Кәсіпкерлерді қолдау мақсатында 1% жеңілдетілген несие берілген
Түркістан облысында 150 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік субъекті жұмыс істейді.
Облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Иябайұлының сөзінше, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері өткен жылы 450 млн. теңгенің өнімін өндірген.
Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 133%-ға өсіп, Түркістан облысы Республика бойынша І орынға көтерілген.
«Кәсіпкерлер үшін қаржыландыру қолжетімділігін арттыру мақсатында бірқатар мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар шеңберінде қаржыландыру көлемі ұлғайтылды. Бұл үшін 2019 жылға 74,6 млрд. теңге көзделіп, сома өткен жылмен салыстырғанда 16,5 млрд. теңгеге артты. Бөлінген қаражат шеңберінде 5 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік жобалары және 42 мыңға жуық ауылшаруашылығы тауар өндірушілері қаржыландырылды», – деді облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев.
Сонымен қатар, өңірде кәсіпкерлікті қолдау бағытында жаңа жобалар жүзеге асып, кәсіп иелеріне көптеген қолдаулар көрсетілді. Атап айтар болсақ, «Қамқор», «Жас кәсіпкер» және «Кәсіпкер ана» бағдарламалары аясында 1 пайыздық мөлшерлемемен кәсіпкерлерге қаржылай қолдау көрсетілді. Оның ішінде Арыс қаласы бойынша 320 млн. теңгеге 86 жоба қаржыландырылып, халықтың әл-ауқатын көтеру бойынша жемісті жұмыстар атқарылды.