Түркістан: 204 жас бағдарламаға қатысуға ниет етті
Жастарға арналған ең тиімді мемлекеттік бағдарламалардың бірі - 2.5 пайыздық шағын несие беру. Осы мүмкіндікті ұтымды пайдалану мақсатында жергілікті жерлердегі NEET санатындағы жастар мен оқу орындарында ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізілген болатын. Нәтижесінде өз кәсібін бастауға ниеттілер қатары артуда.
Мәселен, бүгінгі күнге дейін облыс бойынша жалпы 204 жас бағдарламаға қатысуға қызығушылық танытты.
Аудан, қала бөлінісі бойынша:
• Түркістан қаласы - 7;
• Арыс қаласы -9;
• Кентау қаласы - 3;
• Бәйдібек ауданы - 6;
• Жетісай ауданы - 2;
• Қазығұрт ауданы - 46;
• Мақтаарал ауданы - 3;
• Отырар ауданы - 15;
• Ордабасы ауданы - 24;
• Сайрам ауданы - 15;
• Сарыағаш ауданы - 26;
• Сауран ауданы - 9;
• Төлеби ауданы - 14;
• Түлкібас ауданы - 14;
• Шардара ауданы бойынша - 11 үміткерден өтінім келіп түсті.
Түркістан облысы бойынша барлық аудан, қалада ондағы ауылдар мен елді мекендерде «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің мамандары арнайы насихаттық топ құрып ауыл округтерін аралап жастарға мемлекеттік бағдарламалар бойынша түсіндірме жұмыстарын жалғастыруда. Мамандар 4 қала, 2 кент, 29 а/о, 7 ауыл, 17 елді мекенді аралап, 1448 жасты ақпаратпен таныстырып үлгерді.
Жуырда 2,5 пайыздық несиені алуға ниет білдірген талапкерлердің бизнес-жоспарымен танысу мақсатында комиссия отырысы өткізілді. Оған өңір бойынша 25 жоба ұсынылып, оның 23-і комиссия қарауынан өтті.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Мемлекет экономикалық еркіндікті қолдайды. Бірақ халықты нарық тұрақсыздығының ықпалынан барынша қорғайды. Шағын және орта бизнесті мейлінше дамытады», – деп кәсіпкерлерге айрықша қолдау көрсетілетінін ерекше атап көрсеткен болатын. Мұндағы негізгі мақсат – шағын және орта бизнесті ел экономикасының басты драйверіне айналдыру болып саналады.
Осы мақсатта елімізде өз кәсібін ашып жұмысын жүргіземін деген жастарға қолдау ретінде 2,5 пайызбен несие беру жүзеге асырыла бастады. Осынау тамаша мүмкіндікке 21-35 жас аралығындағы кәсіпкер ретінде тіркелген кез келген тұрғын өтінім бере алады. Егер үміткердің құжаттары несие алу шарттарының талабына сай келсе, осы қолдауға ие болуға толық мүмкіндігі бар.
Бұл бағдарламаның тиімділігі жастарды қолдай отырып, олардың арасындағы жұмыссыздықты азайтуға ықпал етеді. Сонымен қатар жас кәсіпкерлер несиеге қол жеткізіп, өз жұмысын жандандырса, елде бизнес нысандарының қатары да арта түсерін анық. Дәл бүгінгідей нарықтық заманда бос жүрген жастар өз кәсіптерін ашып, жеңілдетілген несие немесе грант алуға ұмтылуы қажет.