«Тоқаев өзіне ескерткіш қоймайды» - Дос Көшім
Жыл басында орын алған оқиғадан халық есеңгіреп қалды. «Қаңтар қасіретінде» қаза болғандарды еске алу үшін Алматыдағы Республика алаңында митинг өтті. Жиналғандар «Халық террорист емес» деп жазылған пллакат ұстаған. Саясат сахнасындағы қазіргі беталыс туралы не айтуға болады? Осы орайда саясаттанушы Дос Көшіммен әңгімелесіп, біршама жайттарға талдау жасаған едік.
– Жақында қолыма сізбенен сұхбат түрінде жазылған «Қазақстандағы демократия мен саясат туралы 100 сұраққа 100 жауап» деп аталатын кітапша түсті. 1998 жылы шыққан екен. Сіз сол кезде Назарбаевтың саясатын сынаған екенсіз. «Оның айналасына өзінің туыстары мен жақындарын топтастыруы пенделдік қателігі емес жоспарлы түрде жүргізілген саясаты» депсіз. Бұл кезде бүгінде өздерін оппозициямыз деп жүргендердің алды сол Назарбаев билігіне қызмет етіп жүрсе, арты әлі мектеп партасында отырған бала болса керек. Қисынға салсақ, Назарбаевпен бірге сайлауда үзеңгі қағыстыратын басты қарсылас сіз болуға тиісті едіңіз. Алайда олай болмай шықты. Неге?
– Иә, біз тым «ерте» бастадық. Отыз бес жасымда Қазақстандағы ең алғашқы саяси партияны ұйымдастырып, соның төрағасы болдым. Келесі жылы Харьков қаласында Кеңес одағының барлық оппозициялық партиялары мен қозғалыстары біріккен «Демократиялық Конгрестің» тең төрағасы болып сайландым. Өзіңіз айтқандай, ол уақытта қазіргі саясатта жүргендердің басым көпшілігі – авторитарлық жүйенің белсенді «жауынгерлері» болатын. Бірақ мен өзімді саясаткерден көрі саяси ағартушымын деп есептеймін. Сондықтан ешқашан не атқарушы билікке, не заң шығарушы билікке баруға ниет қылған емеспін. Менің басты бақытым – еркіндігім деп білемін
2019 жылғы президенттік сайлаудың алдында көптеген үміткерлердің рейтингтері жарияланғаны белгілі. Соның ішінде менің де аты-жөнім жүр екен. «Президентке түсесіз бе?» деген сұраққа біресе «Президенттің жалақысы қанша екенін біле алмадым. Қанша жалақы алатыныңды білмей тұрып, қызметке қалай орналасуға болады?» деген әзілмен, енді бірде «Мен зейнет жасына келдім. Саясаттың сахнасына жастар шықсын» деген сылтаумен жауап беріп жүрдім. Ал, шынына келгенде, біріншіден, сол уақытта бір жұдырық болып біріге алмадық («Жаңа Қазақстан» форумы аяғынан тұрып үлгірмеді, ал бұрынғы «Азат» қозғалысының басшыларынан құрылған «Ұлт тағдырының» мүмкіндігі шектеулі болатын), екіншіден, оппозициямыз деп жүрген адамдардың, ұйымдардың ұлтшылдарға ешқашан одақтас болмайтынын белгілі болды.
– Сіздің билікпен алдын ала жасасып қойған келісіміңіз бар ма? Оппозиция өкілдері туралы әңгіме болғанда «биліктің адамы» деген сөз көп айтылады. Қалай ойлайсыз, Тұяқбаевтың, Бәйменовтың келісімі болды ма? Жанболат Мамай туралы не айтасыз?
– Билікте бір күн болмаған және билікке ешқашан бармаймын деген адам билік үшін қауіпті болып саналмайды, онымен «алдын ала келісім» де жасалмайды. Ал оппозиция өкілдеріне келсек, олардың билікпен келісімі болды ма, жоқ па, ол жағы мені мүлдем қызықтырмайды. Әңгіме, кезінде олардың сол билікке қызмет жасағандығында шығар. Өзінің тобын тастап, басқа топқа қосылғандарды ешкім жақсы көрмейді және сене де бермейді. Егер олар қызмет жасай жүріп, өздерінің жүрек қалауымен билікке қарсы шықса, бір мәселе, ал қызметтен кеткеннен кейін, не кетуге тура келгеннен соң оппозицияға келіп, ту көтеру – ыңғайсыз сезім қалдырады.
Жанболаттың бір жалғандығын, өтірік айтып, жала жабуын көргеннен соң, көңілім қалды. Екіншіден, оның тобы күрестің жаңа бір жолын, тиімді тәсілдерін көрсете алмады, бұрынғы таптауырын болған тәсілден аса алмай жүр. Демек нәтиже де бұрынғыдай болмақ.
– Саясаткер ретінде айтыңызшы, қаңтар оқиғасы (сіздің ойыңызша, жалпы бұл өзі не, оқиға ма, көтеріліс пе, бүлік пе, әлде шабуыл, төңкеріс пе?) кімге тиімді болды? Бұдан кім ұтты? Бұл Назарбаев пен оның әулетіне тиімді болды ма? Шабуылдың бір орталықтан басқарылғаны, терроршылардың шетелде дайындықтан өткені қисынға келеді ме?
– Бейбіт шеруден басталып, тәртіпсіздік пен анархияға ұласқан, Жаңаөзеннің әлеуметтік талабын қолдаудан басталып, «билік кетсін» деген саяси талапқа аяқ басқан, билік пен тәртіп сақшыларына деген ашу-ызадан басталып, төбелеске ұласқан, аяғы бүлікшілдік пен тонау әрекеттеріне айналып, соңы қоғамда дүрбелең тудыру мақсатында жасалған қанды қақтығысқа алып келген, төңкеріс жасауға талпынудың да белгісі бар, кейбір белгілеріне қарағанда, әзірге белгісіз бір топтардың тарапынан нақты жоспарланған іс-әрекеттер деп атауға болады. Бір жағына тиімді болды деп айта алмаймын. Әңгіме, осы қанды қырғынның нәтижесін кім қалай пайдаланады деген дұрыс болар. Халық телефон шұқып, қоғам белсенділері «Назарбаевтың жүйесі жойылсын!» деп айқайлап жүргенде, билік есін жиып үлгерген сияқты. Олар «Назарбаевтың жүйесіне ешқандай қатысымыз жоқ, біз Жаңа Қазақстан жасаймыз!» деп, 1991 жылғы сияқты шапандарын ауыстырып жатыр. Назарбаев пен оның әулеті де ештеңеден ұтылған жоқ. Олардың байлығын кәмпескелеп, тексеріп, құстырып жатқан билікті көрмедім. Сол жүйеден шыққан Тоқаев мырза Маминге де, Нұрланға да, Байбекке де, басқаларына да рахмет айтып шығарып салды...
Енді терроршылдарға келейік. Егер Президент айтқандай Алматыға 20 мың содырлар кірсе, басқа қалаларды қосқанда, елімізге 40-50 мың содырдың енгені болып табылады. Сене алмаймын. Егер олар алдын ала дайындықтан өтіп келсе, біреуінің өзі 20-30 адамды жер жастандырар еді. Белгісіз бір топтардың болғаны, олардың өз жұмыстарын үйлестіруге тырысқаны, кейбір жерлерде басшылыққа, бұйрыққа бағынғандары да анық. Бірақ дүрбелеңнің негізгі күші – ашу-ызасын ұстай алмаған қарапайым азаматтар деп ойлаймын. Тексеру, тергеу әлі де жүріп жатыр, демек, шындық ашылса, 227 адамның қаншасы өзіміздің тәртіп сақшылары мен жауангерлердің қолынан оққа ұшқаны анықталады, сонда ғана 50 мың арнайы дайындықтан өткен терроршылдардың қанша адамды өлтіргені жарыққа шығады. Тағы қайталаймын, шындық ашылған жағдайда ғана!
– Қаңтар оқиғасын зерттеу жөніндегі тәуелсіз комиссияның құрамына сізді шақырған жоқ па? Егер шақырса, алдыңызға нендей жоспар құрған болар едіңіз?
– Қаңтар оқиғасын зерттеу комиссиясының құрамына шақырылған жоқпын. Ал шақырылмаған жерге бармайтын, сөз бермесе – сөйлемейтін мінезім бар. Егер шақыра қалса, шеру мен жиынға шықты деген адамдарды азаптау мен қорлауды жүргізген айуандарды анықтауға барлық күшімізді салар едім. Егер жас болсам, арнайы жасырын ұйым құрып, сол жауыздарды жер басып жүргізбейтін әрекет жасар едім.
– Кеше Назарбаевтың «Нұрлы жолын» мақтағандар бүгін Тоқаевтың «Жаңа Қазақстанын» жақтап жатыр. Бұл өмірдің заңы ма?
– Жоқ. Бұл – қазіргі биліктің заңы. Өз басым, Тоқаев мырза жеке басқа табынушылыққа бармайды, өзіне ескерткіш қоймайды деп ойлаймын. Бірақ, сонымен қатар, ол кісінің осы жүйеге, коммунистік партияның тоталитарлық, Назарбаевтың авторитарлық жүйесіне шын ниетімен берілген адам екендігі де жоққа шығармаймын. Ол кеше Назарбаевты мақтап, бүгін – жамандайтын жан емес. Егер сондай болса, нағыз екіжүзділіктің үлгісін көрсетер еді.
– Назарбаевтың туыстары, тіпті құдаларына дейін жұмыстан кетіп жатыр. Дариға Назарбаева депутаттықтан неге кетпей жүр?
– Назарбаев депутаттыққа Дариғаны ғана қойды, ал басқа депутаттар әділ сайлау арқылы Парламентке келді десек – өтірікші болар едік. Осы жерде «Неге Дариға ғана отставкаға кетуі керек?» деген заңды сұрақ туады. Назарбаевтың қызы болғаны үшін бе? Кешіріңіз, бұл 37-жылдардағы халық жауы болғандардың әйелдері мен балалары, туған-туысқандарының түрмеге қамалғанын есімізге түсірмейді ме? Қылмыскер болса, немесе заңды бұзатын іс-әрекет жасаса, ол әрекеттері сотта дәлелденіп, мойнына қойылса, жазаға тартылу керек. Ал қылмысы болмаса, дәлелденбесе, тек Назарбаевтың қызы болғаны үшін жазалануы – кек алудың көрінісі сияқты.
– «Азат» қозғалысы неге партияға айнала алмады? Сіздер құрған Социал-демократиялық партиясы қазір қайда?
– Азаматтық «Азат» қозғалысы 1992 жылдары-ақ партия құру мәселесін қолға алған. Қозғалыстың ішінен «Республикалық партия» құрылып, оны Сәбетқазы Ақтаев ағамыз басқарды. Сол жылдары «Азат» қозғалысының негізінде Ұлттық-демократиялық партия құруға бағытталған әрекеттер жасалды. Бірақ бәрі де, түрлі себептермен, сәтсіз аяқталды. Ашығын айтсақ, біздер Тәуелсіздік үшін, жеке мемлекет болуы үшін күрестік те, егеменді еліміздің билігін компартияның бұрынғы басшылары қайтадан қолдарына алып қояды деп ойлаған да жоқ шығармыз. Ал біз құрған Социал демократиялық партия 1994 жылы жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Басты себеп – біздер сол уақыттағы партияны тіркеу шарттарын орындаудан бас тарттық. Заң бойынша үш мың адамның аты-жөні, олардың мекен-жайлары мен жұмыс орындары көрсетілген тізімді тапсыру керек болатын. Ұмытпасам, сол уақытта Тәжікстанда азамат соғысы болып, биліктегі коммунистер Демократиялық партияның тізімін қолға түсіріп, Қорғантөбе облысында 500 адамды атып тастаған болатын. Қысқасы, біздер «тек басшылықтағы адамдардың дерегін беруге келісеміз, ал басқа мүшелердің дерегін бермейміз» деген шешімге келдік. Билік тіркелмеген партия есебінде ҚСДП-ның жұмысына тиым салды. Біз азаматтық қоғамның қатарына қосылып, жұмыстарымызды басқа жолдармен жалғастырып келе жатырмыз.
Әңгімелескен Балерке ӘСІЛХАН,
Oinet.kz