Мақсат -мемлекеттік қызметке білікті жастарды тарту
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Өркен Балажанов Төлеби ауданына арнайы іс-сапармен келді. Өркен Бәйділханұлының аудан әкімдігінің мәжіліс залында мемлекеттік қызметшілермен кездесу жиынына аудан әкімі Төлеген Телғараев төрағалық етті.
Төлеби ауданы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, департамент басшысы кездесуде мемлекеттік қызметке енген өзгерістерді, Әдеп Кодексінің талаптарын түсіндірді. Кездесу барысында мемлекеттік қызмет заңнамасына енгізілген жаңашылдықтармен бөлісіп, бұл сала қызметкерлеріне қойылатын талаптардың күшейтілгенін айтты. Мемлекеттік қызметшілер заңдылықты сақтай отыра, халыққа қызмет ету қажеттігін түсіндірді. Мемлекеттік қызметке білікті жастарды тарту, жас мамандардың аудандар мен ауылдық жерлерге оралуын ынталандыру, сондай-ақ өңірлердегі кәсіби кадрлар тапшылығын азайту мемлекеттік қызметке келу үдерісін жеңілдету мақсатында ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының түлектері, мемлекеттік грант есебінен оқуын ойдағыдай аяқтаған ЖОО үздік түлектері конкурстық іріктеуден өтпей-ақ аудандар мен ауылдардағы төменгі қызметтерге орналаса алатынын жеткізді. Сондай-ақ, «Б» корпусының белгілі бір санаттағы лауазымдарына уәкілетті органның келісіммен тікелей тағайындалатынын түсіндірді.
"Б" корпусы қызметшісінің екі жыл қатарынан қанағаттанарлықсыз баға алуы, ол біліктілік талаптарына сай келген және төмен тұрған бос мемлекеттік лауазым болған жағдайда, оның мемлекеттік лауазымын төмендетуге әкеп соғатынын, төмен тұрған бос мемлекеттік лауазым болмаған кезде мемлекеттік қызметшіге басқа бос мемлекеттік лауазым ұсынылатынын айтты.
Мемлекеттік қызметшілердің қызметін бағалаудың нәтижелері негізінде бонустар төлетінін айтып, қызметтік іс-сапар кезінде бөлінетін қаражатқа қатысты сұрақтарға жауап берді.
Жиын барысында ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Түркістан облысы бойынша филиалының білім беру бағдарламаларын іске асыру және ілгерілету кабинетінің меңгерушісі Алия Ахметова «Жұртшылық алдында жария сөз сөйлеу дағдылары» тақырыбында тренинг өткізді.
Өркен Балажанов аудан активімен кездесуден кейін ардагерлер, депутаттар, жас мемлекеттік қызметшілердің қатысуымен еркін форматтағы жиын өткізді. Жиын барысында Өркен Бәйділханұлы ұлы ойшылардың сөздерін, философиялық пікірлерін келтіре отыра әңгіме өрбітіп, келісімшарттық қызметшілер ұғымы енгізілгені айтылып, ол жөнінде түсіндірмелер берілді.
Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметке орналасуда артық кедергілерді жою және мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдету туралы тапсырмасына сәйкес Мемлекеттік қызмет туралы заңға қажетті түзетулер енгізілгенін айтты.
Әдеп кодексіндегі іскерлік әдеп пен ресми мінез-құлық қағидаларын түсіндіріп, Мемлекеттік басқару академиясына оқуға түскен мемлекеттік органның қызметшісі міндетті түрде сол органда жұмыс өтеуі тиіс талабы алынып тасталғанын, бірақ мемлекеттік қызметте 3 жыл жұмыс өтеу талабы қалдырылғанын айтып өтті.
Қызметке алғаш рет кірген мемлекеттік қызметшілер лауазымдарына сәйкестігін тексеру мақсатында 3 ай сынақ мерзімі белгіленіп, тәжірибелі мамандар арасынан тәлімгерлер бекітілетінін жеткізді. Әдеп Кодексінің талаптарына сай, мемлекеттік қызметшілер өздерінің күнделікті жұмысында қарапайымдылық, әділдік, адалдық сияқты принциптерді ұстану керектігін айтты.
Жиын барысында ауданның зейнеткерлері мен мемлекеттік қызмет ардагерлерін және белсенді азаматтарын мемлекеттік қызметшілердің атқарып жатқан игі істеріне қолдау көрсетіп, кейінгі буын жастарға сабақтастық пен тәжірибелерін бөлісуге шақырды.
Кейіннен Ленгір қаласы әкімі аппаратының жұмысымен танысып, мемлекеттік қызметшілермен кездесті. "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы КЕ АҚ Түркістан облыстық филиалының Халыққа қызмет көрсету бойынша Төлеби аудандық бөлімшесінің жұмысына көңіл бөліп, атқарылған жұмыстарға назар аударды.