Төлеби ауданы: Білім саласында тың жобалар қолға алынды
Түркістан облысы Төлеби ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында жоспарлы әкімдік жиыны өтті. Мәжілістің күн тәртібінде 3 мәселе талқыланып, оған аудан әкімі Төлеген Телғараев төрағалық етті. Басқосуға аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров, аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық ардагерлер және қоғамдық кеңес төрағалары, қала, ауылдық округ әкімдері, дербес бөлім және мекеме басшылары қатысты. Бұл туралы Төлеби ауданы әкімдігінің баспас қызметі хабарлады.
Күн тәртібіне сай «Жалпы білім беретін мектептердің 2022-2023 жылдардағы білім сапасының қорытындысы туралы», «Кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасында қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша ауданда атқарылған жұмыстардың барысы туралы» аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысының міндетін уақытша атқарушы Бегайдар Тойлыбаев баяндады.
Бегайдар Адамбекұлы білім беру саласында жүзеге асқан жобаларымен, алдағы жоспарларымен таныстырды. Аудандағы 68 білім беру ошағында балалардың білімге деген құштарлығын арттырып, ата-анамен тығыз байланыста болу мақсатында «Ақылдасу» сабағы енгізілгенін айтты. Жалпы, биылғы оқу жылында 4 сыныпты - 2753 оқушы, 9 сыныпты -2626 оқушы, 11 сыныпты -1513 оқушы бітірді. «Алтын белгі» белгісін 51 оқушы, «Үздік аттестатқа» 145 оқушы ие болды. 2022-2023 оқу жылында 1111 оқушы мемлекеттік грантқа түсу үшін ҰБТ-ға өтініш берді. Жалпы ауданда -3785 мұғалім қызмет атқарса, 2278 мұғалім жаңа форматтағы біліктілік санаттарын алған. Жалпы ауданда -3785 мұғалім қызмет атқарады. Ұстаздарды кәсіби қолдау шаралары тұрақты түрде жүргізілуде. Білім сапасын арттыруға бағытталған жобалар жүзеге асып, оқушылар облыстық, республикалық пән олимпиадаларының жүлдегері атануда.
Жастар мен кәмелетке толмағандардың арасында болатын құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың басым көпшілігі түнгі уақыттарда болатынына байланысты, Төлеби аудандық полиция бөлімінің Ювеналды полиция тобының қызметкерлерімен бірігіп, әр аптаның сенбі, жексенбі және мереке күндері жастар көп шоғырланатын орындарға, кафелерге, ойынханаларға, саябақтар мен скверлерге 5 айда 28 рейд жүргізілген. Барлық мектептерде «Жас полицей» үйірмелерінің жоспарына сай жолдан өту, өмір қауіпсіздігін сақтау бойынша видеороликтер көрсетіліп, тәрбие сағаттарында талдау жасалған.
Аудандық полиция бөлім кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі аға инспекторы Камалов Мұрат ювенальды полиция тобының қызметкерлерімен кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын-алу бойынша атқарылған жұмыстар бойынша қосымша хабарама жасады.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе «Аудан аумағындағы көп балалы және тұрмыс деңгейі төмен отбасыларына қолдау көрсету шаралары туралы» аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Рабиға Бейсебаева баяндама жасады. Рабиға Ермекбайқызы көпбалалы отбасыларды қолдаудың кешенді моделі құрылғанын, оның ішінде мемлекеттік жәрдемақылар, әлеуметтік төлемдер, жұмыспен қамту шаралары, бар екенін айтып, «Қамқорлық» бағдарламасы негізінде қолдауға зәру отбасыларына көрсетіліп көмек жөнінде әңгімеледі.
Мәжілісте талқыланған мәселелердің маңыздылығын ескере отырып, әкімдік мүшелері сұрақтар қойып, көтерілген мәселелер жан-жақты талқыланды. Жиын соңынан күн тәртібіндегі мәселелер бойынша әкімдік қаулысы қабылданды.