Өнерлі өлке: Шардара Түркістан аспанын әнге бөлейді
«Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Шардара ауданының Түркістан қаласындағы мәдениет күндері басталды. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Мәдени шараны Шардара ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев пен облыстық мәдениет және туризм басқармасының бөлім басшысы Мұқағали Кенжетайұлы, сонымен қатар қала тұрғындары мен қонақтары тамашалады.
Ауданның мәдениет күндері Этноауыл аумағында «Шежірелі өлке өрнектері» атты қолөнер, қылқалам шеберлерінің көрмесімен басталды. Сонымен қатар «Шардара-Армспорт» клубының арнайы көрмесі, «Сыр шерткен Сырдың қойнауы» атты Шардара аудандық тарихи өлкетану мұражайының көшпелі көрмесі мен «Түркістан – текті төріміз» атты кітап көрмесі жасақталды.
Шара барысында киіз басу, құрақ құрау сынды қолөнер бұйымдарының жасалу технологиясынан туристерге мастер-класс өтті. Алтыбақан аясында «Сахара сазы» атты ақындар айтысы мен «Халық әні – қазынам» халықтық фольклор өнері көпшілікті тәнті етті. Күн соңы «Салт-дәстүрім – алтын қазынам» атты әдеби-сазды композициялық қойылымымен аяқталды. Аталмыш қойылымда ұлттық тағамдар көрмесі, ұлттық киім сән үлгілері, «Баланың бауырынан табақ жүгірту», «Тұсау кесер», «Біз шаншыр», «Шеге шапан», «сырға салу» және жас отауды қолдау сынды ізгі дәстүрлер көрсетілді.
Шардара ауданының мәдениет күндері үш күнге жоспарланған. Ертең, 8 шілде күні сағат 20:00-де «Visit Turkistan» орталығы алаңында «Жайнай бер, Шағалалы Шардара!» атты аудан көркемөнерпаздарының қатысуымен Гала-концерт өтеді. Кеш жүргізушілері – пародист, әнші Сырымбет Бибосынов және Ырысбала Икрамбай. Кешке сазгер, әнші Қазыбек Құрайыш, Мөлдір Бақытжанқызы, Айзада Әлімбек, Ибрагимовтар отбасылық ансамблі, Шахзод Сана, Лұқпан Байқожа, және тағы да басқа ауданнан түлеп ұшқан өнер жұлдыздары қатысады.
Ал 9 шілде күні сағат 18:00-20:00 аралығында Этноауыл аумағында Шардара ауданы диқандарының ауылшаруашылық өнімдерінің көрмесі мен «Ұлттық ойындар – ұлттық тәрбие құралы» атты спорт түрлерінен сайыстар өтеді.