«Ең бастысы - халық денсаулығы»
Мұрат Төлтебаев, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты:
Елімізде жарияланған төтенше жағдай осы қиындықтан шығудың ең төте жолы деп түсінемін. Мемлекет басшысы күні кеше арнайы жиында мәлімдеме жасап, көптің көкейіндегі мәселелердің нүктесін қойды. Карантинге жабылған қалалардан жер-жерлерге ағылған халықтың арасында уақытша жұмысынан айырылған адамдарға жаңа жұмыс орындарын тауып, мемлекет қолдау көрсететіндігін жеткізді. Сонымен қатар, қарапайым халықтың берешектеріне уақытша тоқтам жасатып, халықтың әл-ауқатының нашарламауының алдын алды. Ең алдымен халықтың саулығын қамтамасыз ету үшін барлық сақтық шараларына мұқият болу керектігін айтты. Президенттің бұл бастамалары осы қиын-қыстау кезеңде елді әбігерге түсірмеудің ең тиімді жолы деп түсіндік. Сондықтан, барлық шараларды сақтап, дүрбелең тудырмай, аса сақтықпен бұл қиындықты жеңуге атсалысуымыз керек.
Қазіргі таңда біз бір масқатта жұмылып жұмыс істеуіміз қажет. Ең бастысы, халық арасында негізсіз әңгімелерге, дүрбелеңге жол бермеу аса маңызды. Түсіністік пен сабырлылық, байсалдылық пен байыптылық бар жерде кез-келген қиындықты жеңіп шығатынымызға сенемін. Бір-бірімізге, отанымызға деген ыстық ықылас осындай сын сағатта сыналады.