Түркістан: Пандемияға қарсы қор мұқтаж отбасыларға көмек көрсетіледі
Бүгін облыс әкімдігі мен «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының басшылығы өңірдегі кәсіпкерлер мен жауапты басқарма басшыларын жинап, кеңес өткізді. Түркістан облысы әкімі, партия филиалының төрағасы Өмірзақ Шөкеевтің қадағалауымен коронавируске қарсы күреске бағытталған іс-шаралары барынша күшейтілетін болады.
Елбасының "Біз біргеміз" акциясын жоғарғы деңгейде жүргізіп, өңірдегі тұрмысы төмен отбасыларға көмектесу қолға алынады. Ол үшін мұқтаж отбасыларға арналған қайырымдылық қор ретінде "Түркістан корпоративтік әлеуметтік даму қоры" таңдалып алынды. Елбасының тапсырмасына орай, аталған қорға облыс әкімдігі, басқармалар мен оған қарасты мекемелер бір күндік жалақыларын аударады. Өңірдегі кәсіпкерлер де аталған қорға демеушілік көрсетеді. Сондай-ақ, өзге азаматтар да банктік реквизиттер бойынша өз қолдауын көрсете алады.
Сонымен қатар, «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қорының" жанынан қамқоршылық кеңесі құрылды. Қамқоршылық кеңесінің құрамына «Nur Otan» партиясы, Атамекен кәсіпкерлер палатасы, депутаттар, ардагерлер кеңесінің өкілдері кірді.
«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы мен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бірлесіп, өңірдегі көмекке мұқтаж 1300-ге жуық азаматтың тізімін жасақтады. Бұл отбасыларға антисептикалық құралдар, медициналық маскалар және бірінші кезекте қажетті басқа да өнімдер, азық-түлік тапсырылады. Атап айтқанда, әр адамға ылғалды майлықтар, антисептик, медициналық бетперде, қағаз майлық, 5 келіден макарон, қарақұмық, күріш, қант және өсімдік майы таратылмақ. Қара шай, тұз, күлше де себетке енгізілген.
Айта кетерлігі, Түркістан облысы аумағында 4 блок-пост орнатылған. Өңірде барлық мекемелер мен қоғамдық орындарда дезинфекция жұмыстары жүруде.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі