу Баттал, Айкөркем Базарбай, Қасиет Асқар ІІІ орынмен марапатталды.

Байқау талабы бойынша қазылар алқасы үміткерлердің өнерін бағалау кезінде бүлдіршіндердің тіл тазалығына, сөздік қорына, өз ойларын еркін жеткізе білу қабілетіне, киім үлгісі мен шығармашылық күрделілігіне баса назар аударылды.


«Серпін» жастарға берілген мүмкіндік
«Tourist Time» жобасы басталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу