Түркістанға келген туристер таң қалатын болады
Түркістан қаласында туристерді таң қалдыратын көптеген жобалар жүзеге асуда. Атап айтар болсақ, Б. Саттарханов даңғылы бойында бассейн салынып жатыр. «Aqualand» атауы берілген бассейн — қаладағы карантин режимі аяқтала, жазды бұрынғысынша көңілді өткізіп, суда шомылуға мүмкіндік береді. Инвесторлар тарапынан іске асқан демалыс орнында кафе, ресторан сынды кәсіпкерлік орындар болады.
Бұл жаңа жұмыс орнының ашылуына және жұмыссыз тұрғындарға қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Ашық алаңда салынған жоба желілік саябақ құрамында іске асқан. Жуық арада пайдалануға беріліп, жарқын күндерді отбасымен, достармен өткізуге сеп болады.
Ал, «Керуен Сарай» кешенінің құрылыс қарқыны талапқа сай жүргізілуде. Ежелгі шығыс базарының келбетін көрсететін аумақ осы жылы қолданысқа берілуі жоспарланған.⠀
Орталық базар бойындағы жер асты өткелі алдынан аллея салынып жатыр. Мұндағы Тәуке хан даңғылы мен С.Ерубаев көшесі аралығында жартылай арка орнатылып, жарты бөлігіне жасыл желек, тротуар, жарықшам, орындықтар мен қоршаулар болады. Ал, екі шетінде орналасқан шағын кәсіпкерлік нысандар келбеті бірыңғай үлгіге келтіріледі.
Теміржол вокзалы маңы да гүлге оранды. Бірегей жоба қалаға келуші қонақтар үшін өзгеше демалыс орны болмақ. Олай дейтін себебіміз, мұнда ерекше субұрқақ іске қосылады. Орнатылған төрт арканың жоғарғы жағынан суды бу түрінде шашатын қондырғы қойылған. Келушілер аркадан өткенде қоңырсалқын леп сыйлап, күннің ыстығынан қорғайды. Сондай-ақ, жан-жағы түрлі түске еніп, жарықшамдар шамы жағылады.