Төлеби ауданы биыл газбен толық қамтылады
Түркістан облысы Төлеби ауданында 2023 жылдың соңына дейін табиғи газбен қамтылғандар санын 100 пайызға жеткізу жоспарлануда. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазіргі таңда бұл бағытта қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Қасқасу ауылдық округіне қарасты Қасқасу, Жоғарғы Қасқасу, Керегетас, Кеңесарық елді мекендерін табиғи газбен қамту бағытындағы құрылыс жұмыстары жүргізіліп, жалпы 67,11 шақырым ПЭ құбыры, 8,0 шақырым темір құбыры тартылып, 800-ге жуық ГРПШ орнатылды. Бүгінде қосымша 105 үйге ГРПШ қойылуда.
Мердігер мекеме – «Azia RS» ЖШС. Аталған төрт елді мекенді көгілдір отынмен қамту жұмыстары өткен жылы басталды.
Бұдан бөлек, аудан орталығы – Ленгір қаласына қарасты Күмістөбе, Кенші көшесі, Достық елді мекенінің Астана көшесі, Киелітас елді мекеніндегі Қарауылтөбе және Қорған көшелері, Қарақия елді мекеніндегі Қарақия көшесіне жалпы 13,8 шақырым газ құбыры тартылып, 118 ГРПШ қойылды. Қазіргі таңда құбырларға сығымдау жұмыстары атқарылуда. Бекітілген кестеге сәйкес, құрылыс жұмыстарын аяқтау тамыз айына жоспарланған.
Айта кетейік, бүгінде аудандағы 55 елді мекеннің 51-і орталықтанған табиғи газбен толық қамтылған.