Қамқорлығын нақты істері арқылы көрсетіп жүрген азамат

Oinet.kz 17-11-2022 258

Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы «Туған жерге тағзым» жобасы көптеген кәсіпкерге ой салып, игі істерге демеуші болуға бастамашы болғанын мойындауымыз керек. Бағдарламалық мақалада айтылғандай  Отанды сүю – туған жерін сүюден басталады. 

Screenshot_49.jpg

«Туған жерге тағзым» атты акцияның тұрақты кейіпкеріне айналып, әрқашан еті елім деп елжіреп, еміреніп жүретін тау тұлғалы, жомарт жүректі, мәрт мінезді  асыл азамат Балтабай Асанов биылда әбден қалыптасып қалған дәстүрінен қалмай ауыл адамдарына тегін медициналық көмек көрсету мақсатында ауылда медицина апталығының өтуіне себепкер болды. 

 «Туған жерге тағзым» акциясы аясында Шымкент қаласындағы «№14 Емдеу орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің білікті «Акушер-гиниколог, онколог, кардиолог, УЗД дәрігері, эндокринолог, хирург, ЭКГ медбике дәрігерлерін кіндік қаны тамған  жеріне алып келген мейірімді азаматты балтакөлдік ағайындар құшақ жая қарсы алып, зор қошемет-құрмет көрсетті. 

Балтакөл ауыл округінде жалпы саны 4150 ге жуық халық орналасқан, бүгінгі күннің өзінде дәрігерлер 500 ге жуық ауыл тұрғынын қарап, медициналық көмек көрсеткен.  Атап өтерлігі, аталған медицина қызметкерлері Балтакөл ауылындағы ауылдық ауруханасында бірнеше күн тегін медициналық көмек көрсетеді. 

Білікті дәрігерлерден бөлек әлемдік аренада еліміздің даңқын аспандатып, көкке көтеріп жүрген дарабоз даңқты балуан Нұрсәт Темірханұлы шалғайда жатқан ауыл балаларына шеберлік сағатын өткізіп, спортсүйер қауымның әртүрлі сауалдарына тұщымды жауап беріп, мазмұнды кездесудің әрін аша түсті.

Түркістан облысы негізінен ауыл шаруашылық салалары үшін қолайлы аймақ саналады. Бүгінде Балтакөл ауылында мыңдаған егістік жерлер игеріліп, қауын, жүгері, жоңышқа секілді дақылдар өсірумен айналысып келеді. 

Бүгінгі шарада ауыл тұрғындары тағы бір қайырымды істің куәсі болды. Шараға арнайы шақыртылған Шымкент қаласындағы ауылшаруашылық өнімдеріне арналған тыңайтқыш заттар өндіретін «ЮГ-АКТИВ БИО» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мамандары ауыл шаруаларына кеңестер беріп, Балтабай Тасболатұлының демеушілігімен «552 литр» тыңайтқышты тегін үлестірілді. 

Жиында «Алтын домбыра» иегері атанған айтыстың ақтаңгері Бекарыс Шойбековтің  арнау жырымен әуелетсе, дінтанушы ғалым Досай Кенжетайұлы имандылық туралы ойларымен бөлісті. 

Отырар ауданы әкімінің құттықтау хатын әкім орынбасары Айдос Құлмаханов арнайы тапсырып, туған жеріне перзенттік ыстық ықылас–пейілімен әрдайым жанашырлық қамқорлығын нақты істері арқылы көрсетіп келе жатқан жомарт жүректі абзал жан Балтабай Асановқа отырарлық ағайындардың атынан шынайы алғысын айтып, еңбегіне толағай табыстар тіледі.


Гендерлік саясат – қоғам өмірінің теңдігі
Жастарға жан-жақты қолдау көрсетілуде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу