Мақтаралдың әкіміне бюджет түсімін ұлғайту тапсырылды
Түркістан облысындағы әрбір аудан, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты түрде зерделеніп, жұмысын нашар атқарған басшылар мен мемлекеттік қызметшілерге шара көріледі. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды осы бағыттағы жұмыс сапарын Мақтаарал ауданында жалғастырып, аймақтың өзекті мәселелерін талқылады. Халықпен алғашқы жартыжылдықтағы кездесулерде көтерілген мәселелердің шешу жолдары, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы да сараланып, аудан әкіміне тиісті тапсырмалар берілді.
– Бүгін біз Мақтаарал ауданындағы өзекті мәселелерді талдауға және олардың шешу жолдарын қарастыру үшін жиналып отырмыз. Біз сынау үшін емес, түзеу үшін келдік. Ауданда шешімін таппаған мәселелер көп. Экономикалық, әлеуметтік салалар бойынша, сондай-ақ, инфрақұрылым мен абаттандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тұрғындардың көңілі толмайды. Кемшіліктерді жою үшін бір ай мерзім беремін. Салық базасын ұлғайту бойынша резервтер көп. Мемлекеттік кірістер басқармасымен бірлесе аудан бюджетінің түсімдерін ұлғайтуды қолға алыңыз. Ауданның дамуы бойынша басты бағыттарды белгілеп, даму жоспарын әзірлеп, инвестициялық климатты жақсарту қажет. Жаңа өндіріс орындарын ашып, тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етуге басты назар аударуды тапсырамын. Тазалық мәселесін күнделікті қамтамасыз етуді қолға алу керек. Тексеру келеді деп тазалық жасау – көзбояушылық. Жұмыстар тынымсыз жүргізілу керек. Біз сіздерден нәтиже күтеміз, – деген Дархан Сатыбалды кемшілікке жол берген басшыларға ауызша ескерту берді.
Мақтааралдың даму барысы талқыланған мәжілісте Дархан Сатыбалды аудан әкіміне инвестиция тарту, кәсіпкерлерге қолдау көрсету, тұрғындарға мемлекеттік бағдарламалар мен жеңілдіктер туралы ақпарат беру, ауыл шаруашылығын жандандыру, инфрақұрылымды жақсарту, білім саласын жаңғырту және өзге де мәселелер бойынша жұмыс атқаруды тапсырды.
Басқарма басшыларымен бірлесе еңбек етуді жүктеді. Жиында әрбір орынбасар мен бөлім басшыларының уәждері тыңдалды.
Мәжілісте Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Барлық саладағы көрсеткіштер баяндалып, қаржыны талап ететін жобалар да айтылды.
Облыс әкімі аппаратының тарапынан Мақтаарал ауданының өзекті мәселелері талданып, бірқатар кемшіліктер анықталды. Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов Мақтааралды дамыту барысындағы кемшіліктерді баяндады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығының өнім көлемі, құрылыс жұмыстарының көлемі бойынша жоспар орындалмаған. Өзге де салалар зерделеніп, өзекті проблемалары қозғалды.
Бұл көрсеткіштер аудан әкімдігі тарапынан ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы жағдай жасамағанын көрсетеді. Салық салу базасын ұлғайтудың орнына, ауданда керісінше өзіндік кірістердің үлесі төмендеген. Сондай-ақ аудан аумағында орналасқан салық салу объектілері салық декларациясында жалдамалы жұмысшылардың санын төмендетіп көрсетеді.
Жастарға несие беру жобасының орындалуы әлсіз. Денсаулық сақтау саласында ауданда бірқатар өзекті мәселелер бар.
Әкім тапсырмасына сәйкес, облыс әкімі аппараты тарапынан аудандағы жалпы мемлекеттік әлеуметтік нысандардың, жол, санитарлық тазалығы, көпқабатты тұрғын үйлердің жағдайларына зерделеу жұмыстары жүргізілді. Бірқатарының жай-күйі сын көтермейді.
Жаңа форматтағы кездесулер бойынша қорытынды шығарылып, нәтижесі бойынша тиісті жұмыстар жасалады. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды барлық аймақтарды аралап, әрбір ауданның даму барысын, жұмыстарын саралауда. Мәселелерді шешу жолдары қаралып, тапсырманы орындалу мерзімдері белгіленеді. Барлық сала зерделенеді. Осы арқылы өңірді дамыту жұмыс сапасын жақсарту, елдің өтініштері мен ұсыныстарын сапалы орындау, облыстың даму көрсеткішін жақсарту көзделіп отыр.
Ауданға жұмыс сапары барысында облыс басшысы Мырзакент кентіндегі құрылысы жүріп жатқан Орталық саябақты реконструкциялау жұмыстарымен танысты. Нысан құрылысы 2022 жылдың қазан айында басталған. Орталық саябақ 2024 жылдың соңында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Мердігер мекемелердің басшыларымен кездескен Дархан Сатыбалды жауапты басшылардан сапалы жұмыс жүргізуді және уақытылы пайдалануға тапсыруды талап етті.