«Мейірімді ауылдастар» акциясы бастау алды
-Бүгін өңірімізде бастау алған #Мейірімдіауылдастар акциясы аясында аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен демеушілер есебінен тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға және жалғызбасты қарттарға бірінші кезектегі қажетті азық-түліктер жеткізілуде,-деп хабарлады Түркістан облысы Түлкібас ауданы әкімдігі.
Акцияның бастамасы ретінде аудан әкімдігінің қызметкерлері аудан орталығындағы 86 жастағы жалғызбасты қарт Нина Спицинаға және тұрмыс жағдайы төмен Ақбала Мырзабекованың отбасына арнайы барып, қал-жағдайын біліп, бірінші кезекте қажетті азық-түлік себеттерін үлестірді.
Тиісінше тұрғындар тарапынан қиын сәтте қол ұшын созған жандарға шексіз алғыстарын білдіруде.
Алдағы уақытта бұл акция аудан аумағында жалғасатын болады.
-Осы ретте, тұрмысы төмен отбасыларға көмек беруге дайын жомарт жандар болса жергілікті әкімдіктен көмекке мұқтаж жандардың тізімді алып, сауапты іс жасауға шақырамыз. Қиын кезеңде бірі-бірімізге қолдау білдірейік,-делінген әкімдіктің хабарламасында.
Ал ауданда тігілген мединалық бетперде саны 63 мыңнан асты. Бетперделердің 48 мың данасын мектептер мен колледждердің ерікті мұғалімдері, 15 мың данасын ИЧ-167/9 мекемесіндегі жазасын өтеушілер дайындады. Әзірлеу жұмыстарын аудан әкімдігі материалдық жағынан қамтамасыз етуде.
Дайын болған бетперделер кезең-кезеңімен атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі балалар мен қарттарға, аудан көлеміндегі дәріханаларға, жалпы мекемелерге және орталық базарда тұрғындарға тегін таратылуда. Төтенше жағдай кезінде медициналық бетперде тапшылығын болдырмау үшін атқарылатын игі істер жалғасатын болады.