Кентаулық еріктілер оң іске ұйытқы болды
Кентау қаласында 20 000 жуық бетперде тегін таратылды. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады. Игі іске қаладағы еріктілер ұйымы ұйытқы болып отыр. Әрбір көшені аралап тұрғындарға бетперде мен арнайы қорғаныш қолғаптарын тарту еткен жастар, коронавирустан қорғану жолдарын түсіндірді. Көшеге көп шықпау керектігін және адамдар көп жиналатын жерлерге бармау қажеттігін ескертті. Сақтық шараларын үнемі сақтауды айтып, түрлі кеңестермен бөлісті.
- Еріктілер бетперделерді өздері қолдан тікті. Қазір қала көшелерінде біршамасын таратты. Сондай-ақ, қалаға кіре-беріс қақпада орналасқан блок-посттағы келушілерге берді. Енді, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, ардагерлерге және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың үйлеріне алып барып береміз. Бұл игі істі алдағы уақытта да жалғастыратын боламыз – дейді қалалық Жастар ресурстық орталығының басшысы Қанат Бекметов.
Сондай-ақ, қазіргі таңда қала көшелері мен саябақтарға, гүлзарлар мен аллеяларға, көп қабатты тұрғын үйлердің подъездері мен аулаларына залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы, коронавирус індетінің таралуына жол бермеу мақсатында жарияланған төтенше жағдай кезінде Түркістан облысының аудан, қалаларында көптеген игі істер атқарылуда. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.