Жетісай: Елдімекендердің инфрақұрылымы толық шешімін табады
Өңірде жергілікті тұрғындармен кездесулерде көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен оң шешімін тауып жатыр. Осыған дейінгі Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытовтың Ж.Ералиев ауылдық округі тұрғындарымен өткен есептік кездесуінде округке қарасты Абай елді мекені, Бірлік көшесінің тұрғыны Бекжан Усманов жолға байланысты мәселе көтерген еді. Ол мүмкіндігі шектеулі, жүріп-тұруы қоларбаға тәуелді екендігін айтып, кедергісіз орта қалыптастыру мақсатында көшені асфальттап беруді сұраған болатын. Айтылған өтініш бойынша берілген уәде орындалды.
Түркістан облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі таңда аудан басшысының тікелей бақылауымен «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Абай және Арай елді мекендеріндегі көшелерге жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін Арай, Абай және Үтіртөбе ауылдарында 442,9 млн. теңгеге жалпы 9 көше орта жөндеуден өтеді.
Бұдан бөлек, елді мекендерді су басу қаупінің алдын алу бойынша Бәйтерек және Сейфуллин ауылдарынан арық-атыздар қазу жұмыстарына 8,8 млн теңге бөлінді. Ал Бәйтерек елді мекенінен дәрігерлік амбулатория салу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуге 10,9 млн. теңге, Көктөбе елді мекенінен фельдшерлік-акушерлік пункт салу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуге 8,3 млн. теңге қаралған.
Елді-мекендердегі инфрақұрылымды дамыту жұмыстары қарқын алды. Сейфуллин елді мекенінің ауыз су жүйелерін қайта құруға 610,6 млн. теңге, Жазықсай елді мекеніндегі ауыз су құбырларын ағымдағы жөндеу, ауыз су жәшіктерін орнату жұмыстарына 25 млн. теңге бөлінді. Жаңадан түскен Арай, Абай, С.Сейфуллин, Жетіқазына, Үтіртөбе, Көктөбе, Бәйтерек, Ғ.Мұратбаев көшелеріне электр желілерін жүргізуге және трансформатор (КТП) орнату үшін жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге 6,5 млн.теңге қаралды. Ғ.Мұратбаев ауылының газ өткізгішінің құрылысына (түзету) 60,4 млн. теңге, Жетіқазына, Ә.Әлімбетов елді мекендерінің газ өткізгіш құрылысына жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуге 4,9 млн. теңге қаралды. Сондай-ақ Бәйтерек ауылындағы спорт алаңшаның құрылысына 11 млн. теңге, Үтіртөбе ауылындағы бассейн және балалар алаңшасын салуға 18,7 млн. теңге жергілікті бюджеттен бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылып жатыр.