Шөп шапқан Мағрипа ақылынан адасты
17-09-2022
Адамның басшысы - ақыл, жетекшісі - талап, шолушысы - ой, жолдасы - кәсіп, қорғаны - сабыр, қорғаушысы - мінез, сынаушысы - халық болсын.
Саққұлақ би - Бөгенбай батырдың шөбересі.
Әзизім!
Бұл өмірде менің көзім жеткені: адам ақылды болып жетілуіне жаратылысына біткен қасиетіне қосымша екі нәрсе себепкер болады, ол -тәжірибе мен білім. Тәжірибе - басыңнан өткеніңді, көргеніңді көңіліңе түю, одан тәлім алу болса, білім тек оқу арқылы келеді.
Атадан балаға қанмен тараған ақылдылық, байсалды мінезді тәжірибе мен білім толықтырса, төңірегіне нұр шашып тұратын азаматтар солардан шығады.
Білім
Білім адамның ішінен шығатын нәрсе емес, сырттан келетін нәрсе. Оқымай білімді боламын дегендер, тормен су алғысы келгенмен тең. "Біз қанша білсек, сонша нәрсе қолымыздан келеді. Сондықтан да білім -күш",- депті ағылшын философы Френсис Бэкон.
Өзен қайтсе үлкейеді? Өзіне келіп құйған бұлақтардың бәрін қабылдай берсе. Білімділік те солай, құр оқып қана қоймай, бойыңа сіңіре білсең ғана, білімдар боласың.
ҮІІ ғасырда өмір сүрген, мұсылмандардың алғашқы төрт халифасының бірі Әзірет Әлінің /Әбу Әли ибн Әбу Талиб/ ілімнің қақпасы аталып кеткенін сынау мақсатында жерлестері оған он адамды кезекпен жібермекші болған, олардың бәрі Әзірет Әліге бір сұрақ: “Білім артық па, байлық артық па?",- деп сұрайтын болып келіскен. Егер осы сұраққа он түрлі жауап берсе ғана халифаны мойындамақ болыпты. Сонда Әзірет Әлі сұрақтарға былай деген екен:
1. Білім артық, өйткені ол пайғамбарлардан қалған мирас, байлық бақылдардан қалған мұра.
2. Білім сені бағады, байлықты сен бағасың, сондықтан да білім артық болатыны осыдан.
5. Білім артық, оны ұрыдан сақтаудың керегі жоқ, ал жиған дүниеңді ұрылардан күнде қорғау керек.
6. Білімің көп болса сені құрметтейді, байлығың көп болса қызғанады, білімнің артық болатыны сол.
7. Білім артық, білімің көп болғанмен есеп-қисап жүргізбейсің, байлығыңа ұдайы есеп жүргізіп тұруың керек.
8. Білім қанша көп болса да іріп-шіріп бүлінбейді, дүние-мал бүлінеді, сондықтан да білім артық.
9. Білім артық, ол жаныңды байытады, байлық жан дүниеңді шектейді, өзіңді тура жолдан тайдыруы мүмкін.
10. Білімді адам орнымен сөйлейді, мәдениеті артады, байлығы мол, бірақ білімсіз адам байлығына мастанып мақтанады, астамшылық көрсетеді, сондықтан білім артық,- деген екен.
Білімнің артықшылығын бұдан артық дәлелдеуге болмас.
Білім өмірде - таяныш, жолда - дос, жалғыздықта - жолдас, қуанышта - бастаушы, қайғыда - медет, күресте - құрал, зұлымдыққа қарсы айла деп діни хадистерде бекерге айтылмаған. Қараңғылық - бар бәленің бастауы, тасырлық та, тоғышарлық та содан, қараңғылықтың бұғауы мен надандықтың кісенінен азат ететін жалғыз күш - оқу.
"Білген адам - өкінбейді, мейірбан адам - мазасызданбайды, батыр адам - қорықпайды”,- дейді Конфуций. Өзі сүйіп көрмеген адамға махаббаттың не екенін түсіндіре алмайсың. Сондай-ақ өзін-өзі аяйтын, жанын кешіп жұмыс істегісі келмейтін адам білімдар бола алмайды.
"Мәдениеттің үш түрі бар: тұрмыстық мәдениет, яғни, жаңа ақпараттарды жай ғана жиюшы; діни мәдениет, оның мағынасы, белгілі бір нұсқаулықтарды орындаумен шектеледі; санаулылардың мәдениеті - өзін-өзі дамыту",- депті Худживри ұста.
Білу дегеніміз жеңу. Ғылым, білім - тоғышарлыққа ем.
Өз қанатың болмаса өзгенің қанатымен ұша алмайсың.
"Іздеген сирек болса да табады, іздемеген ешуақытта таппайды",-дейді Бальзак. Білім көңілге күдік туғызады, ал күдік тағы да жетігірек білуге жетелейді, демек, білім қосыла береді. Білім - адамның ақылын қозғап отыратын керемет күш, адамзат ақиқатқа баратын жолда білу арқылы жапа шегіп жатады. Тоғышарлық болса ештеңеге күдіктенбеуімен, ештеңені білмеуімен, білгісі келмеуімен, солай бола тұра, бәрін білемін деуімен мықты болғысы келеді. Білімділік - күдіктену арқылы көзіңнің жетуіне, тоғышарлық - тоңмойындыққа алып келеді.
Исаак Ньютон өлерінде былай депті: "Мен Ұлы Мұхиттың жағалауынан бір ғана кішкентай тас тауып алған балаға ұқсаймын, таптым да қуандым... Ал ол Мұхиттың жағалауы мен түпсіз тереңінде ол секілді тастар қаншама". Омар Хайямның соңғы сөзі былай болыпты: "Алла! Мені өзің берген білімім үшін кеше гөр!".
Қазақтың тарихы келте, жөнді сақталмаған дегенді көп айтамыз. Бір өзі мыңға, миллионға татитын Абайымыздың қадіріне де енді жеткендейміз. Мен қазақты үшке бөлген болар едім: Абайды оқығандар, Абайды оқысам деп жүргендер және Абайды оқу керектігі ойына кіріп те шықпайтындар, - деп.
Ең жоғарғылар - туғаннан біліп туғандар, келесісі - оқып барып, танып-білгендер, одан кейінгісі - тал қармағанда ғана оқитындар, одан төменгі адамдар оқу керектігі ойына кіріп те шықпайтындар. Олар -надандар. Ал надандар - тірі өліктер.
Ең бағалы табиғи тасты алмаз дейді, оны қырландырып, тәртіпке келтірген соң ғана бриллиантқа айналады. Бриллиант үлкен болып, қыры көп болған сайын бағалы. Оқу-біліммен қырланған ақыл да солай.
“Білім - күш”,- дедік. Шын мәнінде, білім бар болғаны кілт қана, оның орнын тауып қолдана білсең ғана күш-қайратқа ие боласың.
"Білімсіздік - бұл ымырт, оны жамандық кезіп жүреді. Көшені жарықтандыруды ойласаңыздар, мархабат; ең бастысы ақыл ойды ағартуды ойласаңыздар екен",- дейді Виктор Гюго.
Құр оқи бергенмен ештеңе шықпайды, әлсін-әлсін ойыңды қозғап қой, пайдаланылмай қалған ақылды тот басады.
Көп адам өзінің не тындырып жүргенін, ақыл-қабілеті қай деңгейде екенін біледі. Көп білген сайын адам білім-танымға тойымсыз келеді. Мұхаммед пайғамбар мен дана Шәкәрімді жылдап тау-дала кездіріп ойландырған сол білім-танымға асықтық. Осыған керісінше, адам аз білген сайын өзіне-өзі риза болады, тоқкөңіл келеді.
Білім де талпынсаң қонады. "Ит маржанды не қылсын",- деп ұлы Абай айтқандай, маржанды қажетсінген адам, оны іздеп тереңге бойлай білген адам табады. Ал тереңге бойлау үшін талап керек.
Білімі ақылынан көбірек адам, білімінен таяқ жейді.
Өмірден үлкен ұстаз жоқ. Киікбай деген би айтқан екен: "Нағыз бақ еңбектіге бітеді, өмір үйретіп данышпан етеді. Ақылым - атам, білімім -бабам",- деп.
"Білім деген зейін, ал ақыл басқа",- деуші еді өмірінің 45 жылын ораза ұстап өткізген, сексеннен асып қайтыс болған Сақы нағашым. Дүниенің сыры тек білумен түгенделмейді.
Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім - адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі,- деген Әл-Фараби бабамыз.
Неміс халқында бала тәрбиелеуде екі ерекшелік бар, біріншісі: баласымен тең кісідей сөйлеседі, сөйлесе отырып мүмкіндігін байқайды, осал жерін байқатпай көтеріп отырады, екіншісі: баласын ең негізгі нәрсеге, сөйлеп тұрған адамның мінезіне, дауыс екпініне, қысқасы, биязы-оспадарлығына қарамастан тыңдай білуге үйретеді. Себебі тыңдай білмейтін адамның айтар ойы да аз болады.
Талантты деп ерекше қабілеті бар адамды айтамыз. Талант ескі гректер мен римдіктерде табиғи сый мен қабілет.
Даль оны - жолы болу, табыс, бақыт деп бағалаған. Эдисон: Талант дегеніміз бір процент қана қабілет, ал қалған 99 проценті еңбек,- депті.
Талант асыл тас сияқты. Қанша үйкесең, соншама жалтырайды.
"Алаған қолым береген",- деген қазақ. Біреуден үйрену үшін, оған да үйрете алатын бір нәрсең болуы керек.
Оқыған, естіген жақсы ой, пайдалы әңгімелерді тарата жүр, менен басқа ешкім білмесін деме. Ағаш саған өзінің саясын, жемісі мен гүлдерін беріп тұрса, мен ғана пайдаланамын деп түбімен көтеріп әкетсең, солады.
Мырзагелді Кемел, «Ақыл қалта»