«Tourist Time» жобасы басталды
«Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы мен «Turkistan» телеарнасы облыстың құрылғанына 5 жыл толуына орай бірлескен жаңа жобаның тұсауын кесті. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
«Tourist TIME» бағдарламасы — Түркістанның туризмін насихаттау мақсатында ойын-сауық форматында өткізіледі. Іс-шарада спорттық жарыстар, қызықты трендтегі ойындар мен шығармашылық тапсырмалар беріледі. Бағдарлама барысы «Turkistan» телеарнасында тікелей эфир арқылы көрсетіледі.
Жоба тұңғыш рет өткізілгеніне қарамай, «Tourist TIME»-ның мақсаты орындалды. Ойындарға облыстың аудандарынан бөлек, Тараз, Қызылорда және Алматыдан келген қонақтар белсене қатысты. Алғашқы бағдарламада су толтырылған шарды жару, батутқа секіру, алыптардың жарысы, турникке тартылу сынды 4 кезеңдік бәсекеден тұрды. Әр ойыннан жеңген жеңімпаздар өзара сайысты.
Түрлі сындардан сүрінбей финалға өткен қатысушылар, ұйымдастырушылардың арнайы жүлделермен марапатталды. Атап айтқанда, 1-орынға 5 жұлдызды «Rixos» қонақүйіне 2 адамға демалыс үшін сертификат, 2-орынға SPA-ға 2 сертификат, ал 3-орын иесіне кинотеатрға 2 билет табысталды. Іс-шарада қала тұрғындары мен қонақтарына викториналық сұрақтар қойылып, дұрыс жауап бергендер мейрамханаларға арналған жеңілдік карталарына ие болды.
«Tourist TIME» бағдарламасы әр жұма сайын сағат 20:30-да Түркістандағы «Ұлы Дала елі» орталығының алаңында өтеді.