Түркістандық әкімдер мен мемқызметшілер жұмысқа ұлттық киіммен шықты
Түркістан облысында Наурыз мерекесі 10 күн бойы елдің еңсесін көтеретін игі іс-шаралармен өрнектеліп жатыр. Бүгін, 15 наурызға «Наурыз – ұлттық дәстүр мен меймандостық мерекесі» деп айдар тағылып, барлық аудан, қалада әкімдіктері мен мемлекеттік мекеме қызметкерлері жұмысқа қазақтың ұлттық киімін киіп келді.
Ұлттық болмысымызды, мәдениетіміз бен киімімізді дәріптеуге арналған бастаманы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бастап берді. Әріптестерін келе жатқан Наурыз мерекесімен құттықтаған өңір басшысы облыс әкімі аппаратының кезекті отырысын өткізді.
– Сіздерді ұлттық киімде көріп көңілім көтеріліп кетті. Ұлттық киім мемлекеттік қызметшінің болмысын ерекше етіп көрсетеді. Мәдениетіміз бен дәстүрімізді қолдаған жөн. Наурыз жақсылығымен келіп, халқымыздың берекесі арта берсін, – деген Дархан Сатыбалды күн тәртібіндегі мәселелерді талқылап, тапсырмалар берді.
Облыстық басқарма басшылары мен қызметкерлері, аудан, қала әкімдері мен әкімдік ұжымдары да жұмысқа ұлттық киіммен келіп, бастамаға қолдау көрсетті. Түркістан өңірінің мемлекеттік қызметшілері алдағы уақытта да ұлттық киім киюді дәстүрге айналдыруды көздеп отыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі