Арман Сқабылұлы. «Махан» не деді немесе Жаза
Студенттік шақ. Алматыда «Татаркада» үш студент жатырмыз. Мен, Табылды Досымов, Болатбек Қожан. Қарын аш. Тоңазытқыш бос. Аспанға қарап әрнәрсені қиялдаймыз. «Шіркін ақша болса... Алдымен қарынды бір тойдырып алсақ. Сонан соң елді шулатқан «Нараяма туралы аңыз» фильмін барып көрсек...».
Төбеге қарап қиялдап жатқан Табылды кенет «жерден жеті қоян тапқандай» атып тұрды. «Кеттік «мединститутқа», кластасым Атырауға, Индерге каникулға барып келді. «Махан» маған ақша беріп жіберген шығар» дегені. «Махан» дегені – мамасы. Сонау Атыраудан Алматыға ағайын, таныс күнде қатынап жатқан жоқ. Табылдың «маханы» ақша жібермеуі мүмкін емес. Апыр-топыр киініп, «мединституттың» жатақханасына тарттық. Абырой болғанда сыныптасы бөлмесінде екен. Ақсары жүзді әдеміше келген бойжеткен. Аты – Айгүл. Амандық-саулықтан соң Табыл: «Ауыл қалай екен, біздің үйде болдың ба, «маханды» көрдің бе?» деп сұрақты төтесінен қойды. Онысы дұрыс. Ақша болып жатса ертерек алып кеткеніміз жөн. «Ауыл аман-есен, мамаңды көрдім, саған сәлем айтты» деді сыныптасы жай ғана. Амал жоқ, кідіріп, тізе бүгіп шай ішуге тура келді. Шай үстінде Табыл тағы да «Махан» тағы не деді?» деп сұрады. «Мамаң сабағын дұрыс оқысын. Хатын жиі жазып тұрсын деді» дейді қу қыз жай ғана. Манағы қиялдарымыздың күл-талқаны шыға бастағандай. Үміт үзілуге жақын. Ақырын орнымыздан тұрып жатқанда Табылды аянышты дауыспен «Махан» басқа ештеңе айтқан жоқ па?» деді сыбырлап. Болашақ дәрігеріміз саспайды. «Жазғы каникулға келерде алдын-ала хабар берсін деді» дейді жымиып.
Басымыз салбырап бөлмеден шыға бергенде «сендерді шығарып салайын» деп бірге шықты. Қараймын, үй киімімен шыға салды. Ақша салатын қалтасы да көрінбейді. Ұнжырғамыз түсіп, аялдамада тұрмыз. Алыстан трамвайымыз көрінген. Қоштасудың ырымын жасай бастадық. Сол сәтте Табыл соңғы рет «Иә, «Махан» сосын не деді?» деді үмітсіз дауыспен. «Ой, ұмытып бара жатыр екенмін, мамаң жүз сом беріп жіберіп еді. Мә, ал!» деді.
«Тух! Манадан бері осыны айтпайсың ба!» Табылдың дауысы басқаша шықты. Сөйтсек бір қалада оқып жатқан кластасының екі жыл бойы iздемей, ендi ақшасына бола ғана бірінші рет іздеп келгеніне өкпелеген қу қыздың Табылымызды өзінше «жазалағаны» екен. Біздің курстастар арасында әлі күнге дейін жалақы кешіксе, «Махан» не дейді?» деп сұрайтын қалжың бар...
Арман СҚАБЫЛҰЛЫ