Мырзагелді Кемел. Басқару

Oinet.kz 13-09-2020 1822

Бір өзің ештеңе жасай алмайсың. 200 жыл өмір сүретін үйеңкі де жаңа отырғызылған кезде жалғыз болса өліп қалады. Сондықтан төңірегіңе тілеулестеріңді топта, оларды шашау шығармай басқаруды үйрен.

image.png

"Көпте ақыл жоқ. Көптің соңынан итше ере бермей, адасқан көптің атының басын бір бұруға жарағандық - ерлік",- дейді Абай.

Басқару - өзгелерді барлық жұмыстарды өздері істеуге мәжбүр ету өнері.

Басқаруда шаруаның тірлігін өнеге ет: жақсы ауа райы болса, тыңайтқыш бер, сөйт те адамдардың өзімен-өзі өсуіне мүмкіндік жаса: сонда адамдар сені таңқалдыратындай өнім береді.

Проблема айсберг сияқты, ешуақытта түгел көрінбейді.

Жұмысты қалай жүргізуді білмейтін адам оны басқаруға ұмтылмас болар, ол автомашина жүргізуді білмейтін адамның рульге отыруымен бірдей.

Ақылды басшы таудан төмен аққан суларды өзіне жинап алатын өзен сияқты өзін қарамағындағылардан төмен қоюы керек.

Өзіңді өзің зертте. Түркістандағы қасиетті Қожа Ахмед Иасауидың кесенесінің қақпасында: "Дүние - уақыт, оны өзіңе бағындыра біл",- деп жазылған, және "Егер кім де кім өзін-өзі таныса, ол адам өзінің Құдайын да таниды",- делінген.

"Күштен - құдірет, жарықтан - нұр алып пайдалануға болады. Тек қана жарық пен күштің шыққан тегін түсініп алған жөн",- дейді Николай Рерих.

"Өзгені жеңсең мықтысың, өзіңді жеңсең құдіреттісің",- депті Лао-цзы.

Еврей халқында өзім ұнататын мынадай қасиет бар: олар өзін-өзі зерттей, тани жүреді. Жастары білім алған соң он-он бес жыл түрлі, бір-біріне ұқсамайтын жұмыстарды істеп өзінің қабілетін, қандай іске қызығатынын өзі тексереді. Сөйтеді де жақсы білетін, жақсы көретін, осы салада өз мүмкіндігімді толық игеремін-ау дегенін ұстайды, біреуі саясатты, біреуі дінді, біреуі кәсіпкерлікті, біреуі етікшілікті таңдайды, бірақ әрбірі өз ісінде жетістікке жетеді, сол істе үздік болуға ұмтылады.Сөйлей білуді үйрен. Қай жерде не айтатыныңды біл. Бір ойды бірнеше түрлі мағынамен жеткізуге болады. "Сөзбен айтып өлтіруге де болады, мылтықпен атып өлтіруге де болады",- дейді Қазбек би. "Сөйлей білуді үйренбеген карьера жасай алмайды",- деген Наполеон.

Болжай біл, көру оңай - болжау қиын, қарамағыңдағыларға сен. Салқынқанды бол. Тәуекелден қорықпа. Қарамағыңдағылардан көп біл. Әртүрлі пікірде болуды қолда.

Әуелі қарамағыңдағылардың пікірін тыңда. Ортақ тіл табу үшін өз тіліңді тістей тұруға әдеттен. Егер қызметкерлердің пікірі дұрыс болса, менің айтқаным болуы керек деп ешуақытта қасарыспа. Ол іске зиянын тигізеді.

Қалмақтарда "өзің білме, білгеннің тілін алма",- деген қарғыс бар.

Қарамағыңдағылардың бәрін бірдей көр, бірақ қабілетіне қарай бағала. Ракқа да, суықтап қалғанға да бірдей аспирин беретін дәрігерлер бар, оған ұқсама.

Табанды болу дегенді бірбеткейлікпен шатастырма. Табандылықта принциптілік бар: "бұл менің өмірлік қағидам, бұдан айни алмаймын",-деген. Ал бірбеткейліктің негізінде принципсіздік жатыр. Қарамағындағылар саған келгенде мәселені талқылау үшін келмесін, оны зерттеп, нақты ұсыныспен келетін болсын. Сонда ғана олардың қабілетін тани аласың. Аузыңа қарап отырып, сенің идеяларыңды мақұлдай жөнелетіндерден пайда аз. Жарамсақтанғандар, пысық көрінгендер, басшының ойын өрбітіп, ертеңіне өзіне қайтып жаңа ой ретінде айтып ойлы атанып жүретіндер айналаңда толып жүреді. Біреудің баласы немесе жиені болғаны үшін қабілетсіз болса да бірге істеуге мәжбүр болған кездер қазірге дейін бар, бірақ өтіп бара жатыр. Кімнің қабілеті қандай болса, соған лайық жұмыс істейтін заман туып келеді.

Ізден. Гелийді ойлап тапқан Содди деген ғалым. Ол оны іздеген соң тапқан. Ұдайы іздеген. Армандаушы арманынан күштірек болуы керек. "Тайды күтіп мінген ат та мінеді", - деген Әмір Темір.

Басшы қандай болса, ұжым сондай. Хатшысы бұлғақтап бос жүрген мекеменің өмірі қысқа. Фирма туралы пікір фирмаға соғылған бірінші телефон қоңырауына берілген жауаптан-ақ қалыптасады.

Әр адамның кілті өзгеше, соны тап. Сонда ғана басқара аласың. Өзің ғана істеп, төңірегіңдегілер істемесе, сен істі тоқтатқан күні керек болмай қаласың. Төңірегіңдегілерге іс үйретсең, олар сені өмір бойы құрметтейді.

Гете айтыпты: "Майдалардың арасында жүрсең ұсақтайсың, ірілердің арасында өзің де өсесің",- деп.  Жақсылармен жанас.

Бізде басқару туралы ілім болған емес. Кім тәртіпті болып, нашар жағынан көзге түспесе, қызмет сатысында өсе берген.

Өзіңді өзің басқара біл. "Өзін өзі басқара алмаған, басқаны да басқара алмайды",- деген ағылшын мәтелін есіңде тұт.

Әпсана: Жыланның басы мен құйрығы келіспей қалады. Құйрық: мен алдында жүруім керек,- дейді. Бас: бұрыннан мен алдында жүретінмін, енді неге соңына түсуім керек,- деп көнбейді. Оған риза болмаған құйрық ағашқа оралып қалады да, бас ілгері жылжи алмай қалады. Содан бас амалсыз құйрықты алға жібереді. Құйрықта көз жоқ, жанып тұрған отқа түсті де кетті. Ұстаз бен шәкірттің, бастық пен орынбасардың арасында да осындай жағдайлар жиі ұшырасады.

Адамды басшы қызмет беріп сына деген сөз бар. Қарамағыңдағыларға айқайлама. Қызметіңнің өсуі даусыңнан білінбесін. Жақсы қойшы қойдың жүнін қырыққанда жұлмайды, терісін кеспейді, өткені одан жүн көбеймейді. Біреуді жерлеп ұрысқанда шектен шықпа. "Біреуге кісінің көзінше ақыл айтсаң, ескерту жасағандай болады",- деген Қабуснамада. Оны есіңде тұт.

Жүре тыңдама, ол қарамағыңдағыларды менсінбегенің. Қарамағыңдағыларды еркінірек ұста. Николай І: "Россияны мен басқарып отырған жоқпын, 35000 чиновник басқарып отыр",- деген екен.

Скрипканың ішегін жай сүйкесең жақсы дыбыс шығарып, қатты ұрып қалсаң барқырап кететіні де ойландыратын нәрсе емес пе.

Қарамағыңдағыларға жобалап отырған ісінің тиімділігін түсіндір. Императрица Екатерина ІІ-ден бір шетелдік елші: "Басқаларға көне қоймайтын дворяндарыңыз сіз айтқанда ылғи тыңдайтынының мәнісі қалай?"- дегенде: "Мен оларды ешуақытта өздеріне тиімсіз жұмысқа жұмсамаймын",- депті.

Істің бастапқы кезінде қателеспеуге тырыс. Жолдың бас жағында бір қадамға қателессең, аяғында басқа жақтан шығасың.

Тапсырмаңның орындалуын мезгіл-мезгіл қадағалап отыр. Жоғарыдан төмен түскен ақпарат пен нұсқаулар өзгермеуі мүмкін емес, соны ең төменгі қызметкерлерден біліп тұр.

Кеңестік тәрбие көрген біздегі басшы қызметкерлер қызметі өскен сайын жұмысым жеңілдеді, рахатын көруім керек деп ойлайды. Жәрдемші көп, айтқан тапсырманы қағып алып, орындап жатқанда оған үйрену, қалыптасу қиын емес. Өздігіңнен іздену, үйрену, өз сөзіңді өзің дайындауға өзіңді зорлау осы жерде керек. Ол - қабілеттіліктің, біліктіліктің, парасаттың белгісі.

Асып-саспа. Үрейге берілме. Қарамағыңдағылар титімдей солқылдақтығыңды сезсе, құрметтемей қояды. Кеме ойылғанда, ойықты бітеңдер деп басқару пультінде тұрып қалған капитан, орнынан кетіп, кеменің тесігін бітеуге қатыса кеткен капитаннан дұрыс.

Өмір - театр, айыпты қашан да - режиссер.

Мәселені "кімдікі дұрыс" деп емес, "қайсысы дұрыс",- деп қой. "Мәселені дұрыс қоя білудің өзі оны жартылай шешу деген сөз",- депті Дмитрий Менделеев. Оны күрделі ету оңай, қарапайым ету қиын.

Бір күн түсіндіргенше, бір сағат істеп көрсеткен жақсы.

Өзгерте беруге құмар болма. "Алтын балық" туралы ертегі есіңде ме? Өзгерте бергісі келетін адам бастапқы жағдайына қайта оралып қалуы ықтимал.

Біреуге берген тапсырмаңның орындалуын қайта-қайта тексере берсең, еккен өсімдігіңді күніне суырып алып, өніп жатыр ма, жоқ па деп тексеріп көргенмен бірдей.

Басшы өз қателіктерінен тәжірибе жинап жұмыс жүргізгенмен мықты басшы бола алмайды. Ол алдымен ең қымбат нәрсені - уақытты жоғалтады. Басшының қателесе беруге қақысы жоқ. Оның бетіне көптеген адамдар қарап отыр, ал басшының қатесі қарамағындағылардың болашағын бұлыңғыр етеді. Сол себепті басшы өз қатесінен емес, өзгенің қатесінен сабақ алуы керек.

"Ер үстінде ұйықтамасаң,

Атқа мініп нең бар?

Халық қамын ойламасаң,

Датқа болып нең бар?",- депті Саттар Ерубаев 23 жасында.

Ер жігіт ел үшін туады, жау шапса ерге айтады, артылып қалған жүкті нарға артады.

Өзім білем дегеніңді өзің көтер. Қай мәселеде болсын жауапкершілік жеке болуы керек.

Жақсы орынға нашар қызметкер отырғанша бос тұрғаны жақсы. Егер адам қызметке лайық болмаса адамды өзгертемін деп әуре болма, қызметті өзгерт. Сенің өміріңді өксітетіндер жұмыстан босатылғандар емес, жұмыстан босатылмағандар.

Қарамағындағы қызметкердің пікірі сенің пікіріңе қарама қарсы болғаны үшін қудалама. "Саған қарсы келуге батылы жететін адамға ғана сенуге болады"- деген Екатерина-ІІ.

Ұраншылдықтан сақтан. Жақсы кәсіпорында жақсы жұмыс істеу жайлы ұранның керегі жоқ.

Бір жұмысты бітіруге нақты күн белгілеме. Ол асығыстыққа алып барады. "Асығыс жұмыстан ақаулы бала туады",- деген М.Шолохов.

Басқару ісіне ешуақытта уақытша адамды қоюға болмайды. Ол, уақытты сұрасаң, өзіңнің сағатыңды алып, қанша уақыт болғанын айтқан соң, сағатыңды қайтармай кете баратын адамға ұқсас.

Орманшы ормандағы аңның санын білу үшін әрбір түп ағашты аралап, санап шыққаннан, суатқа келген аңдарды санағаны нақтырақ болады.

Мұхиттан жүзіп өту үшін өзің корабль құруың шарт емес. Дайын нәрселерді пайдалану, өзің жасап шығарғаннан тиімді кезде басыңды ауыртып жатпа. "Иті бар адамға өзі үруінің қажеті жоқ",- депті бір американдық жарнама агенті.

"Біледі" деген сөз, өзінен-өзі "қолынан келеді",- деген сөзбен алмасып кетпеуі керек.

"Ақыл асқазанға байланысты",- деген сөзді Энгельс немістің әскери теоретигі Клаузевицтің сөздерінде кездестірдім деп жиі айтып жүреді екен.

Екі түрлі менеджер болады. Біреуі: "бұл қанша тұрады?" деп сұрайды, екіншісі "бұл не береді?" дейді. Соның екіншісін басшылыққа ал.

Басшының есінде үш нәрсе тұруы керек: кісіге құрмет, сатып алушыға ілтипат, сапа. Бағасына сапасы лайық зат шығарғанда ғана ол салада ұшпаққа жетуге болады.

"Сатып тұрған мен емес, затымның өзі" - деген қағида бар.

Басқарушының 10 ұлағаты: адалдық, тәрбиелілік, кісіге құрмет, ұйымдасып жұмыс істеуге бейімділік, зерттей білу, жаңашылдық, істің сапасы, жұмысқа кірігіп кету, азаматтық сезім, тиімділік.

Пешке отын салғанда біреулеп салады. Бір құшақ ағашты бірден саламын десең, есікке тіреліп қалады. Көп жобаны бірден қолға алу да сол сияқты.

Бір биіктен бір биікке көтерілу үшін әуелі төмен түсіп, сосын көтеріледі.

Үлкендерге жастарды көмекке беруден, жастарға үлкендерді көмекке берген дұрыс.

Қарны тоқ адамға нан беріп жұмыс істете алмайсың. Нан наны жоқ адамға ғана қымбат.

Сеніміңді жоғалтпа. Ары итеріп жіберу оңай, солай жаса деп сыбырлайтындар толып жатыр. Сақтап қалсаң дұшпаның болса да, достасып кетуіңе жол ашылады.

Әпсана: Бір патшаға «төңірегіңіздегілердің бәрі дүниеқоңыз және сенімсіз, оларды ауыстырып, орнына әлі биліктен бүлінбеген, сенімді адамдарды қойыңыз»,- деп кеңес беріпті. Сонда патша ойланып отырып: Жақында мен базарға бардым. Бір бұрышта үсті басы шыбыннан көрінбейтін бір қайыршыны көріп, жаным ашып, шыбындарын үркіттім. Қайыршы болса: уа, мырзам, неге олай еттің? Менің үстімдегі шыбындар әбден тойып, құр ғана қонақтап отыр еді. Енді оның орнына аш шыбындар келіп, мені тағы да талайтын болды ғой,- деді. Менің жаңадан қойған қызметкерлерім де алдымен өздері тойынуға тырыспас па екен?- депті.

Бір адамды жұмысқа қабылдағанда сен бір ақ адамның жауапкершілігін емес, оның отбасының жауапкершілігін мойныма жүктедім де. Оның үй-іші, балалары, ертеңі есіңде болсын. Балаларын аяққа тұрғызуға, кәрі әке-шешесін қамтамасыз етуге сен берген қаржы жетпейтін қызметкердің көңілі ылғи алаң болады.

Ешқандай кінәсі жоқ адамды жұмыстан шығарып жіберу - үлкен күнә. Олай етпеу үшін жұмыс орнын қысқартпауға әрекет жаса, жаңа жүйелерді іске қос, әркімге қабілетіне қарай іс бер.

Егер адамдар ертеңгі күніне сенбесе бәрі де құлдырайды. «Америка ештеңе істемейді. Істеп жатқандар американдықтар» - дейді американ саясаткерлері. Ұйым ештеңе істемейді, істейтіндер ұйымдағы әрбір қызметкердің өзі және оларды үйіріп басқара білетін басшы.

Бос қапты тұрғызып қоя алмайсың. Қанша сүйегенмен отырған орнында ештеңе тындырмайтын адамдар сол сияқты.

Тобыр орташа қабілеті бар адамнан да топас болады. Балаларды топқа бөліп оқытатын себебі, ол мұғалімге өзінің білгенін ғана үйретуге мүмкіндік береді.

Адамды үндетпей тастап, келісті, мойындады, мақұлдады деу біз өскен заманда ғана дұрыс деп есептелді.

Ананың орнында болсам қанша іс тындырар едім деп ойлайтындар өзі отырған қызметінде ештеңе тындырмаған адамдар.

Алдыңа келген адам өз пікірімен келіп, сенің пікіріңмен кетсе жұмысыңның рахаты да, қызығы да сол.

Жағдаяттарымның бәрін реттеп алайын, сосын елге қызмет етемін деп жүргендер өз жағдаяттарының құлдығынан ешуақытта босай алмайды.

Көлеңкесі қою ағаштың астында ештеңе өспейді. Біреудің көлеңкесімен келе жатқан, өзі ештеңе үйренбеген адамның қызмет сатысында биікке көтеріле алмайтыны, көтеріле қалғаны тез құлайтыны содан.

Еркін боламын десең "жоқ" деуді үйрен.

Ескірген бәтіңкені бірден тастамайды, біраз сақтайды, үй жұмыстарына киеді, жыртылса, жамайды. Үйіңді жөндегенде артылған ширек құты сырларды қимай қаңсығанша сақтайсың. Ескі достары мен қызметтестерін қимай жүк етіп соңына ертіп жүру осы психологиядан ауысқан.

"Үлкен ағаш көлеңкесімен талайды қорғауы мүмкін, бірақ өзі күнге шыжып қалып қояды",- деген үнді нақылы.

Адам биіктеген сайын, оның төңірегіндегілерге көлеңкесі көбірек түседі. Ол көлеңке пайдалы, әрі, пайдасыз болуы мүмкін.

Салтыков-Щедринді губернатор етіп жіберіп тұрып Александр ІІ: Ал енді өзің сынап жазғандарыңды өзің жаса, - депті.

"Карьера жасаймын десең: сұр киімдер ки, өзіңді қалтарыста ұста, инициатива жасаушы болма",- депті Талейран.

Үлкен жолға шығар алдында үрейленетіндерден алдағы мақсатын, бұл өмірде неге қол жеткізгісі келетінін сұрап тұр. Бұл ой көкжиегін кеңейтеді.

Бір жерде отырып күтіп отырған адам бір жерде тұрған зат сияқты, оны шаң басады.

Пеш салғанмен жылы бола салмайды. «Салып бердім ғой, не қыл дейсің»,- деу біз басып өткен заманның түрді мазмұнмен шатастыратын қателігі. Пеш салғаннан кейін отын табу, оны пешке салу, тұтату, мезгіл-мезгіл қарап, отынын толықтырып тұру керек, сонда ғана жылы болады. Бизнесте де солай.

Мақсатқа жету үшін мақсат еткен нәрсеңді айқын білуің, соның орындалатынына сенуің керек.

Сенбесең - бастама. Бастадың ба, аяғына жеткіз. Орта жолда тоқтағаннан қайтуға да күш кетеді. Орта жолға барғанда, көп жүрдім-ау, тағы қанша жүрер екенмін,- деген уайымшылдың сөзі, жақсы жүрдім, енді азғана қалды,- деген дұрыс.

Істі бастамай тұрып ойланған, қорытынды шығара алмай ойланғаннан жақсы.

"Бір істі қолға алған кісі құдық қазушының кебін киеді. Егерде ол құдықты терең қазып судың көзіне жетпей тоқтаса, онда бар еңбегінің зая кеткені",- депті Конфуций.

"Бір тәуекел бұзады

Мың қайғының қаласын,

Бір жақсы сөз жазады

Мың көңілдің жарасын",- деген нақыл сөз бар қазақта. Асықпа. Черчилльдің Хрущевқа айтқаны есіңде болсын: "Апанды екі басып, аттап өтуге болмайды. Ішіне түсіп кетуің мүмкін".

Жайбасар да болма. "Ақырын жүрсең сорың сені қуып жетеді, жылдам жүрсең сен сорыңды қуып жетесің",- деген Мұқағали.

"Бір жұмысты тындыруға құлқың болмаса, оның нәтижесі де ойдағыдай болмайды". Бұл Гамперсон заңы. Бір жұмысты ойдағыдай етіп істеуге шалағайлық жасаған адам, оны қайта істеуге уақыт пен күш жұмсауға мәжбүр болады.

Қолға алған ісің орындалмай қалса, болмашы себептерді айтып, өзіңді-өзің алдарқатпа, ең басты себебін тап, соны келешекте болдырмауға тырыс. Асанбай Асқаров айтқан бір мысал есіме түседі: Архиерей өзінің қол астындағы діншілдерін аралап, өз көзімен көріп қайтқалы елге шығыпты. Ол жақындаған кезде, тәртіп бойынша, шіркеуде қоңырау соғылып қарсы алуы тиіс екен. Бір жердегі шіркеуде қоңырау соғылмапты. 

Жергілікті шіркеу ұстаушы дьяконды шақырып оның себебін сұрағанда, ол, қоңыраудың соғылмауына он екі себеп айтқан екен. Соның ең соңғысы: «ол жерде қоңырау жоқ еді» болыпты. Соғылар қоңырау болмаса алдыңғы он бір себептің керегі бар ма еді?!

Ағаш кесіп жатқан араң өтпей қалса, уақытым кетіп қалады деме, қайрап ал, әйтпесе өтпес арамен ағаш кесуге көп күш босқа кетеді, ол жігеріңді құм етіп, уақытыңды алады.

Біреудің соңынан қалмай, тәптіштеп түсіндіре бастасаң, түсіндіре алмайсың. Пайда іздеп жүр ме деп ойлап қалуы мүмкін.

Шыңға бір ғана үлкен секіріспен шығамын деп дәмеленбе. Өздері бір нәрсе істеуге тырысқан адамдарға ғана тағдыр оңынан келеді. Биікке тек бір текпішекпен шығады. Өзіңді-өзің жігерлендір, жетекте, үйренуге зорла, басқа адамдар мені қашан жетелейді деп күтіп отырма. "Жұмысты істеуге ықыласты адам білетін адамнан артық істейді",- дейді Г.Мурей.

"Біреудің жоғын біреу ысқырып жүріп іздейді",- деген мәтел бар қазақта. Өз жоғыңды өзің ізде. Сонда ғана табылады.

Үлкен істерге ұмтылғандарды құрметте, оны жүзеге асыра алмаса да, оның талабының өзі құрметтеуге лайық.

Маңдай терімен табыс табуға ұмтылмайтындардан аулақ жүр. Ертегілеріміздің жолдан кездескен немесе тауып алған байлыққа үндейтінімен келіспеймін.

Жұмыс ылғи қызық болмайды. Өмір бақи бұранда бұрап немесе темір тесіп тұратын адамдар болады, олар да керек. Оларға жұмысының қызықсыз болғаны үшін қымбатырақ төле. Бір мезгіл ақыл-ойын жұмсай алатын басқа жұмыс бер.

Ешкімді жалынып, зорлап ұстап қалуға болмайды, қанша басы алтын қызметкер болса да істегісі келмегендерде ықылас, құлшыныс болмайды. "Осында істейсің бе, кетесің бе өзің шеш, қалсаң біздің жұмыс тәртібімізбен істе",- деу керек.

Қарамағыңдағылар ақшаның қалай жасалып жатқанын білмесе, қызықпайды. 

"Жұмысты жақсы істеу керек, сонда табыс та мол болады",-деген әшейін ұран ғана. Табысқа қалай қол жететінін айту керек. Есеп-қисаптан хабары болып, соның қаншалықты тиімді екенін білмеген адам жұмыс істемейді, әшейін жұмыс істеген түр білдіріп жүре береді. "Мен кішкентай адаммын",- деген ойдан айыр, шын мәнінде өндірістің бір қожасы сол екеніне көзін жеткіз.

"Айтқанды істе, өз жұмысыңнан басқада ісің болмасын",- деген дұрыс емес. Адамда қызығу, творчестволық ұмтылыс болмай қалады. Таңертең жұмысқа асыққаныңда не істеп, не қоятыныңды білген рахат емес пе?!

Қызметтестеріңді есеп-қисап жасауға үйретпесең, оның еңбегіне төленіп жатқан айлығы ылғи да аз секілді көрінеді. Чжуан-цзы айтты деген бір аңыз бар. Маймылдардың патшасы таңертең каштан жаңғақтарын таратып тұрып: қазір үшеуден берсем, кешке төртеуден жетер еді,- депті. Оны жақтырмай маймылдар шулап кетіпті. Онда қазір төртеуден, кешке үшеуден берейін,- депті патшасы. Маймылдар қуанып сандарын шапаттапты. Еңбекақыны көп төлеген жақсы, бірақ кіріс пен шығыстың арасы жақын немесе тепе-тең болса, онда тосыннан болған баға немесе салықтағы өзгерістерден, жаңадан пайда болған бәсекелестерден мекеме көпке бармай күйреуі оңай.

Айналаңда жүргендердің көзінде оты жоқ, жансыз, құр сүлдесі жүргендер болса мекемеңнің келешегі жоқ. Сені қоршағандар рахат үшін емес, бала-шағасын бағу немесе  уақытын өткізу үшін ғана жүргендер.

Армандай білуді үйрет. "Бақыт құсы деген бар, бірақ оны ұстау көп еңбекті қажет етеді. Сен бақытты болуға міндеттісің. Өзіңнің бақытыңды іздеп табатын өзің" де.

Отыз адам отыз қап ұнды отыз көлікпен әкелгенше, отыз қап ұнды бір адам бір ғана көлікпен әкелген тиімді ғой. Сондықтан бірігу, кооперация жасау керек. Өзім тоқ болсам болды демегендер солай жасайды. Мешітке жинаған ақшаны жеп қойып жатқан заманда біріккендердің басына адал адам табу қиын. Бірақ сондай адамдарды тәрбиелеп жеткізу керек.

Бізде бүгінгі күндері ұжымдық құрылым жоққа шығарылып, жеке тұлғаның ролін биікке көтеріліп отырғанын байқау қиын емес. Бұл дұрыс та. Қоғамның жұмысын өзінің жұмысындай беріліп істейтін адам аз. Халық айтса қалып айтпайды: "Өзімдікі дегенде өгіз қара күшім бар",-деген ғой. Бірақ, адам баласы қоғамнан тыс, жеке өзі өмір сүре алмайды, ондайлар бірен саран бар, олар адам кейпін жоғалтқандар. Адамзат қоғамын құмырсқаның илеуіне ұқсата бер, онда әркімнің міндеті бар, әрқайсысы әртүрлі әлеуметтік топқа жатады. Оларда өзара жәрдем дамыған, сүйреп келе жатқан табысына шамасы келмей жатса басқа біреуі сүйресіп жатқанын көресің. Зерттеулерге сүйенсек, жалғыз құмырсқаны жеке қамағанда он құмырсқаны бірге қамағаннан гөрі үш есе қысқа өмір сүрген.

Халықты алдауға болмайды. "Халық деген бейшара ғой, сойыл соғысқанда бірге соғысады, үлеске келгенде құм асайды",- деп Мұқтар Әуезов осы қағиданы ұстанбағандарға ашынғаннан айтқан.

Бизнеспен айналысуға түрткі болатын заттар - пайда мен мақтаныш.

Егер адамдарда эгоистік қызығу болмаса, толық қайтарым болуы қиын. Адамның табиғаты солай. "Адам өзі үшін істегенде ғана шын ықыласпен істейді",- дейді Герцен.

Рейнольдс Додсонның тығырықтан жол табу жөніндегі кеңестері:

1. Ойдағыдай болар деп ойла, бірақ ойдағыдай болмай қалатын жағдайға дайындал. Мұндайға іштей алдын-ала әзір адам әрдайым тез оңалады. Тығырыққа тірелетін жағдайды бажайлаудың амалы: басыңа күн туатын ауыр ахуалдарды ойша өткеру. Бұл тұйыққа тірелген сәттің кесапатынан аман-сау өтуіңе кепілдік береді.

2. Әрекет жасамас бұрын әуелі бұл ісіңнің пайда-зиянын ой елегінен өткіз. Асығыстық арандатуы мүмкін. Батылдық әрекет бастар алдында асықпай ойлану қажеттігін жоққа шығармайды.

3. Ақыры тәуекелге бел буған екенсің, енді ештеңеге алаңдама.

4. Орайы келіп жатса, жәрдем сұраудан да жалтарма. Әдетте осындай өмір өткелдерінен өткен адамдардың қолғабыс-көмегі арқасында ғана ойдағыдай нәтижеге қол жетеді. Жеке-дара қимылдауға талап қылғандар таудай қиындықтарға жолығады.

5. Болмашы нәрселерге алданып, шырматыла берме. Бірінен соң бірі туындап жатқан шұғыл мәселелерді шешу үстінде ең басты мақсатыңды екі елі естен шығарма.

6. Қандай қиын жағдай тумасын, шыншыл бол. Қиын түйінге кінәлі өзің болған шақтарда жалған сөйлеп, жалтаруға немесе жылы жауып қоюға құштарлық оянуы да мүмкін. Ақталудың ұят екені өз алдына, пәлендей пайдасы да жоқ. Шындық ақыры анықталған кезде жалған сөздің зардабы алғашқы ағат істен әлдеқайда зор зиян әкелуі мүмкін.

7. Үнемі "ойдағыдай болар" деп үміттен. Қиын түйіндер әлдеқашан пісіп-жетілген мәселені шешудің енді шегінерге жол қалмағанының көрінісі. Дағдарыс өзгеріс жасауға итермелейді.

Тығырыққа тірелген шақтарда қандай ауыр ахуалға тап болғаныңмен, мұның өзі саған жаңа мүмкіндіктер беретінін жадыңда ұста. Ұтылсаң мұның бәрі болашағыңа сабақ. Ұтып шықсаң - бұл өмірдегі ең үлкен жеңісің болуы да ықтимал.

Бұл кеңестер өзіңе, жолдастарыңа бірде болмаса бірде керек болады.

Халқымызда: "Кімнің бай болғысы келмейді - Құдайы қаламайды, кімнің батыр болғысы келмейді - жүрегі дауаламайды",- деген сөз бар.

Етті көп жейтінімізге мақтанамыз. Ол мақтаныш етерлік нәрсе емес, ескі замандағы ұстаған аңын бұтарлап, бөліп жегеннен қалған, ұмыта алмай келе жатқан әдет.

Қазақ жүз теңгесі бірден екі жүз теңге болып кетпесе менсінбейді. Ағамның ұстазы, самарқандық өзбек академигі біздің үйде қонақта отырып: "Біздер, өзбек халқы құдай несібе үлестіргенде өз қолынан емес, біреулер арқылы алған екенбіз, ұдайы біреудің қолына қарайтынымыз содан, ал, сіздер, қазақтар несібені құдайдың өз қолынан алғансыздар" дегенде: біз қандай ұлы халықпыз деп мақтаныш етіп едім. Сөйтсем несібе желмен келетін емес, еңбекпен, ұқсатумен, саудамен, есеппен, тәуекелмен молаятын нәрсе екен. Сол кезде мен отыздан асып кеткен едім, осы қарапайым нәрсеге ақылым жетпепті.

Ескі машинаны жөндеп, сапасы өзге мата шығара алмайсың. «Ескіні жамасаң есің кетеді» деген. Қимағанмен, қымбатқа түскенімен технологияны өзгертіп тұруың керек. Келешегін ойлаған кәсіпкер төрт-бес жыл пайдаланған соң, өмірден әлі қала қоймаған жүйені жақсы істеп тұрса да, сатып жіберіп, ең жаңа жүйені іске қосады. Бір қарияға етегіндегі алжапқышы ескіріп, сетіней бастағанын байқап, қаладағы студент немересі жаңа алжапқыш сатып әкеліп береді. Ертесіне қараса, кемпір шешей немересі әкелген алжапқышты қырқып, ескі алжапқышқа жамау етіпті. Немересі тағы бір оралып келгенде, әжесі басқа жерінен сетінеген алжапқышын қолымен басып тұрып, өткенде бекер істегеніне өкінген екен. Ескі технологияға жаңа тетіктер жамап, жөндеп, жақсы тауар шығара беремін деп жүргеніңде ескі алжапқыш секілденіп тағы бір жері жарамсызданып жыртылады. Аз шығынмен көп пайда табу қиын.

Пайда да ақыл бар жерге үйіріледі.

Кеше ерте сияқты болып тұрып, ертең кеш болып қалуы мүмкін. Ерте сияқты болуы - батылсыздықтан. Көңілің шауып тұр, бірақ бастауға батылың бармайды. "Пустое желание целого мешка. Не стоит кисета табака" - деген орыс мақалы. Қазақшасы: Көңілдің құр қалауының бір қабы, Татымайды насыбайға бір атым.

Біздің қазақ жалқау халық. Бірақ жалқау бізге теңессін деп өмір тоқтап тұрмайды, Біздің қазақ жалқау халық. Бірақ жалқау бізге теңессін деп өмір тоқтап тұрмайды, қатардан қалып қоймауға тырысу керек. "Уайымсыз салғырттық деген нәрсе бар, ол Алланың, халықтың, дәулеттің, ғибраттың, ақылдың, ардың дұшпаны, бірі бар жерде бірі болмайды",- дейді Абай. Адамы жалқау ел – кедей. Жалқаулық - кедейлік кепілі.

Адам өмірінде көлгірсудің, пысықтықтың, ішкі есептің, бақ пен тақтың керек болмай қалатын кездері болады.

Бизнестің ұраны: "Жоғары өрле немесе жолды босат, сатыда тоқтама". Әрі қарай өсуге ұмтылмасаң іскер азамат ретінде біттім дей бер.

Біреудің идеясын өзгерту оның ісіне араласумен тең. Одан да өз идеяңды ұсын, идеясын өзгертсе өзі өзгертсін. Біреуге бірнәрсе үйреткің келіп тұрса да, үйреткің келіп тұрғанын әшкерелеме, ол білмейтінін бетіне басқандай болып қабылдануы мүмкін.

"Менде бір алма бар, сенде бір алма. Екеуін алмастырсақ екеумізде де бір-бір алма күйінде қалады. Менде бір идея бар, сенде бір идея. Екеуін алмастырсақ сенде екі идея, менде екі идея болады",- дейді американдықтар.

Зат пайдалы болса ғана керек. Қанша әдемі болғанымен жазылмайтын қаламды жаныңа салып жүрмейсің.

Темірді қызған кезде әркім де соғады, әңгіме темірді қыздыра білуде.

Проблема айсберг сияқты, ешуақытта толық  көрінбейді.


Міндеттерін орындау өз құқын білуден жауапты. Осыған орай мынаны есіңе тұт: ешуақытта заңды бұзуға әдеттенбе. Рас, заңнан сәл ғана аттасаң, көрініп тұрған табысқа ие бола кететін кезің көп. Сонда да заң бұзуға барма. Қыл көпірді көзіңе елестет. Арғы беті - мол табыс. Арқан үсті - шекара, екі беті - заңсыздық. Тепе-теңдікті ұстай алмасаң құлайсың. Уақытша пайда үшін қыл көпірге өзіңді итермелеме. Заңды бұза салу, орындамау бүгін оңай болғанмен, ертең-ақ заңды құрметтейтін, оны мүлтіксіз орындайтын заман келеді. Платон ақылман айтыпты: "Заңы әлсіз, әлдебіреулердің билігінің астында жататын елдің келешегі жоқ. Заң биліктегілерден биік болып, биліктегілер заңның құлы болған ел -Құдайдың мейірімі түскен ел",- депті.

Алған өнімің шеккен бейнетіңнің көрінісі. Жеңіске жетсең, өзім жеттім деп, жеңіліп қалсаң өзгелер айыпты деме.

Жолыңда көп кедергі кездеседі, ал кездеспесе сенің ешкім болмағаның.

Кедергіні ұсақ деп қарама. Ірі істердің жүзеге асуы көбіне ұсақ нәрселерге байланысты.

Наның жүріп, тасың өрге домаласа тасыма, тауың шағылып, өзгелерден үстемдік көрсең жасыма.

Саған жақсы сөйлеп отырып, басқалардың бәрін жамандап отыратындарға сенбе.

Көп адамдар бірінші сәтсіздіктен кейін өзінің мақсаттары мен жоспарларынан бірден бас тартады. Табандылықтың жоқтығы - мыңдаған адамдардың ең осал жері.

Картопты Америкадан бір священник әуелі Францияға әкеліп егіп көбейтіп жұртқа сатпақ болған. Үйренбеген адамдар сатып алмақ түгілі, тегін де алып жемеген, Сосын священник картоп сақтаған қойманы күндіз король әскерімен күзеттіріп, түнде күзетсіз қалдырған. Төңіректегі адамдар түнде ұрлап, жеп көріп, егіп көбейтіп аз жылда картоп бүкіл Европаға тарапты деседі. Бұл бейтаныс нәрсені өмірге ендірудің қиындығына, тиме деген нәрсеге жұрттың құмар болатынына мысал.

"Пісіп қалған құрбақа" феномені: Су құйылған кастрюльге құрбақаны салып отқа қойып қыздыра бастағанда құрбақа жылуды біртіндеп сезіп, алай-бұлай жүзіп, ақыры пісіп өлген. Екінші құрбақаны қайнаған су толы кастрюльге тастап жібергенде, құрбақа бірден ырғып, құтылып кеткен. Өзге тірлікке біртіндеп үйлесермін, келген қауіптен жайлап құтылармын дегендерге үлгі бұл.

Күрескендер жеңілуі мүмкін. Күреспегендер - жеңіліп қалғандар. Ақиқатты үйренгеннен басынан өткізген жөн.

Жеңілсең мойында, өзіңді өзің алдама. "Бейқамның және бейқамсыған адамның сыбағасы бір, өйткені бейқамдық адамды сәтсіздікке бастайтыны сияқты, бейқамсыған адамның өтірік бейқамдығы да сәтсіздікке бастайды",- дейді Фараби баба.

Күресуден шаршап, енжар күйге көшкен адам, онысын біле тұра мойындағысы келмей, ақылдырақ болып көрінгісі келіп тұратыны бар, олай жұбату өзіңе зиян. Бір істі жүзеге асырғысы келмегендерге я уақыт, я ақша жетпей тұрады. «Үйтейін деп едім, бүйтпей қалды» деп, өзіңді алдарқату - ол да зиян. Ол табансыздыққа, сәл қиындыққа шыдай алмайтын жігерсіздікке бастап апарады.Құламасаң - тұрмайсың. Сәтсіздікті солай бағала. Менің құлауым орнымнан тұрып тағы ұмтылуым үшін керек деп ойла.

Жоғалтпасаң - таппайсың, болмаса - жоғалтпайсың.

Жеңістің жүз әкесі бар, жеңіліс - жетім.

"Тез істеп, нашар істесең, тез істегенің ұмытылып, нашар істегенің есте қалады. Ал, егер, жайлап істеп, жақсы бітірсең, жайлап істегенің естен шығады да, жақсы бітіргенің есте қалады". Бұл сөзді Сергей Королев айтқан.

Адам боп өмірге келген соң лайықты өмір сүру керек. Ол үшін сенің тұрмысың оңды болсын."

Атаның малы балаға мал болмайды",- деген қазақ сөзі әкең бай болған болса да, сен ол байлықтың қалай жасалып жатқанын білмейтін болсаң, оны ұстап қалуың қиын, өз бетіне жіберсең, ол малдан ештеңе де қалмайды, - дегені.

Адамға мал бітуі - ақыл мен еңбектің нәтижесі.

"Бастаған ісің автомобиль сияқты - өз бетімен ол тек жоғарыдан төмен қарай ғана жүреді",- деген американ менеджерлерінің қағидасы бар. Істі бағыттай алмай бетімен жіберсең, нәтижесі құлдырайды, атам қазақ әкенің малы балаға мал болмайды дегенде, әкеге ұқсап әрі қарай алып кетудің қиындығын ойлап айтқан.

Табысқа тек білімнің арқасында және табысқа жетудің тексерілген әдістерін қолдану арқылы жетуге болады.

Кедей болып қала беруден гөрі байып кету оңай. Себебі, кедейге барлығы қиын, қиын болып қала береді де.

«Аспайды аштың ойы астан» деген.

Адамның алдында ой-шеңберін шектейтін, көрінбейтін қабырға болады. Соны барынша әрірек ысырсаң, кеңістігің ұлғаяды. Мынадай бір әпсана бар: Графтың кір жуушысы жас қыз кір жуып шаршап орындықта отырып ойланыпты: "Мен ертең өскен соң графқа тұрмысқа шығамын, сонда өз кірімді ғана жуатын боламын",- деп. Графтың әйелі кір жуу тұрмақ, баласын да бағып-қақпайтынына ол қыздың ой-өрісі жетпейді, өйткені оның алдындағы қабырғасы тиіп тұр.

Табыстан табысқа жетіп дәулетті болу үшін қарапайым екі-ақ тәсілді білу керек: қалай әрекеттенуді және сол әрекетке қажетсіз артық нәрселерді болдырмауды.

Бизнес ойын сияқты. Ол кәдімгі спорт ойындары сияқты, сол ойындардан қиын да емес. Бірақ спортшыдан өзгешелігің - бұнда намыс, өз мүмкіндігіңді ашу секілді категориялармен қатар, отбасыңның игілігі, бүкіл армандарың ойын таразысында тұрады.

Бизнесте жарқырап шығу үшін соншалықты данышпан болудың керегі жоқ. Жалпы қағидалар - ұқыптылық, тәуекел, есеп. Сосын ойын тәртібін жете білу, ең керегі сол.Басқарушы ғана емес, бүкіл команда жете білсін. Ұжым команда емес, команда біртұтас, түйін болып еңбек ететін, тірліктен толық хабардар, ақшаның қалай жасалып, қайда жұмсалып жатқанын білетіндер. Ойынға бүкіл командаңды тарта біл, олар Ойынға қаншалықты деңгейде тартылса, өзі-ақ үйренуге, көп білуге ұмтылады.

Сөзден бұрын сәлем, істен бұрын ынтымақ,- дейді өзбектер.

Кедей болу, ең қажетті заттарың болмауы - үлкен бақытсыздық, бірақ бай болып туудың бақытсыздығы да одан кейін емес. Өйткені өз басыңнан қиындық пен нағыз өмірді өткізе алмайсың. 

Американдық әйгілі миллионер Фордтың өмірінде мынадай бір оқиға болған: Клубта қайырымдылық қорына арналған жәшікке Форд 10 доллар ақша салыпты, сәлден кейін оның ұлы кіріп, қор жәшігіне 1000 доллар ақша тастапты. Сонда үлкен Фордтан: сіз миллионерсіз, балаңыздан жүз есе кем ақша салғаныңыз қалай,- деп сұрағандарға: "Мен миллионердің баласы емеспін ғой",- деп жауап қайырған екен. Өзің тапқан дүниені әкенің дүниесіндей ғып шашып-төкпейсің, өйткені оның қалай жиналғанының бағасын білесің.

Балаңды кішкентайынан қолына ақша беріп үйрет. Отбасыңның бюджетін алдына жайып сал, қалай жұмсалғаны дұрыс болатынын ойланып өссін. Мектепте бизнесті үйретпейтіні өкінішті.

Балаларыңа үлкен байлық қалдырсам қадірлі болам деме. Ол онша атаулы сый емес. Одан да сол байлық қалай жасалатынын үйрет.

"Тойсаң тоба қыл",- деген қазақ атамыз. Қанша бай болсаң да қарапайымдылықпен өмір сүр. Өзіңе тыныш болады. Ұдайы қара уылдырық алып тұруға ақшаң жетуі уайымынан, ол уылдырықтың шын дәмін сезіну уайымы басым болсын. Ең өзімшіл нәрсе - еркіне жіберілген қарын, ол не жегенін ертең-ақ ұмытып, жей беруден басқаны білмейді.

"Адамды адам ететін ақша. Ешқашан тас кедей лайықты және айтулы бола алмайды",- дейді біздің ғасырымыздан 600 жыл бұрын өткен грек ақыны Алкей. Мен бұл пікірді бұрын да өмірде көп кездестіре жүріп мойындамаушы едім, жасым қырықтан асқанда растығына көзім жетті.

Ешуақытта өте байып кетпе, уақытында тежел. Байлық өскен сайын, уайым да өседі. Көлдің тақырға, байдың пақырға оп-оңай ақ айналып кететініне мысал көп.

Қаржы еркіндігі белгілі бір деңгейге жеткенде ақша онша үлкен шешуші маңызға ие болмай қалады. Сіз бұдан былай жақсырақ тамақтануға, көбірек саяхат жасауға немесе жақсы машина мінуге ұмтылмайтын халге жетесіз.

Қарау бай байлықты молайтып, оны жұмсамай да қоғамға пайда келтіруі мүмкін, өйткені оның байлығы ерте ме, кеш пе қоғамға қайта оралады.

Байлықты жасыруға болады, кедейлікті жасыруға болмайды. Байлық ақылға келеді.

Америкада: ақылды болсаң, неге бай емессің,- деген мәтел бар.

Шахмат ойнауды әркім біледі, бірақ гроссмейстерлер санаулы.

Үлкен дәулетке ие болған адамдар туралы мынадай қате пікір тарап кеткен: олардың барлығы қатыгез, салқынқанды қанішерлер, аяусыз адамдар сияқты. Шынына келсек, олардың басқалардан айырмасы - жігер-күшінің көптігі, оның табандылықпен астасуы. Сондықтан байдан жиренбе, оған кесір келтіруге тырыспа. Бүгіндегі аса бай елдердің көбінің бастапқы капиталы көпестердің мүлкі болған. Жеткілікті адамдар кедейлерден көп болмай елдің өркениетке жетуі қиын.

Ақшаның көмегімен жүзеге асатын арман-тілектер тек бизнес арқылы жүзеге асады.

Бизнес деген сөзді көп адам алыпсатарлық, тонау деп түсінеді. Бизнес ең алдымен интеллект, табандылық пен тәжірибе, содан кейін барып ақша.

Кәсіпкерлік - пайда табу ғана емес, ол - еркіндік, ешкімге тәуелді болмау, өз күшіңді байқау, оған сенімді болу әрі оны орынды арнаға жұмсау, ол, керек болса абырой, мәртебе! "Сауданы жасағанда тек пайда табуды көздеме, халықтың мұқтажын өтеу үшін жаса, сонда жаның рахат алады",- дейді Мұхаммед пайғамбар.

Кісінің сақилығы біреуге өзінде барын берумен емес, өзі онсыз қиындық көретін нәрсесін берумен бағаланады.

Аш адам аш адамның жағдайын ылғи да түсінеді, жақсы болсаң тоқ кезіңде аштың жағдайын түсіне біл.

Ештеңесі жоқ адамнан, болған үстіне бола берсе деген адам кедейірек. Қанағат керек. Ауданда сот болып істеген бір кісі, істі болған адамның жазасын жеңілдету үшін әкеліп берген парасының тең жартысын өзіне қайтарып береді екен. Неге олай етесіз, өздері әкеп беріп тұрғанды қайтарып беруіңіз қалай?- деп сұраса: «біріншіден, бұл мені қанағатқа үйретеді, екіншіден, түгел айырылдым деп есептеп келген ақшасының жарымын қайтарып алған адам менен сый алғандай болады, ешуақытта мені жамандамайды және қарғамайды, мүмкін ол біреуден қарыз алған шығар, онысын бірден қайтарып береді, үшіншіден үкімді жеңілдетуді де ебімен, заңнан алшақтап кетпейтіндей етіп жасаймын» - деген екен.

Тоқтыққа үш жолмен жетуге болады: еңбекпен, тілемсектікпен және ұрлықпен. Соңғы екеуі кездейсоқ тоқтық. Кездейсоқ келген жеткіліктілікті, байлықты ұстап қалу қиын, тіпті мүмкін емес. Желмен келген несібе желмен ұшып кетеді.

Егер өзіңдегі енжарлықты сезінсең, онда сен ешуақытта ақша категориясымен ойлай аламын демей-ақ қой және сен ешуақытта бай бола алмайсың. Кедейлік өзінің ақыл-есі кедей болуға тартып тұратын адамдарға жабысқақ келеді. Байлық та сол заңдылыққа бағынады. Кедейлікке мойынсұну - кедейліктен шықпау деген сөз.

Нан қарынды іздемейді, қарын нанды іздейді.

Жазықта кетіп бара жатып тек көкжиекті ғана көресің, бизнесте ол жеткіліксіз, көңілің көкжиектен әріректі көріп тұруы керек.

Балықты аулаудың рахаты, ауланған балыққа тойыну рахатынан көп биік. Бір нәрсені іздеп табу құштарлығы табылған нәрсеге рахаттанудан басым.

Ақша кез келген адамға керек. Сол үшін де ол құнды.

Сенің бір өзің ғана баға деңгейін өзгертуге шамаң келмейді. Ендеше, жалғыз жол - құнының арзан-қымбаттығына қарамастан не қаласаң да сатып ала алатындай жағдайға жету.

Бірақ, ақшаның құлы болма. Әңгіме ақша табуда емес, мағыналы өмір сүруде. "Адамдардың пайдалысы - адамдарға пайда келтіргендер",-дейді Омар Хайям.

Ақша жасау үшін адамға тез қимылдай білу қажет. Ол үшін түрлі жағдайға бейімделе біліп, өз болмысын толығымен бір ғана мақсатқа бағындыру шарт. Тек тынымсыз ізденіп, қимылдап, шешім қабылдап, мүмкіндіктерді пайдалана білген адам ғана бизнесмен бола алады.

Бүкіл саналы ғұмырында өз еркімен бірде-бір батыл қадамжасай алмайтын адамдар болады. Олар өмір бойы көпшіліктің соңынан ілесіп отырады. Ал қаржы мәселесінде көпшілік әрқашанда жеңіліс табады. Қаржы дегеніміз саясатқа тікелей қарама-қарсы дүние. Саясатта көпшілікке қосылған жеңеді, қаржыда - керісінше.

Сатушылардан сатып алушылар көп болған жағдайда ешнәрсе сатып алмауға тырыс, сатып алушылардан сатушылар көп болған жағдайда ешнәрсе сатпа.

Көпшіліктен алшақ тұрып, бағаның ауытқуы тудырған мүмкіндіктерді қалт жібермей де баюға болады. Тек батылдығы жетерлік бірлі-жарым адамдар ғана осылай байиды.

Бизнестің бар мәні айырбаста. Ақшаға - тауар, тауарға - ақша, ақшаға тағы да тауар. Пайданың нормасы бағаның жоғарылағанына емес, сауданың жылдамдығына байланысты. Жыл бойына 30 пайыз пайда түсіргеннен, ай сайын 3 пайыз пайда тапқан тиімдірек.

Ақшаң әрқашанда айналымда болсын. Әрбір теңге - кішкене жұмысшы. Соған жұмыс істете біл.

Чарльз Диккенстің формуласы: "Бір жылғы табысың болып, шығының 19 шиллинг және 6 пенс болса - жақсы. Табыс болып, шығын 6 пенс болса - ол кедейлікке бастайтын жол".

"Ақша жоқ" - дей бергенмен ештеңе өнбейді, одан да ақша болуы үшін кішкене бір әрекет жасап көр. "Қараңғыны қараңғы деп сөккенше, қолдан келсе бір майшамды жақсайшы",- деген бар. Сондықтан "ақша жоқ" деп көз жасыңды төккенше, тәуекел деп теріңді төк.

Он теңгені жиырма теңге ету мен мың теңгені екі мың теңге етудің бейнеті шамалас, біріншісінде он теңге пайда қылсаң, екіншісінде одан жүз есе көп пайда қыласың. Айналымда жүрген ақшаңды басқа нәрсеге жұмсама, әсіресе бастапқы кезде. Енді байып келе жатқан адамнан қарыз сұрама,- деген ескі сөз бар, ол бизнесін енді жолға қойып келе жатқан адам, есі болса қарыз сұрағаныңмен бермейді, көңілің қалады,- дегені.

«Бастарың қосылғанда біріңді-бірің жамандап, теріс пиғыл таратып күнаhар болғанша нәпақаны айт» - деген Құранда. Нәпақаны табудың жолы саудаға икемділік. Сауда - күніге сауылатын сиыр. Егіншілікпен айналыссаң да, табысың арту үшін сауда керек. Бүгінде тауар өндіруге 30 пайыз бейнет кетсе, оны лайықты сатуға 70 пайыз бейнет кетеді.

Артық зат сатып алма. Қашан да тауарыңнан сатып алушыларың, офисіңнен бизнесің басым болсын.

Қазақ, еркелік жасап қойған балаға ескерту жасай бастасаң: «Ұрыспа, патша ғой бұлар»- деп жатады. Ал нарық әлемінде патша - сатып алушы. Оған ұрысуға болмайды, өйткені сатып алушы саған тәуелді емес, сен оған тәуелдісің. Сатып алушы сенен зат сатып алса, саған пайдасы тиеді, сол себепті сатып алушымен дауласуға болмайды, онымен әзілдеспе де, түсінбей қалса тағы да табысыңа зиян. "Сен алмасаң, тауарымды басқа біреу алар" дегеніңді қабағыңнан танып жүрмесін.

Сенің затыңды сатып алмай, көршіңнің затын сатып алғандарды жек көрме. Сатып алушы - патша, өзі біледі, ол сенімен емес, сен онымен санасасың, амал жоқ.

Сататын затың неғұрлым жақсы әрі ерекше болса, сатып алушыны табу да соғұрлым қиын болады. Ал зат неғұрлым қарапайым әрі үйреншікті болса, сатып алушылар да соғұрлым көп болады. Қарапайым адамдарға қарапайым заттар керек. Ал әлемдегі адамдардың оннан тоғызы қарапайым адамдар.

Жасаған затым арзан болсын деп, арзан шикізат іздей берме, арзаннан арзанқол бұйым шығады. Арзанның сорпасы татымайды, арзан затқа жұрт күдікпен қарайды. Ал тегіннен-тегін ешуақытта беруші болма, тегін нәрседе қадір болмайды, тегінді теуіп кетеді, онымен жақсы қөріне алмайсың, бағасыздық жауапсыздыққа әкеледі. Біреудің көңілін жықпау үшін, тіпті атыңды шығару үшін де қаржыңды жай бере салудан тартын, олай істеудің салмақтырақ себебі болсын. Алла Пугачева айтады: мен  мен ауру балаларға қайырымдылық үшін жәрдем беруім мүмкін, бірақ, неге дені сап-сау адамдарға қайырымдылық деп тегін концерт беруім керек,- деп. Соныкі дұрыс.

Бар қаржыңды бір іске жұмсама. Жолың болмай қалса қайтесің. Кейде екі есе пайда болады деп жобалаған жұмысыңа жұмсалған ақшаның өзі қайтпай қалатын кезі болады. Орыста: "Барлық жұмыртқаны бір корзинаға салма",- деген мәтел бар. Бизнесте жолы болғандар ақшалы болады, жолы болмағандар ақшасыз қалады, ал сұмырайлар ақша үшін жанын жалдап, шерменде күй кешеді.

Біреуден алған ақша тез жұмсалады, кісінің қолынан алған несібе баянсыз, несібеңді алладан сұра.

Азар болса қарыз алармын деп лажы болса ойлама. Ол өте қауіпті. Уақтылы қайтара алмасаң, ең алдымен сенімнен шығасың. Сенім де несиеге берілетін нәрсе. Несие алып, қайтара алмағаның - сенімнен шықпағаның. Біреуден қарызға ақша аларда кейін қалай қайтаратыныңа берік есебің болсын, ол есеп тәуекелге сүйенсе сүйенсін, бірақ есепті тәуекел болсын, кейін көре жатармыз болмасын.

Егер нақтылы жоспарға несие алсаң, бәрі ойдағыдай. Ал несиені тұрмысыңа жұмсау үшін алсаң жақсы ат алмайсың.

Қаржы саласында ешқашан да естіген нәрсеге сенуге болмайды. Сол себепті біреудің ауызша идеясын ешуақытта қаржыландырма, ақшаны нақты іске жұмса.

Барды жоқ деме, жоқты бар деме. "Барды жоққа, табылғанды табылмағанға айырбастама, өйткені мұндай саудадан сен ұтылып қаласың",- деген Рашид ад-дин Хамадани деген монғол династиясының жоғарғы дәрежелі уәзірі.

Меншік иесі болған екенсің, сезімге, жанашырлыққа бой алдыра берме. Сенен біреу қарыз сұрай қалса, оның қайтуына сенімің болмаған жағдайда жауабын кейінге қалдыр. Көптеген шығындардан сақтанудың жолы осы. Кейінге қалдыру - өтінішті орындамаудың ең сыпайы түрі. Егер біреудің жағдайын ескеріп қарыз бере қалсаң қайтаруға шамасы келетіндей етіп бер, сонда ол өзін қарыздар сезінеді, егер қайтара алмайтындай етіп қарыз берсең, жауласасың. "Қарыздың азы борышты қылады, көбі жек көргізеді",- деген Сенека. Тек сұрағаны үшін қарыз бере отырып, адамгершілік тұрғысынан сен ол адамға опасыздық істейсің. Оның өз күшіне деген сенімі әлсірейді. Өзін-өзі қадірлемейтін болады. Ол ақшаны қарызға сұрағанымен, түбі, сен оны кешіп жіберер ме екен деп дәмеленумен болады. Әкемнің: «жақын жолдастарыңнан қарыз алма, ақшаға карта ойнама, қарызыңды қайтара алмасаң ннемесе ұтып қойсаң, ақшаның ашуы араларыңды ащы қылады» деген ақылының да дұрыстығына уақыт өте келе көзім жетті.

Ешкімнің ақыл алғысы келмейді, бәрінің ақша алғысы келеді.

Алған тез ұмытады, берген ешуақытта ұмытпайды.

Халқымыздың: "қарны тойған қарта боқ сасиды",- деген мақалы бар. Тойым ағам айтқан еді: "Адамның жиған дүниесі өзінің құнынан асып бара жатқаны мінезінен көрініп тұрады",- деп. Мен де осы сөзге қосыламын. Байыған сайын қарапайым болып, өркөкірек пейіл, артық істер жасамасаң құның жоғары болғаны.

Біреуді ақшасы көп болғаны үшін мақтап, жарамсақтанба. Әрине, бай адам ақылды да, мәдениетті де болуы мүмкін. Бірақ байлығы үшін оны жақсы көруге де, жек көруге де болмайды. Бәрін ақшаға сатып алуға болады деп ойлайтындар, өздері ақшаға тез-ақ сатылатындар.

Дүниеде ақшаға сатып алуға болмайтын екі нәрсе бар, ол денсаулық пен адамгершілік. Осы екеуі болмаса байлық та, билік те ештеңе емес.

Мырзагелді Кемел. Еңбек
Пауло Коэльо. "Бейбіт өмірдің мәні"
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу