«Бизнес бастау» курсымен бизнес бастаған
Достық ауылдық округіне қарасты Гүлістан ауылының тұрғыны Данияр Дадаев мемлекеттің қолдаудың шарапатын сезініп, өз ісін бастаған жас кәсіпкерлердің бірі.
Түркістан облыстық кәсіпкерлер палатасының Мақтаарал аудандық филиалында «Бастау бизнес» жобасының екінші топ тыңдаушысы ретінде қатысып, кәсіпкерліктің негізгі қағидаларын оқып үйренген. Білімін жетілдіріп, қолына сертификатын алған. Сонан соң бизнес- жоспарын жасап, мемлекеттен берілетін 200 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі 505 мың теңге қайтарымсыз грантты жеңіп алып, қаржыны мақсатты жұмсап отырған Данияр қазіргі таңда «DANCHO» сауда белгісімен табиғи шырындарды шығарып отыр.
Шағын бизнесі арқылы өзімен бірге отбасының бірнеше мүшесін жұмыспен қамтып отырған Данияр алдағы уақытта жұмысының ауқымын кеңейтуді де көздеп отыр. Ол үшін ауданда толық мүмкіндік бар. Жеміс-жидек өсіруде тәжірибелі мақтааралдық диқандармен келісім-шарт жасасып, табиғи таза өнімдерді егістік басынан сатып алмақ. Оны қайта өңдеп Мақтаарал ауданымен қатар көршілес Жетісай, Шардара, Сарыағаш, Келес аудандарының нарығына шығармақ.
«Мемлекетке алақан жайып, кім қай жақтан ақша әкеліп береді немесе отбасымды кім асырайды деп отыра бермей әрекет жасасақ қана жақсы нәтижеге қол жеткіземіз. Қайта даярлау курстары, кәсіпкерлік оқулары, арнайы гранттар бар. Міне, сол мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, армандарымызға қол жеткізуіміз үшін мемлекетіміз бізге айтарлықтай қамқорлық жасап отыр» дейді жас кәсіпкер Данияр Абдухаликұлы.