Жаңа саябақтар туристерге тамаша көңіл күй сыйлайды
Түркістанда «JIBEK JOLY» саябағы салынуда. 30 гектар аумақты алып жатқан ауқымды жобаның 12.5 гектары аттракциондар саябағы ретінде жобаланған. 5 гектары аллея жұмысы болып табылса, қалған 12.5 гектары ландшафты серуендеу аймағы болып саналады.
Мұнда жаяу жүргіншілер жолы, теннис үстелі, футбол, баскетбол алаңдары, веложолдар салынған. Балалардың емін-еркін ойнап, сейілдеуін қамтамасыз ету бағытында түрлі-түсті ойын алаңшалары да бар. «Ертегілер әлемінде» деп аталатын арнаулы орын қарастырылған. Сусын, шай, кофе секілді сауда орындарына да арнайы орын бөлінген.
«Әлем шатыры» мұнарасы көпшіліктің қызықтырып тұрған орын.
Түркістанда Бекзат Саттарханов даңғылының бойында желілік саябақ құрылысы жүруде. Жасыл желекке оранған желілік бақта демалыс аумақтары мен салт-дәстүрімізді дәріптейтін сәулет үлгілері орнатылған.
Қалаға көрік берген «Парасат» саябағы да ерекше келбетімен саялы баққа айналып келеді. Қайта жаңарту жұмыстары аясында демалыс орнында жасанды көл мен көпірлер және 420 метр тасарық салынуда. Нәтижесінде, саябақ сумен қамтылып, қайта «Арыс-Түркістан» каналына жіберіледі. Ал, «Түркістан-Кентау» бағытындағы жолдың екі шетіндегі тасарықтың бір бөлігі «Парасатты» сумен қамтыса, екінші бөлігі жол бойындағы жасыл желекті суаруды қамтамасыз етеді.