Мырзагелді Кемел. Адамгершілік

Oinet.kz 10-09-2020 1937

Нағыз адам жер бетінде өзін қарыз адамдай сезінеді, әйтпесе ол масыл ретінде сезінуі тиіс еді.

image.png

Адамға - адам болу, ойлай білу, тыңдай білу - осы үш қабілет керек.

Өзі үшін ғана өмір сүріп, өзіне ғана пайда болсын деген адам бақытты бола алмайды. "Өзің үшін өмір сүргің келсе, біреулер үшін өмір сүр",- депті Сенека.

Адам ағын су емес. Ағын су артына қарай алмайды. Артыңа қара, ізің қандай болып түсіпті, үңіл.

Адамды өзінің артықшылықтарын көрсету, басымдылық көрсету, жеңіске қол жеткізу мүмкіндіктерін иелену тілегі басқарады.

«Адамдардың мінез-құлқы қажеттілігіне байланысты өрбиді»,- деді бізге заң тарихынан сабақ берген Дюков деген заңгер.

«Адамда алдымен өзінің қажеттіліктерінің төңірегінде ғана қызығу болады, өзінің ауырған тісінің уайымы елдегі аштық пен апаттан зәрлірек»,- деп Д.Карнеги дұрыс айтқан.

«Жай адам өзінің күнәларын кешіруді сұрайды, тек таңдаулылары ғана өзінің абайсыздығы үшін тәңіріне жалбарынады»,- дейді суфизм ұстаздарының бірі Зуннун Мысыри.

Адам қандай болса, сөзі сондай.

«Адамды досына қарап таны», - деген сөз бар. Бірақ адамның досына ғана қарап емес, жауына қарап та кім екенін тануға болады.

Үлкен істерде адамдар өзін сол іске лайықтап ұстауға тырысады, ал ұсақ істерде адамның шын бет пердесі анықталады.

Адамның бағасын өзі емес, өзгелер қояды. «Адамды бөлшек санға ұқсатуға болады. Оның төмені адамның өзі туралы ойлағаны, жоғарысы адам туралы өзгелердің ойлағаны. Төмені көп болған сайын қорытынды азая береді»,- дейді Лев Толстой.

Ой қуу бар, іс қуу бар, сөз қуу бар.

Көшеде келе жатсаң, түрлі иттер көресің. Біреуі үлкен, біреуі кішкене. Әрқайсысының даусы да әртүрлі. Сонда да бір-бірінен тайсалмай, ұялмай, кезек күтіп отырмай үріп жатады. Адамның өзге мақұлықтардан айырмашылығы - саналылығында. Сол сана - кезек күттіретін. Біздің қазақта: "Салиқалы сана бер",- деген бата бар. Санадағы өзгеріс тұрмыстағы өзгеріс секілді көрініп тұрмағанмен, тұрмыстың түзелуіне бірден бір әсер ететін сол.

Мінің жоқ болып көрінуге тырыспа, кемшілігі жоқ адамның артықшылығы да жоқ. Тағдыр дегеніміз - адамның өзінің өміріндегі жіберіп алған кемшіліктерінің жиынтығы. "Ыстық пешке бір отырып қойған мысық қайтып ыстық пешке отырмайды. Суық пешке де",-деген Марк Твен. Қателіктерді болдырмау да біздің тәжірибемізге, білімімізге, санамызға байланысты.

Адамды айыптауға асықпа. Әуелі өзіңе қара. Айыптайын деп тұрған сол мінез өз бойыңда жоқ па екен, біліп ал. Әбден азғындап кеткен адамнан да бір жақсы қасиет табылуы мүмкін. Қанішер де, қарақшы да адам баласы, мүмкін ол да бір кезде қой аузынан шөп алмайтын момын, әдептен озбайтын тәртіпті болған болар, оны бұзылып кетуге итермелеген бір нәрсе бар шығар.

Адам адал болған сайын өзге жұрттың адалдығына күмәндануы азаяды. «Адам неғұрлым ақылды, мейірімді болған сайын, соғұрлым өзгенің жақсылығын бағалағыш келеді»,- депті Блез Паскаль. Лұқпан хакім: «Адамның 362 тамырының біреуі ғана харам»,- деген.

«Тәрбиелі адамдар адамның жеке басын ардақтай біледі, сондықтан да ол әруақытта мейірбанды, жайдары, сыпайы келеді»,- дейді Чехов.

Адал адам адалдығы үшін төлем төлеп тұрады.

Әркім әрнәрсенің құлы. Құл емес ешкім жоқ.

Бәрі ұғуға байланысты. «Барлығын айқын көріп тұрған адам бақытсыз»,- депті Пастер.

«Арық қазған адам суды өз ырқына көндіретіні секілді, мерген жебені өз қалағанына тигізетіні секілді, балташы ағаштан өз керегін жонып алатыны секілді шынайы азамат та өзін өзі билей алады, ұстамды келеді»,-дейді Будда.

Кемшіліксіз адам жоқ. Жан-жақты жетілген, үлгі боларлық деген адамды жақынырақ танысаң, бір жағымсыз қылығы табылады. Кейде теледидардан көріп, радиодан немесе мінберден сөзін естіп данышпан деп ойлаған адамыңды жақынырақ танып, үңіліп қарасаң, түңіліп қалатын кезің болады. Ал бір қарағанда тоңтеріс немесе жеңілтек көрінген кейбірі сен ойлағаннан мүлде биік болып шығады. Сабан менен алтынның түсі ұқсас, салмағы бөлек. "Ұлы адамның үнін есті, үйіне барма",- деп қазақ бекер айтпаған. Әйтеке бидің мынадай сөзі бар екен:

«Азынаған айғырды үйірінде көр,

Аңқылдаған жігітті үйіңде көр».

Өзіңе деген сеніміңді үзгісі келетіндерден қаш, олай ету ұсақ адамдардың қылығы, қайта сенің мүмкіндігіңді бағалап, оны әрі қарай дамытқысы келетіндерге жанас. Әбу Саид ибн Әбу Қайыр шайық айтады: "Тоқырап қалған ой мен ұшқары пікірден қаш, бетіңді тағдырың боларлық ойларға бұр".

"Өзінің сеніміне қарай іс жасаған адамның бәрі парасатты емес, ол үшін оның сенімі де парасатты болуы керек",- дейді Достоевский.

Өркениеттің дәрежесі халықтың жалпы мәдениетінің деңгейімен өлшенеді. Штраустың 60 жылдығына Австрияда өзі туған кішкене қаладағы газетке: Штраус өзінің 60 жасқа толған тойына стадионда музыкалық қабілеті бар жерлестеріне "Көгілдір Дунайға" дирижерлік жасайды, сол тойға келіңіздер,- деген хабарландыруға 60 мың адам скрипкасымен келіп, бүкіл стадион оркестрге айналып, мерейтой иесі дирижерлік еткен екен. Ал біздің классикалық музыка шеберіміз Мыңжасар Маңғытаевты осылай бағалай білеміз бе?! Мәдениеттің деңгейі дегеніміз осының өзі және осы сияқты нәрселерден құралады.

"Есі бар адам өмірге икемделеді, ессіз адам өмірді өзіне икемдегісі келеді",- дейді Бернард Шоу,- Қоғамның дамуы байсалды ақылдылардан гөрі шыдамсыз ізденушілерге көбірек байланысты".

Неге біз біреу мақтаса: "міне мен қандаймын!",- деп, ал ұрысса: "ол қандай,ә?",- деп ойлаймыз.

Түсіну дегеніміз - сезіну. Түсіну дегеніміз - келісу. Бір нәрсені шындап түсіну үшін оны істеп көру керек. "Сіз мені түсінбедіңіз",-дегеннен гөрі, "Мен сізге жеткізе алмадым-ау",- десең ұтасың.

Қолынан іс келетіндерді көре алмау, дарындыларға зиян жасау, ұлыларға өшпенділік жасау бұрыннан келе жатқан нәрсе.

Адам адамды өзіне ұқсастықтары үшін де жақсы көруі мүмкін.

"Жек көрсе жақсы көріп, жалғандықты - шындықпен, зорлықты -шыдаумен жеңу мүмкін",- деген Махатма Ганди.

Егер өмірде көп нәрседен құр қалсаң, оған өзіңді ғана айыпта.

Кісіні көлеңкесі жетелемейді, кісі көлеңкесін жетелейді.

"Ең алынуы қиын қамал - адамның бас сүйегі",- депті Маркс.

Мені ешкім ауыстыра алмайды деген адам ыдыстағы суға саусағын сұғып, қайтып алып қарасын, саусақтың ізі қалар ма екен.

Түсініксіз болған жаман. Бірақ әбден түсінікті болсаң ол да жаман. Мені түсінбей қалады деп қорықпа, оны түсінбей қаламын ба деп қорық. Маған түсінікті нәрсе жұрттың бәріне түсінікті деп ойлап қалма.

Біреу сөзіңді түсінбей қалса күлме. Қанша түсіндірсең де ұқпайтын, мүмкіндігі шектеулі адамдар болады.

Жаның жалқау болмасын. "Пендеде бір іс бар - жалығу деген. Ол -тағдырда адаммен бірге жаратылған: оны өзі тапқан емес. Оған егер бір іліксе - адам баласы құтылмағы қиын",- депті Абай.

"Енжарлық жан дүниенің сұмпайылығы", - деген Лев Толстой.

Адамның ішінде дұрыс істемегенде, қате сөйлегенде, бұрыс ойлағанда соғылатын қоңырауы болады. Бірақ көп адам сол қоңырауды тоғышарлықпен, менмендікпен тұншықтырып тастап отырады.

"Адамгершілігің пәс болса әділетті бола алмайсың",- дейді Вовенарг.

Адамдардың қатігез, қайырымсыз, әділетсіз, өркөкірек, өзімшіл, енжар екеніне өкпелеу - тастың төмен қарай құлдырауына, жалынның жоғары қарай жануына таң қалғанмен бірдей.

Әпсана: - Тақсыр, мен өмірімде көп күнә жасадым. Күналарымнан арылтып, алланың кешірімін әперші,- депті бір кісі имамға. - Сенің жаның бес арықтан лай су ағып құйылып жатқан бір тоғанға ұқсайды екен. Біріншісі - сенің көздерің, мұсылман әйелдерге көзіңді сүзбе. Екіншісі -сенің аузың, ораза ұстап, дұға оқып жүр, жақсы сөз айт. Шариғат қаламағанды ішіп-жеме. Үшіншісі - сенің миың, әділетсіздік пен зұлымдықтан, менмендік пен өркөкіректіктен арыл. Төртіншісі -сенің аяқтарың. Көргенсіз жолға баспа. Бесіншісі - сенің құлағың. Өсек пен кеселді сөзді терме, естімеген бол. Тек сонда ғана сенің арықтарыңның суы тұнықталады, сенің жаның мен жүрегің тазарады, сені күналарыңнан мен арылта алмаймын, өзің арылтасың,- депті.

Адамға есекке қарағандай қарасаң, есек секілді бірбет етіп аласың.

Өркөкірек адам, қолындағы шамын желдің өтіне ұстағанмен тең. Бірақ, маған жұдырығын түйіп келетіндерді, мен де жұдырығымды түйіп қарсы аламын, өйткені сырт киімді шешуге суық пен желге қарағанда күннің ықпалы көп болмақ: қаhар мен ашуға қарағанда, ізгілік, достық ыңғай мен ізеттілік адамдардың өз пікірінен айнуына анағұрлым көбірек ықпал етеді. Сондықтан біреудің жасаған ісі орынсыз деп есептесең де бірден жұдырық түйе барма. "Тікен ексең, жүзім шықпайды",- дейді Ахмед Йүгінеки.

Бір жылдан кейін сенің қандай киім кигенің естен шығуы мүмкін, бірақ қандай адам екенің елдің есінен шықпайды.

Бақыт қонса басшы да, бай да болу оңай, азамат болу бақыт қонса да қиын.

Адам өмірінде атаққа, билікке, байлыққа, білімге, абыройға ұмтылады. Ұстай білмесең, бәрі де баянсыз.

Ақыл

Ең ақылды адам - өзінің шамасын білетін адам.

Ақылың көп болған сайын өмір сүру қиындай түседі. Ақылдың азабы қарғыспен тең. Абай:

"Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда.

Көбінің сырты бүтін, іші түтін”, - дейді. "Сұм өмір абақты ғой саналыға", - деген Мағжан. Әріректен қозғасақ, тегі өзімізбен тектес Анахарсис бір тоғышарға: "Мен үшін елім қайғы, ал сен - еліңе қайғысың",- депті деседі.

Ақылды болуға жетелейтін үш жол бар: бірінші, тәжірибе жолы - ең ащы жол, екінші, ұқсау жолы - ең жеңіл жол, үшінші, ойлау жолы - ең таза жол,- дейді ежелгі қытай мақалында.

Еркекке түрден гөрі ақыл көбірек керек, ал сұлу әйелге ақыл одан да көбірек керек.

Ақылды адам ғана ыңғайсыз жағдайға түседі, өйткені ақылсыз ыңғайсыз жағдайға түскенін сезбейді де.

Алма ағашы жемісті көп салған сайын басы төмен иіле береді, ақылды адам да солай.

Жанып тұрған оттан ғана тұтатуға болады. Тұтатып алғаннан от өшіп қалмайды. Үйреткеннен білігің азайып қалмайды. Жақсы ұстазды оңбаған ғана ұмытады.

Біреудің ізімен жүрген адам ешуақытта оның алдына шыға алмайды. Пайдаланып жүрген кілтің жылтырап тұрады,- дейді Бенджамин Франклин. Ақылды пайдаланып тұрмасаң да тот басады,- депті Боуви. Ағынды су өрлейді, ағынсыз су сасиды.

"Ақылмен арыстан да ұстауға болады, ал күшпен тышқан да ұстай алмайсың,"- депті Махмұт Қашғари.

"Малда да бар жан мен тән,

Ақыл мен сезім болмаса",- дейді Абай.

Жақсы адамды көргенде оған теңелу жайында ойлан да, ал жаман адамды көргенде өзіңді-өзің зертте,- деген екен Конфуций.

"Өресі биік тұлғаларды алдыңғы қатарға шығара алмаған және солардың ақыл-ойы мен іс-әрекетінің игілігін пайдаланып, жемісін тұтына алмаған қоғам ауыр дағдарысқа ұшырайды",- дейді Әл-Қайс.

Мен өзім жолықтырған әрбір адамнан өзімде жоқ жақсы қасиеттер көрем, олардан үйреніп жүремін. Менде мынандай міндер бар: жалқаулық, уақытты босқа өткізуге бейімділік, болмашы нәрсеге ашулану, уайымшылдық, бір шешімге келудің қиындығы.

Мен Алладан күндердің күнінде: артта қалып барасың деп белгі жасап тұрғанын тілер едім.

Абайда бір қасірет бар. Ол - тобырдан биіктеп кетіп, оны ерткісі келіп артына қайырылып, соңына еретін ешкімді таба алмағаны. Бүгінгі даналарға Абайдан гөрі жеңіл - сауаттылар көп, мәселе соларды ерте білуде.

"Өзгелерге көп нәрсені кешкенмен, өзіңе ештеңені кешпе",- деген Публилий Сир.

"Әрбір адам лайланып аққан бұлақ, оны түгел қабылдап әрі таза қалу үшін сен бір шалқар теңіз болуың керек",- депті Ницше.

Өмірден өнеге алмау - тоғышарлық. "Тоғышарлық ақылдың түні, айсыз және жұлдызсыз түн",- деген Цицерон. Конфуций: "Қайғысыз -адамды сүйе білуге, адаспай - білімдар болуға, қорықпай - батырлыққа жетуге болмайды",- деген екен.

Лао Цзы айтқан екен: "Ақиқатты тануға ақылы жетпегеннен адамшылық күтпе",- деп.

Америка Президенті болған Бенджамин Франклин: Тәжірибе мектебі - өте қымбатқа түсетін мектеп, бірақ ақымақтар үшін одан басқа үйренетін мектеп жоқ,- депті.

Егер адамдарға ұнағың келсе, олардың ақылын бағалай біл.

Кеңес беру парадоксы: Ақылды адамға кеңесіңнің керегі жоқ, ақылсыз онымен бәрібір пайдаланбайды.

Тыңдай білмейтін адамның айтар ойы да аз болады.

"Дүниедегі ең оңай нәрсе кісіге ақыл айту, ең қиыны - өзіңді-өзің түсіну",- депті Әл Фараби.

Басқалардың ісіне ақылды пікір айту өз ісіңе ақыл айтудан жеңіл.

Француз моралисі Ларошфуко: Ылғи өзін жұрттан ақылдырақ етіп көрсеткісі келгеннен артық ақымақтық жоқ,- деген.

Осы орайда ілгеріректе оқыған бір үлгілі әңгіме есіме түседі: Бір патша төңірегіндегілерге таза қағазға бір сызық сызып, үнсіз сауал тастапты. Сарайдағылар жұмбақты шеше алмай ойланып қалыпты. Ақыры бір ақылдысы оның жанына одан ұзынырақ сызық сызыпты. Ол -сен мінсіз болсаң, сенен де мықтылар бар дегені екен.

Ойлағаныңды айту - үлкен бақыт. Үш түрлі адам болады: біріншісі, ойлаған ойы, айтқан сөзі мен істеген ісі үш түрлі; екіншісі, ойлаған ойы мен істеген ісі бірдей, айтқан сөзі басқа; үшіншісі, ойлаған ойы, айтқан сөзі және істеген ісі бірдей адамдар. Нағыз адам - соңғысы.

Ойлағаныңды айта алатын кез де, айта алмай қалатын кез де кездеседі.

"Бидің айтқанын құл да айтады, бірақ аузының дуасы жоқ",- дейді Төле би.

Қоғам ылғи үздік адамдардан құрылуы мүмкін емес; қайта онда елеусіз қарапайым топ пен орта деңгейдегі адамдар көбірек. Менделеев таблицасы тек алтын мен радийден тұрмайды ғой, онда да қарапайым елеусіз элементтер көп, оның әрбірінің табиғат анықтаған өз рөлі бар, оларсыз таблица толық бола алмайды.

Олжас Сүлейменовтің "Жер шетінде тұрғандағы бір минут үнсіздік" деген өлеңінде "қолтығына Лениннің томын қыса жүретіндердің де, академиктердің де, билік иелерінің де ішінде оңбағандары кездесе береді. Оларды сүреңсіз, сұрқай, енжар кейпінен танисың",- дейді. Қалтасындағы дипломына немесе бүгінгі биік қызметіне қарап бағалаудың қажеті аз.

Эпиктет айтыпты: "Ақылды сөз айтқандардың бәрін ақылды деу, қолында балтасы бардың бәрін ұста деумен бірдей".

Жыланды неге ақылдылықтың символы дейміз? Өйткені оның шағуы ақиқат секілді, жаныңды ауыртады, тіпті өлтіріп жіберуі мүмкін.

Егер барлық мисыздар бір адамға жабыла қарсы келіп жатса, оны данышпан дей бер,- депті Джонатан Свифт.

Конфуцийдің: аса ақылдылар мен аса ақымақтар ғана өзгермейді,-деген сөзі бар.

Ақылсыз адам ешқашан да тығырыққа тірелмейді, өйткені онда ақылды адамдарға толып тұр.

Ертеде маймылдарды асқабақпен аулаған: асқабақтың бүйірін кішкене ойып, ішіне күріш салған. Маймыл қолын салып, күрішті уыстап алған соң, қолы қайтып шықпай қалады. Қолын ашуға қорқаулық жібермейді, асқабақты аунатып күрішті түсіруге ақылы жетпейді.

Ауыз - адамның қақпасы. Егер ашық қалдырсаң ақылың сыртқа шығып кетеді. Жабық ауыз тістің сақталып қалуына да көмектеседі. Бірақ айтылуы тиіс, ретті сөзің бар болса, тартынба, айт. Момындық, ұяңдық жасама. "Жақсының бір аты бар залым деген, жаманның бір аты бар момын деген",- дейді қазақ. Момындық көрсетсең жаман екен деуі мүмкін. Гамлеттің: "Вы можете расстроить меня,но играть на мне нельзя",- дегенін де есіңде тұт.

Ақылдыларды жұрттың бәрі жақсы көреді деп ойлама. Тек жемісі бар ағашқа ғана таяқ лақтырады. Жай биік ағашқа түседі. Құрт тәтті алмаға түседі. Семіз мал қасаптың пышағына алдымен ілінеді.

Құр бекерден тұрған желден пайда жоқ. Желге - желкен керек. Ақылдың желкені - шәкірт. "Неважно, есть ли у тебя исследователи, а важно, есть ли у тебя последователи",- деген Е.Евтушенко.

"Ақылды керексіз ұштай берсең топастандырып аласың",- депті Лихтенберг.

Қорғасынның жартылай ыдырауына 1700 жыл керек екен. Адамның толық тоқырауына одан мың есе аз уақыт та жетеді.

Қателіктің өзі - тәжірибе. "Қатеңді дер кезінде мойындау, оны түзелмейтіндей жағдайға жібергеннен анағұрлым жақсы",- деген Лев Толстой. Тағдыр солай шығар деп өзімізді-өзіміз жұбатамыз, шын мәнінде тағдыр дегеніміз - өмірде өзіміз жіберіп алған қателіктеріміздің жиынтығы.

Өзіңнің өмірлік бағытыңды дұрыс ұстанғың келсе өткен өміріңе жалтақтай берме, өйткені ол ешқашан да өзгермейді. Өткеніңді жіберіп алған қателіктеріңді болдырмау үшін ғана есіңе түсір.

Еңбектің рахатын адам өзі көре бермейді. "Төңкерісті ойлап шығаратындар - утопистер, орындаушылар - фанатиктер, ал оның пайдасын көретіндер - оңбағандар",- дегенді оқығаным бар.

"Ішінде дәнегі жоқ жаңғақ шағылғанда ұятқа қалады",- депті Саади. Үндемегеннің ақылды боп көрінетіні жаңғақтың шағылмай ішінің толы я қуыс екенін көрсетпей қалғанынан да болуы мүмкін.

Бірақ Монтескье: "Айтатын ойың жоқ болса, үндемегенің жақсы",-деген.

Қарау басқа, көру басқа. Бәрі қарап, біреуі ғана көруі мүмкін. Шалшыққа қарап, шалшықты ғана көретіндер бар да, одан жұлдызды көретіндер бар.

Тауықтың суға тұмсығын батырып аспанға қарағаны - аузына алған суын жұтуға мүмкіндік берген тәңіріне тәубесі дейді. Шошқа аспанға қарай алмайды.

Күлді қанша үйгенмен төбе болмайды,- дейді Қорқыт баба.

Жас ұлғайғасын ақыл өзінен өзі толысады деген бекер. Бірақ жетілуге бейім адамның өмірге көзқарасы мен өзін қоршағандарға пікірі жасы ұлғая келе өзгеріп, ақылы толысып отырады. Моцартқа тұстас бір композитор әуелі: "мен ғанамын",- дейді екен. Біраз жылдардан кейін "мен және Моцарт",- дейтін болыпты, тағы біраз жылдан кейін "Моцарт және мен",- депті. Аяғында "тек қана Моцарт",- деген екен.

Марк Твен: мен 14 жасымда әкем топас сияқты көрінетін, оның сөздеріне зорға шыдайтынмын, бірақ 21 жасқа келгенде әкемнің 7 жыл ішінде қалай ақылды болып кеткеніне таң қалдым,- депті.

Әпсана: Баласы нашар болып өскен бір әке баласына әсер ететін барлық тәсілдері таусылған соң есік алдына бір бағана көміп, баласының әрбір нашар ісі үшін оған бір шегеден қаға беріпті. Біраз жылда бағана шегеге әбден толыпты. Балаға бұл әсер етіп түзеле бастапты. Енді әке баласының әрбір жақсы қылығы үшін бір шегеден суыра беріпті. Ең соңғы шегені суыратын мерекелік сәт келгенде бала жылап жіберіпті. Неге жыладың дегенде: шеге жұлынып таусылғанымен орындары үңірейіп тұр ғой, - деген екен.

Мырзагелді Кемел. Әкесінің өз ұлына өсиеті
Мырзагелді Кемел. Денсаулық
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу