Жартытөбенің жолдары 100 пайыз асфальтталады
Қазақстанда азаматтардың негізгі қызметтерге теңдей қолжетімділігін қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық жағдай мен көлік байланысын жақсарту мақсатында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйверлері» Ұлттық жобасы құрылған болатын.
Бұл жоба 2021 жылы іске қосылды. Ол тұрғын үй-коммуналдық және инфрақұрылымды дамытуға арналған бірнеше мемлекеттік бағдарламаларды біріктіргенін айта кеткен жөн. Бұл оларды іске асыруды жеделдетуге мүмкіндік берді. Өйткені олар ұлттық жоба аясында бюджеттік қаржыландыруда басымдыққа ие. Аталған жоба аясында Түркістан облысындағы елді мекендерпдің жолдары жөндеуден өтуде.
Мәселен қазір Созақ ауданындағы жолдарға жөндеу жүргізілуде. Аудандағы Жартытөбе ауылының екі көшесі мен Аққолтық елдімекенінің бес көшесіне асфальт төселеді. Сондай-ақ, ауыл округке қарасты елдімекендердің ішкі көшелері 100 пайыз асфальтпен қамтылмақ. Бұл туралы жуырда аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Жартытөбе ауыл округі тұрғындарымен өткізген есептік жиында мәлімдеді.
Бабата елдімекенінде Б.Есжанов көшесі мен Жартытөбе ауылының Иманқұлұлы көшесіне аяқжол төселіп, көшеге жарықтандыру жұмыстары жүргізілген болатын.
Сонымен қатар, тұрғындар сұранысына орай Бабата елдімекенінде «Беккери» шұңқырының құрылысы басталып, пайдалануға берілмек. Одан бөлек, Жартытөбе елдімекенінің кіші футбол алаңының газоны ауыстырылып, қоршауы 1,5 метр биіктікке көтеріледі.
Жиында тұрғындар атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, ұсыныс-пікірлерін жолдады.