Науқастар оқшауланып, тиісті ем қабылдауда
Соңғы мәліметтер бойынша Түркістан облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған азаматтар саны 53-ке жетті. Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Вирус 1990 жылы туған Түркістан қаласының тұрғынынан табылды. Ол 11 сәуір күні Жетісай ауданынан келген.
Сондай-ақ 1992 жылғы Сайрам ауданы, Көлкент ауылдық округі, Қосбұлақ ауылының тұрғыны, 1981 жылғы және 2007 жылғы Ордабасы ауданы, Бадам ауылдық округінің тұрғындарында COVID-19 инфекциясы анықталды. Аталған азаматтар коронавируспен ауырып жатқан науқаспен жақын байланыста болған.
Қазіргі таңда облыс бойынша Жетісай ауданында – 20 адам тіркелген (оның ішінде 1956 жылғы азамат 4 сәуір күні қайтыс болған). Сондай-ақ,Кентауда - 5, Ордабасы- 4, Сайрам - 3, Мақтарал - 4, Арыс - 14, Сарыағаш - 1, Бәйдібек -1, Түркістан қаласының - 1 тұрғыны індетке шалдыққан.
Барлық науқастардың жағдайы қанағаттанарлық, шағымы жоқ. Вирус жұқтырғандар қазіргі уақытта оқшауланып, тиісті ем қабылдауда.
Аталған азаматтармен байланыста болғандарды анықтап, оқшаулау жұмыстары жүргізілуде.
Облыста шектеу шаралары енгізілген. Залалсыздандыру жұмыстары барлық аудан-қалаларда жүріп жатыр. Ол алдағы уақытта да үздіксіз жүргізіле береді.