«Amanat»: Былтыр 168 экологиялық заңбұзушылық анықталған
Бүгін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Экология жөніндегі қоғамдық кеңестің 2023 жылғы алғашқы мәжілісі өтті. Онда облыс көлеміндегі экология жөніндегі негізгі мәселелер және оларды шешу жөніндегі шаралар талқыланды.
Кеңес отырысына облыстық партия филиалының төрағасы Алтынсары Дүйсенбекұлы, өңірлік кеңестің төрағасы Кеңес Әуен, облыстық экология департаментінің басшысы Қанат Қалмаханұлы, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Ізтілеуов, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Байдулла Жұмадуллаұлы, Кентау қаласы әкімінің орынбасары Қуаныш Искаков, кеңес мүшелері, партия қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Қанат Қалмахан баяндама жасады. Айтуынша, облыс аумағында орын алып жатқан Экологиялық ахуал күрделенуде. Атап айтқанда бей-берекет заңсыз қалдықтар орындарының көбеюі, қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигондардың талаптарға сай келмеуі және заңсыз жер қойнауын пайдалану өзекті мәселесі болып тұр. Бүгінгі таңда облыс аумағында 160 қатты тұрмыстық қалдықтарды көму полигоны бар. 2022 жылдың қорытындысына сәйкес, облыс көлемінде «Ғарыш сапары» түсірілімдерінен 404 бей-берекет қоқыс орындары анықталып, қазіргі таңда 100% тазалау жұмыстары жүргізілген.
Ал, Заңсыз жер қойнауын пайдалану дерегі бойынша аса ірі көлемде залал келтірген 18 дерек анықталған. Нәтижесінде қоршаған ортаға келтірілген залал 4 455 929 751 тенгені құрап, қылмыстық құрам анықталуына байланысты Түркістан облысының құқық қорғау органдарына жолданған. Былтыр департамент тарапынан 51 тексеру жұмыстары жүргізіліп, 168 экологиялық заң бұзушылықты анықтады. Тексеру қорытындысы бойынша 197 жеке және заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 1 669 493 092 тенге айыппұл салынды, оның ішінде 1 664 241 511 тенге айыппұл өндірілді.
Экологиялық мәселелерді кешенді шешудің Жол картасы бойынша атқарылған іс шаралардың қазіргі таңда атқарылу мерзіміне сәйкес 9 іс шара орындалды. Дегенмен департамент басшысы Жол картасын қайта әзірлеп, жұмысты жандандыру керектігін алға тартты.
Сондай-ақ Кентау және Түркістан қалаларында санитарлық тазалықты қамтамасыз ету, жеке тұлғалардан тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау бойынша 2022 жылы атқарылған жұмыстар туралы хабарлама тыңдалды.
Айта кетейік, өңірімізде көше тазалығы жұмыстары бойынша тұрғындармен түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, көше бойына қоқыс тастамау жөніндегі арнайы белгілер орнатылуда. Сонымен қатар, кестеден тыс уакыттарда және белгіленбеген орындарға қоқыс тастаған тұрғындарға жергілікті учаскелік полиция тарапынан хаттамалар толтырылып, айып салу жұмыстары ұйымдастырылуда.
Жиын соңында өңірлік кеңес төрағасы Кеңес Әуен ұсыныс-пікірлердің назарға алынғанын жеткізіп, мәжілісті қорытындылады.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі