Кәсіппен айналысушылар көбеюде
Түркістан облысы - қалыптасқан оң бизнес-климаты бар шағын және орта кәсіпкерлік өңірі болып табылады. Бүгінгі таңда, облыс шағын және орта бизнестің жұмыс істеп тұрған субъектілерінің саны бойынша көшбасшы болып табылады және олардың саны өткен жылмен салыстырғанда 8,5 %-ға артқан.
Түркістан облысының Кәсіпкерлер палатасы 2019 жылы 10 миллиард теңге сомасында кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғаған. Палатаға 560 өтініш келіп түскен, оның 418-і оң шешімін тапқан.
Еңбек бағдарламасы аясында өңірде 12 579 адам оқудан өтіп, оның 7 933 адамы грант иегері атанып, жұмыссыз халықтың 24%-ы жұмыспен қамтылған. Қысқамерзімді оқыту бағыты бойынша 5 466 жұмыссыз азаматтар 3 айлық оқу курстарынан өтіп, 1 477 түлек 745,8 миллион теңге грант иегері атанды. Сонымен қатар, «Бастау-Бизнес» және «Жас кәсіпкер» жобалары шеңберінде 7 113 адам оқуды аяқтаған. Оның аясында 2,7 млрд. теңге сомасына 401 жоба іске асырылып, 3,2 млрд.т еңге сомасына 6 456 түлекке грант берілді.
Жалпы сомасы 60,8 млрд. теңгені құрайтын 316 басым жобалар пулы қалыптастырылып, оның ішінде 14,5 млрд. теңгені құрайтын 83 жоба екінші деңгейлі банк және «Аграрлық несие корпорациясы» жұмысында тұр, ал 15,2 млрд. теңгені құрайтын 104 жоба осы қаржы институттарымен мақұлданған. Жалпы бағдарлама аясында ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, туризм, қызмет көрсету, жеңіл өнеркәсіп және басқа бағыттар бойынша жобалар қаржыландырылып отыр.