Мені құшақташы
18-10-2022
Студент кез. Бір күні бөлім меңгерушісі қоңыраулатты. Корпустан ұзай қоймағам, өзіне шақырды. Барсам, көңілі түсіңкі: «Анау жатақханадағы қыздардың бірі жоқ, амалсыз сені шақырдым. Қашан көрсең, айдаладан қашып жүреді», – деді. Үнсіз тапсырмасын бітірдім де, қайттым. Ертеңіне сол апайдың сабағы болды, бізге педагогикадан беретін. Сонда қыздардың қылығына ренжігендей болып: «Іздеусіз қалудан қорқыңдар! Біз сендерді керек етіп іздеп жатырмыз ғой», – деп еді.
Осы оқиғаға 5-6 жыл өтсе де, күні кеше айтқандай, әрдайым санамда тұрады. Жақында сол жатақханада тұрған 9 қыздың бірін кезіктірдім, оны бұрынғыдай ешкім мазалап, жұмысқа шақырмай жүр екен.
Кейде пендешілікке салынып, «осы мені тек өзіне керек кезде іздейді» дейміз, расында асылық. Сөзімізге қарайықшы, «керек кезде!», сіз – керексіз. Мейлі, «пайдаланып кетті» деп налыңыз, демек, пайдаға жарағаныңыз ғой. «Мен – керекпін, мені іздеп жатыр ғой» десек – кісілік. Айтпақшы, жұмыстан не шараларға шақырып қалса да, «Түф!» дейтініміз бар, иә. Асылық. «Мені іздеп жатыр ғой, барайын» деу – кісілік. Асылықтан кісілікке көшейік. Керек болсақ қой қоғамға, ұлтқа, халыққа, жақындарымызға – бәріне. Мені іздейтін қоғамды, адамдарды, жұмысты, шараны, тірліктерді, түрлі пенделерді – барлығын құрметтейтінім содан. Өмірден кеткеніне қанша ғасыр өтсе де, ізделетін ұлылар не деген бақытты еді деймін де.
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ