«Серпін» жастарға берілген мүмкіндік
Түркістан облысында «Серпін» бағдарламасына құжат қабылдау жүріп жатыр. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Ауыл түлектеріне арналған бағдарлама аясында 2023-2024 жылғы оқу жылдарына 3 653 грант бөлініп отыр. Оған Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Жетісу облыстарының түлектері қатыса алады.
Жалпы өңірлерге гранттар саны нақты белгіленбеген. Бұл ретте, республика бойынша биыл бөлінген гранттың 30 пайызын түркістандық талапкерлердің иеленуге мүмкіндігі бар, яғни 1 400 түлек оқуға қабылданады деп жоспарланып отыр.
13 шілдеден бері «Серпін» бағдарламасы бойынша 18 университеттің өкілдері Түркістан қаласындағы «Жастар ресурстық орталығы» мен Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ-де, Шымкент қаласындағы М. Әуезов атындағы ОҚУ-де және Сарыағаш аудандық мәдениет үйінде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, құжат қабылдауды бастады. Бағдарлама аясында мемлекеттік грантқа құжат қабылдау 22 шілдеге дейін жалғасады.
Жалпы гранттар Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар, Қарағанды, Қостанай облыстарында орналасқан университеттерге бөлінеді. Гранттар техникалық ғылым, ауыл шаруашылығы, медицина саласын қамтиды.
Биыл 1 қыркүйектен бастап шәкіртақыны бакалавр студенттеріне 20 пайызға, магистратура студенттеріне 15 пайызға дейін өсіру жоспарланған.