Мақсат-жемқорлыққа қарсы иммунитетті қалыптастыру
Түркістан облысы Төлеби ауданында бекітілген кестеге сай, аудан әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия мәжілісі өтті. Бұл туралы Төлеби ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мәжілістің күн тәртібінде: «Сыбайлас жемқорлықты болдырмау және Қазақстан Республикасының заңнама талаптарын сақтау мақсатында профилактикалық жұмыстардың орындалуы бойынша мемлекеттік мекемелердің есептерін тыңдау» мәселесі қаралды. Аталған тақырып бойынша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы С.Қалдыбаев, Көксәйек ауылдық округінің әкімінің орынбасары С.Тәжиев баяндама жасады.
Сыбайлас жемқорлықтың қоғамда белең алуы ең алдымен мемлекеттің сонымен бірге, сот пен барлық құқық қорғау органдарының беделіне зор нұқсан келтіреді. Сыбайлас жемқорлық ел экономикасының көтерілуіне үлкен кедергі келтіріп отырған қоғамымыздың ең басты қауіп-қатерлерінің бірі болып табылатыны сөз болды. Еліміздің дамуына кері әсерін тигізіп отырған сыбайлас жемқорлықты болдырмау, алдын-алу мақсатында елімізде көптеген іс-шаралар жоспарланып, жүзеге асырылуда.
Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік – экономикалық даму, нарықтық экономиканы құру инвестициялар тарту процесін баяулататын және демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсер ететін, елдің даму болашағына айтарлықтай қауіп төндіретін құбылыс. Сондықтан, жемқорлыққа қатысты атқарылған жұмыстар аз емес.
Баяндамшылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағытында түрлі жиындар, кездесулер, түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін айта келе, қызмет барысында кемшілікке жол берген қызметкерлерге көрілген шара жөнінде айтты.
Комиссия отырысын қорытындылаған аудан әкімі Төлеген Телғараев жемқорлықтың алғышарттарын жою бойынша кешенді жұмыс жүргізуге, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетті қалыптастыруға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған шараларын жұмысын жалғастыруды тапсырды. Комиссия шешімімен мемлекеттік органдарға заңдылықты бұзу фактілеріне қатысты мәселелерді реттеу және алдағы қызметте оларға жол бермеу шараларын қарастыру тапсырылды.