Инфекциялық аурулар бөлімдері дайындық жағдайына келтірілді

Oinet.kz 30-03-2020 715

1439221.jpg

Түркістан облысында коронавирус індетімен ауырған науқастарды жатқызу үшін инфекциялық стационарларда 100 төсек-орын дайындалған. Сондай-ақ, коронавирустық инфекциясына ұқсас белгілері бар науқастарды жатқызу, диагноздарын анықтау үшін 240 төсек-орынға провизорлық госпитальдар қарастырылған. Бұл туралы қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының міндетін атқарушы С.Жамалова мәлімдеді.

Оның сөзінше, барлық аудандар мен қалалардағы инфекциялық аурулар бөлімдері дайындық жағдайына келтірілген. Бүгінде ауырғандармен қарым-қатынаста болғандарды оқшаулау үшін аймақта жалпы 505 төсек-орын болатын обсервациялық орталықтар дайын тұр.

«52 дәрігер, 138 орта буын және 147 кіші буын қызметкерлері жоғарыда аталған стационарларда қызмет көрсетеді. Сондай-ақ,  Денсаулық сақтау министрлігіне қажеттілігі бар 24 дәрігер, 5 орта буын мен 5 кіші буын қызметкерлері туралы мәлімет ұсынылды», – деді облыстың бас дәрігері.

Барлық медициналық ұйымдарда коронавирустың клиникасы, емдеу және диагностикалау тақырыбында 2 реттен семинар өткізілді. Аула аралау жұмыстары жүргізілуде. Барлық үй карантининдегі азаматтарға бақылау жүргізіліп жатыр.

Үкіметтің резерв қорынан бөлінген қаражат есебінен облысқа 165 900 медициналық бетперделер жеткізілген. Оның 81 000 данасы медициналық ұйымдарға таратылып, қалған бетперделер орталықтандырылған қоймада сақталуда. Медициналық ұйымдарда бірреттік бетперделердің шығындарын үнемдеу үшін марліден стерилдеу арқылы бірнеше рет қолданылатын қосымша 77 000 медициналық бетперделер тігілді.

Айта кетейік, 2020 жылғы 26 наурыздағы жағдай бойынша Түркістан облысында коронавирустық инфекция (COVID-19) тіркелген жоқ.


Ордабасылық тұрғындар елге үлгі көрсетті
Ақсақалдар алқасы игі бастаманы қолға алды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу