Сайрам: Өзекті мәселелерді шешу жолдары талқыланды

Oinet.kz 03-07-2023 457

51.jpg

Түркістан облысы Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитов «Ақсукент ауылының тазартқыш имараттарын қайта құру» нысанында болды. Аталған нысанның құрылысы "ХМСУ Шымкентмелиорация" ЖШС тарапынан 2017 жылы басталған болатын. Жобаның негізгі мақсаты – Ақсу ауылындағы көпқабатты үйлерден шығатын шайынды суларды сүзгіден өткізіп, егістікке ағын су етіп жіберу.

Сайрам ауданы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, мердігер мекеменің кейбір жұмыстары бекітілген талаптарға сәйкес келмегендіктен нысан қабылданбаған. Және кемшіліктері жайында бірнеше рет сотқа жүгінген. 

Тағы бір айта кетерлік жайт, құрылыс жұмыстарының толық бітпеуі, мердігер мекеменің кемшіліктері мен іс-әрекеттері бойынша Қарабұлақ ауылының тұрғындары тарапынан республикалық телеарналар мен блогерлер шақырып, наразылық акцияларын ұйымдастырған болатын.

Өзекті мәселені шешу жолдарын қарастыру мақсатында арнайы барған аудан басшысы А.Сәбитов мердігер мекеме басшылары мен жауапты қызметкерлер бірге талқылады. Нәтижесінде аудандық ТҮКШЖКжАЖ бөлімінің басшысы Б.Бейсембаевқа нақты тапсырмалар жүктеді. Яғни 13-шілдеге дейін тиісті бөлім, Қарабұлақ әкімшілігі және "Сайрам тазалық" ЖШС тарапынан жауапты мамандар бекітіліп, күнделікті бақылау жасайтын болады. Сонымен қатар, нысанның жұмысы бойынша лабораториялық сараптама қорытындысын алу керек. Ал, техникалық талаптарға сәйкес келмейтін тұстары бойынша тиісті орындарға арнайы хатпен шығып, жауабын алу қажет. 

Аталған нысан аудандағы ең ірі жобалардың бірі болып саналады. Барлығы заңнама талаптарына сай іске қосылатын болса, маңызды мәселе оң шешімін тапқан болар еді.

Сондай-ақ, аудан басшысы Ақсукент-2 аумағындағы 172,8 га бос жер аумағына барды. «Изриал алқабы» деп аталатын аумақтың 96 гектары жеке меншікте болса, 76,8 гектар жалдау құқығымен берілген. 

Аталған жерді іске асыру, тиімді пайдалану мақсатында бас жоспар әзірленген. Яғни, көпқабатты тұрғын үй кешені, қоғамдық-мәдени демалыс аймағы мен кәсіпкерлік нысандару салу жоспарланған. Ол үшін жер учаскелерін мемлекет меншіге қайтару керек. Бұл жайында аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Н.Абылғазиев толық баяндады.

Бас жоспармен танысқан аудан әкімі А.Сәбитов бұл мәселеге егжей-тегжейлі зерделеу жұмыстарын жүргізу қажеттігін айтты:

«Бұл өте маңызды мәселе. Әрбір әрекетті заң аясында тиімді жасауға тиіспіз. Кез-келген құрылыс тұрғындардың пайдасы үшін болған абзал. Сондықтан да, бас жоспарды қайта қарап шығып, нақты жұмыстар жүргізуді тапсырамын»,- деді аудан басшысы.


52 жас бизнес-жоспарын қорғады
Сайрам: Елді мекендердің проблемалары талқыланды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу