Мақтааралда сақтық шаралары жүргізілуде
Бүкіл әлемге қауіп төндірген пандемия Мақтаарал ауданымен көршілес Жетісай ауданына да жетіп, бірнеше азаматтан коронавирус инфекциясы анықталды. Осыған байланысты мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асановтың тапсырмасымен Жетісай ауданымен байланыстыратын 3 жолдың бойына блог-посттар орнатылып, шектеу шаралары күшейтілді. Бұл туралы аталған аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бұған дейін Мақтаарал ауданының кіреберісіне блог-пост орнатылып, автобустар мен жеңіл көліктер бақылауға алынған болатын. Постта медицина қызметкерлері жолаушылардың дене қызуын тексерістен өткізіп, шетелден, Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласынан және еліміздің басқа да өңірлерінен келіп жатқан азаматтар тіркеуге алынуда.
18 наурыз бен 1 сәуір аралығында блог-посттан 2361 жеңіл көлік, 135 жолаушылар көлігі, 321 жүк көлігі өтіп, жалпы саны 935 азамат медициналық тексеруден өткен. Сондай-ақ, дене қызуы бар жолаушылар анықталмаған. Енді дәл осындай блог-посттар Жетісай ауданымен байланыстыратын жолдарға да қойылып, тұрғындардың көрші ауданға қатынауын шектеуде.
Жалпы ауданымызда қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында 83 жеке құрам мен 12 арнайы автокөлік қосымша жұмылдырылып, рейдтік жұмыстар жүргізілуде. Аудандық полиция бөлімі тарапынан ауданымыздағы әрбір елді мекенде кезекшілік қойылып, той мен жиын жасаған адамдарға айыппұл салу шаралары қатаң түрде жүріп жатыр.
Айта кетейік, бүгін Мақтаарал аудандық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігін бақылау басқармасы тарапынан аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде арнайы Қаулы қабылданып, аудан аумағында ерекше шарттар мен шаруашылық және өзге де қызметтерге шектеулер ендірілді. Қаулыда блог-посттар орнату, қатаң түрде маска кию режимін ендіру, түрлі мекемелер мен кәсіпорындардың жұмысын тоқтату және жұмыс уақытына шектеу қою, дезинфекция шараларын күшейту сияқты т.б. сақтық шаралары ендіріліп, шарттар мен тәртіпті бұзғандарға қатаң түрде жаза тағайындау мәселелері қаралған.