Келесте елді мекендердің 72 пайызы газға қосылған
«Қуатты өңірлер-ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін елді мекендердің инфрақұрылымға деген толық қолжетімділігін қамтамасыз ету көзделіп отыр. Осы мақсат аясында Түркістан облысында бірқатар оң тірліктер бар.
Мәселен жуырда Келес ауданындағы Қошқарата ауылдық округіне қарасты Мақташы және Алғабас елдімекендеріне табиғи газ берілді. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Қос ауыл тұрғындарының көптен күткен қуанышын бөлісуге Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев арнайы қатысып, жұмыстар жоспарға сай аяқталып, халыққа мерзімінде газ беріліп отырғандығын жеткізді.
- Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлы елдімекендердегі газға қатысты жобаларды жедел аяқтап, газбен қамту жұмысын жандандыруды тапсырған болатын. Өңірде осы бағытта жұмыстар белсенді жүріп жатыр. Бүгін Мақташы және Алғабас ауылындағы 258 үйді газға қосуға мүмкіндік туып отыр. Баршаңыздың шаңырақтарыңызға амандық, саулық және жылулық тілеймін, - деді аудан басшысы.
Аудан әкімі Жәнібек Есенұлы салтанатты рәсімнен соң жергілікті тұрғындармен тілдесіп, олардың пікірлері мен ұсыныстарын тыңдады. Аудан аумағында атқарылып жатқан шараларға тоқталып, алдағы жоспарлармен бөлісті.
Ауыл тұрғындарын осы қуанышымен құттықтай отырып, газ мамандары тұрғындарға көгілдір отынды қауіпсіз пайдалану ережелері көрсетілген жадынамаларды таратты.
Келес ауданында 133 753 тұрғын, 83 елдімекен бар. Оның ішінде 60 елдімекен табиғи газбен қамтылған. Яғни елдімекендердің 72,3%, тұрғындардың 94,4% газдың игілігін көріп отыр. Бұл ретте, бүгінгі таңда 14 361 абонент бар. Биыл Келес ауданы бойынша 9 елдімекенді табиғи газға қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Еске сала кетсек, таяуда ауданға қарасты үш ауылға, яғни Қошқарата ауылдық округінің Жаңақоныс, Бесауыл, Жамбыл-1 елдімекендеріне табиғи газ берілген болатын.