«Ұлыңды шайтан түрткен» деді
10-11-2024
Қазақ хандарының билік құрған дәуірі қазақ елінің тарихи өмірінде оның мүддесінің қорғалуында, мемлекеттің өркендеу жолында тарихи маңызы бар дүние. Олар қазақтың идеясы мен мәдениетінің қалыптасуын қамтамасыз етіп, сақтап отырды. Қазақтың ең соңғы ханы Кенесарының билігі осы бір дәстүрлі қазақ қоғамының өрісінде қазақ хандарының билігін қалпына келтіру үшін тарихта орын алған. Кенесары хан идеясының негізі Абылай мен оның баласы Қасым ханның тарихи қызметтерінде жатыр. Кенесарының әкесі Қасым хан балаларымен ұлт азаттығы үшін күрескендігі тарихтан белгілі, ол күрестің басында ел тәуелсіздігін қайтаруға, ел мүддесін сақтап қалуға бағытталған қазақ тұлғасының идеясы жатыр.
Қазақ хандары билік құрған қазақ қоғамының саяси өмірін, оның мәдени өрісін, экономикалық даму бағытын зерттеуде, алдымен мемлекет билігін жүзеге асырып отырған хандар мен батырлардың саяси ұстанымын, көзқарастарын зерделеу қажет. Нақты тарихи деректерге сүйенсек қазақ тұлғалары құрған хандық биліктің мемлекеттің сыртқы саясатын жүзеге асырудағы негізгі принциптері қазақ жерлерін сақтау, мемлекеттің өмірін жақсарту, тұрақтылығын қамтамасыз ету және көршілес елдермен саяси қарым қатынасты болу мәселелерін қамтиды. Бұл қазақ хандарының дәуіріндегі мемлекет саясатының негізгі бағыты. Қазақтың ең соңғы ханы Кенесары хан билігі осы бағытта қолға алынды, ел мен жерге қатысты мәселелердің жүзеге асуы ұлт мүддесіне негізделді. Кенесары хан бастаған ұлт азаттық қозғалыстың тарихын зерттеуші қазақ ғалымы Е. Бекмаханов өз зерттеулерінде оның орын алу себебін көрсетіп кеткен: Қоқан ханымен тынымсыз күрес жүргізе отырып, Кенесары олардың шеңгеліндегі қазақ жерлерін өздеріне қайтаруды мақсат етті. Орынбор Шекара Комиссиясының төрағасы осыған байланысты Азиялық Департаментке былай деп жазды: «Өзінің (Кенесарының – Е. Б.) Қоқан жерлерін басып алуға тырысуының түпкі мақсаты – сол жерді кейін қазақтарға бөліп беру»
Кенесары қазақтарға салық салуға да үзілді-кесілді қарсы шықты. Николай І – ге жазған хатында ол: «Біздің халықтан заттай төлем жинай бастады және оларға жан-жақтан қысым көрсетіп, шеттетіп жатыр», бұл «біздің халық үшін үлкен қасірет» - деп мәлімдеді. Генерал Горчаковка жолдаған басқа бір хатында ол былай деп жазды: «Қазақ халқына баж салығын салыңыздар, демек, бұл бізге қысым жасағандарыңыз... алым - салық төлеп сіздердің қол астарыңызда тұру, тіптен мүмкін емес.
Кенесары «қазақтардың ежелгі тәуелсіздігін қалпына келтіреміз, яғни тәуелсіз Қазақ мемлекетін құрамыз деген ұранмен күрес жүргізді [1. 186 б]. Қазақ хандары басқарған қазақ қоғамындағы ұлттық идея елдің мүддесіне тегістей қызмет етіп отырған, тұлғаларымыздың мемлекетті басқарудағы және оның мүддесіне қызмет ету жолындағы тәжірибелері мемлекет билігін дәстүрлі мәдениетін және тарихи қызметінің сақталуын толықтай қамтамасыз етіп отырған.
Мемлекеттің негізгі байлығы жер, жер байлығының негізінде қоғамның дамуын қазақ батырлары терең білген, соның салдарынан жерді азат ету, ұлттың өзгеде құндылықтарын сақтау мақсатында қарқынды күресі орын алғандығын олардың тарихынан терең ұғынамыз. Осы тұрғыдан пайымдайтын болсақ, хандарымыздың билігі сонау түркілердің мемлекет билігін жүзеге асырудағы елдігімен ұқсас, тіпті жерді азат ету жолындағы идеялары бір бірімен сабақтас. Оның қасиеті ел топырағындағы батырлықтың тарихи қалыптасу себептері негізінде тереңдейді.
Тұлғаны қалыптастыратын тарихи уақыт, тұлға саясатты қалыптастырса да, саясат тұлғаны жасай алмайды, тұлға бейнесін қалыптастыратын тұлғаның қасиеті, оны сақтайтын тұлғаның рухы, тұлғаның рухы тарихта немесе қоғамның жаңа бір тарихи кезеңінде де өмір сүруі үшін тектілік қажет, жоғарыда айтып өткеніміздей тектілік адам болмысының өрісіндегі құндылықтарды біріктіріп отыратын қасиет болса, тектіліктің қадір қасиетін бағалау үшін ел тарихындағы зиялылар рухы мен іс әрекетінің тәжірибелері ұрпаққа тегістей жетіп отыруы қажет. Кенесары заманында және алаш зиялыларының уақытында да олардың мемлекет мүддесінің тағдыры үшін күресуіне ұлттық идеяның ықпалын анық байқаймыз.
Көне дәуірден бері мемлекет билігін дұрыс жүзеге асыруда, мемлекет тәуелсіздігін сақтаудың стратегиялық бағдарламасын қалыптастырып заңды түрде жүзеге асыру үшін зиялылар мемлекет тарихын жазуды қолға алған. Себебі мемлекет билігі сол мемлекеттің тарихи тәжірибелері негізінде ғана өмір сүрген, мемлекет билікті дұрыс өз жолымен жүзеге асыруда мемлекет тұлғасы тарихи тұрғыда ойлай білуі қажет. Тарихи тұрғыда ойлау қазақ хандары мен батырларының қалыптасу жолынан мәлім болып отырғандай, олардың танымында бала кезінен ақ орын ала бастаған. Ел ішінен елді қорғап, оның мүддесіне адал қызмет ететін қазақ батырларының шығуына тарихи өмірдің болмысын сомдаған қазақ даналарының руханияты жетекші болып отырған. Е.Бекмаханов жазып кеткендей, «Халық аңыздары мен қиссаларында жырланған атасының образы Кенесарыға бала кезінен сүйікті болған деу керек. Ол Абылайды мақтан тұтатын және өзінің әрқашан оның ісін жалғастырушы және оның құқықтарының заңды мұрагері екендігін атап айтып отыратын. Міне, сондықтан Кенесарының патша өкіметі орындарына жазған хаттарында және қазақтың әр түрлі руларына арнаған үндеулерінде Абылай есімі жиі аталатынын көреміз... Өзінің үндеулерінде ол «Абылай тұсында қазақтар еркін және бейбіт өмір сүргендігін» еске салып отырады. Абылай есімі Кенесары әскерінің жауға шапқандағы ұраны болды» [1. 213 б.].
Кенесары ханның ел басқарған тәжірибесінен ұғынып отырғанымыздай, билік бір адамның емес ұлт тұлғаларының тарихи өмір талабы арқылы дараланған рухани қызметтерінің негізінде жүзеге асып отырған. Мемлекет тұлғасы өзінің ел мүддесін қамтамасыз етуге бағытталған идеяларын жүзеге асыруы үшін, оның идеясы тарихи өмір кеңістігінде нақты практикалық деңгейде өмір сүруі қажет, яғни мемлекет билігінің тәжірибесі зиялылар тәжірибесінің негізінде қалыптасып, жүзеге асып отырады. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, Кенесары хан бастаған ұлт азаттық қозғалысқа түгелдей қазақ елдінің қатысуы оның идеясының ақиқаттылығында:
Кене ханның тұсында
Қарт бурадай жарадық.
Жауды жасқап, жапырып,
Жауға қардай борадық.
«Абылайлап» ат қойып,
Дұспанның алдын орадық.
Кене хан жазым болған соң,
Шіл боғындай тарадық.
Көрінгеннен қорғалап,
Кісі аузына қарадық!
Өзіміз шапқан Созақта
Сарттан ақыл сұрадық [2. 62 б.]. Қазақтың ең соңғы ханы Кенесары мен оның батырларының рухы осылайша қазақ руханиятының өрісінде сақталып, ұрпақ өміріне таратылып отыратын ұлттық идеямыздың өзегіне айналып сақталып қалды.
Кенесары хан билігінде қазақ батырлары мен билерінің, қазақ байларының қызметі маңызды болған. Ол өз билігін ел мүддесін қайтару мақсатында жүзеге асырып, мелекетті нығайту үшін билердің институтын, сауда қатынастарын және мемлекеттің әскери күшін нығайтуға аса мән берген.
Мемлекет қалпын сақтаудағы ең басты мәселе ел бірлігін нығайту, қоғамда әділеттілік орнату, зиялылар қызметінің халық сенімінен шығуы. Бұлар өмір тәжірибесі негізінде жүзеге асады, ол жүзеге асу үшін нақты идея мен білім қажет. Осы мақсатта Кенесары хан мемлекет қызметінің негізгі бағыттарын сақтап отырған.
Ел бірлігінің жойылуы, қоғамдық ыдырауға әкеледі, ал қазақ қоғамын ыдырату патша өкіметінің тарапынан қолға алынған отаршылдық саясатты жүзеге асырудың басты амалы. Бұндай жағдайда ел бірлігі қалпына келу үшін хандық мемлекет болуы қажет, себебі елдің тұрмыс өрісі тарылған сайын, яғни қазақ жерлерінің ресейдің қоластына кетуі қоғам өмірінде ішкі қайшылықтарды туғызды. Осының салдарынан елде ру аралық араздық орын ала бастаған. Е.Бекмаханов жазғандай, «Қазақтарды біріктіретін мемлекеттік бірыңғай орталықсыз қуатты Ресей патша өкіметіне және Орта Азия хандықтарына қарсы ойдағыдай күресуге болмайтынын Кенесары түсінген. Қазақтардың түбіне жететін олардың бытыраңқылығы, араларындағы ру араздығы...» [1. 283 б.]. Кенесары хан билігінің тарихи мәніне осы тұрғыдан қарайтын болсақ, оның қоғам болмысының ыдырау себептерін дәл түйіндеп, нақты шешімін таба білген мемлекет басшысы екендігіне көз жеткіземіз. Осыған байланысты Е.Бекмаханов өз зерттеулерінде Кенесары ханның патша билігінің өкілдеріне жазған хаттарындағы сөздерді де келтіреді: «Хорунжий Жаңбыршин Балғожаға жазған хатында Кенесары орталықтандырылған мемлекет туралы өз ойын ашық айтады:
Ойда Қоқан, қырда орыс,
Хакім болды қаласы.
Кімнен таяқ жегендей,
Біздің қазақ баласы,
Алдырып жүрген дұшпанға
Өзді өзінің аласы [1, 283 б.]. Кенесары хан идеясы қазақ идеясы, хандарымыздың тарихы, билердің даналығы, жырауларымыздың руханияты негізінде мемлекет бірлігін қамтамасыз етуге көңіл бөлген оның билігі тарихта осы ұлттық идеяны жүзеге асырудың маңыздылығын дәлелдеп кетті. Сыртқы саяси күштердің ықпалына тәуелсіз билік құру және оған қарсы әрекет етуде сауаттылық таныту Кенесары хан құрған биліктің бастапқы кездің өзінде ақ қуатты болғандығын айғақтайды. Ондағы билік түрлері ханның және батырлар мен билердің, ірі байлардың қолында болды.
Нағыз мемлекет әдептілік өмір сүрген қоғам, бұндай қоғамда мемлекет билігі тұлғалардың қолында болады және зиялылардың жауапкершілігі мен қызметінен ұлт мүддесі жоғары тұрады, ұлт мүддесіне адал қызмет ете білмеген адам мемлекет билігіне араласуы шектеледі, мемлекет тарапынан заңға тартылады. Кенесары хан билігінің рухы ең алдымен мемлекет басында ірі тұлғаларыдың тұруында, яғни ханның ең жақын әрі сенімді адамдары мемлекет билігін жүзеге асырды. Олар батырлар, билер және орта топтағы қазақ байлары. Мемлекет билігінің сапалы әрі нәтижелі жүзеге асуын қамтамасыз ету мақсатында хан кеңесі құрылған, кеңесті Кенесары ханның өзі басқарған, ол кеңесте негізінен мемлекеттің стратегиялық жоспары талқыланған: «Қазақ мемлекетінің басында Кенесарының өзі тұрды. Оның жанында ең жақын серіктерінен; батырлар, билер және ханның кейбір туыстарынан құрылған Кеңес жұмыс істеді. Хан Кеңесі – кеңесуші орган ғана болды; билікті ханның өзі ғана айтатын» [1. 285 б.].
Мемлекеттің билігі, оның ұстанатын саясаты, даму бағдарламасы жүзеге асып отыруы үшін міндетті түрде зиялылар кеңесі қажет. Кенесары басқарған хан кеңесінің құрамына ел мүддесіне адал қызмет ететін адамдар ғана кірген. Кеңес құрамындағы адамдарға қойылған талап жауынгерлік, ақылды болу, парасаттылық, әділеттілік және қиындықтан шығуда кәсіби біліктілік, шеберлік және т.б. Кеңес құрамындағы батырлар, билер елдің ішкі және сыртқы жағдайларын қатаң бақылап, талқыға салып отырған. Талқыланған мәселенің шешімін Кенесары ханның өзі шығарып отырған: «Кенесары хан Кеңесінің құрамына бытыраңқылықты қолдайтын текті феодал шонжарларды кіргізбеді. Кеңеске азаттық күрес барысында хан құрметі мен сеніміне бөленген адамдар ғана мүше болды. Мәселен, оның інісі Наурызбай батыр, Ағыбай, Иман батырлар, өзінің елшілік табыстарымен атағы шыққан би – Шоқпар Бақтыбаев, Сайдақ қожа Оспанов және т.б. Хан кеңісінде елдің ішкі және сыртқы жағдайының аса маңызды мәселелері қаралды. Кеңес бар уақытта Кенесары пікірімен есептесіп отырды...»[1. 286 б.]. Кенесары хан билігінің тәжірибесінен байқап отырғанымыздай мемлекет ісіне жауапты зиялылар, бірақ жауапкершлікке бағыт беретін және осы жолдағы атқарылуы тиіс және атқарылып отырған істерге тиянақты шешім қабылдайтын мемлекет басшысы.
Кенесары хан құрған Қазақ мемлекеті мемлекет мүддесін қорғаудың құқын, мемлекет қаржысын бақылаушы және жүзеге асырушы, әскери істі бақылаушы, әскери күштің құрамы мен сапасын қадағалаушы, мемлекет қорын қамтамасыз ету, елшілік қызмет және т.б. билік жүйелерінен тұрған. Хан билігі осы бағытта жүзеге асып отырған [1. 286 б.]. Осылайша Кенесары хан басқарған қазақ қоғамы тарихи уақытта тәуелсіздікке қызмет етудің мол тәжірибесін қалдырды.
Қоғамның дамуы мемлекеттің байлығында ғана емес, мемлекет билігінің дұрыс қалыптасып, оң нәтиже беруінде. Идеалды мемлекеттің үлгісін жазып кеткен көне дәуір ойшылы Платонның мемлекетті ойшылдар басқаруы керек деген идеясын, осы Кенесары билік еткен қазақ қоғамының саяси өмірінен байқауымызға болады. Кенесары ханның мемлекет билігін жүзеге асырудағы кәсіби іскерлігі оның қоғамға қажет зиялы адамдарды таңдап мемлекет ісіне біріктіре алуында.
Елдің бірігуі, зиялылардың ортақ ұлт мүддесіне қызмет етуі үшін ұлттық идея қажет. Кенесары хан билігінің тез арада биік деңгейге жетіп, тарихта қалуының себебі осы шындықтың дәлелі. Осы тарихи идеяның нәтижесінде Кенесары хан бастаған қазақ тұлғалары өздеріне міндеттеген істі атқарып кетті деп айтуға болады. Кенесары хан басқарған мемлекеттің бүгінгі қазақ еліне жетіп отырған құндылықтарының бірі мемлекет тарихын, мәдениетін, тұлғалардың нағыз тәжірибесін қалыптастырып, тарихта қалдырып кетуінде. Е.Бекмаханов жазып кеткенедей, «Кенесары сот реформасын жасағанда, өзіне елеулі ықпал еткен ізашарларының ісін жалғастыра білді. Сондай ізашарлардың бірі тарихта әдеттегі құқық жинағы «Жеті жарғының» авторы ретінде белгілі, ірі сот реформаторы Тәуке хан (1680-1718 жылдар) еді. Тәуке заңдары өзі құрған мемлекетті нығайтуға бағытталғанды. Әдеттегі құқық нормаларын дамушы феодалдық қатынастар талабына сай бейімдей отырып, ол ру араздығына қарсы аянбай күресті және жеке сұлтандар мен старшындардың дербестігін шектеді. Сонымен қатар қазақтардың әдеттегі құқығына жаңалықтар енгізе отырып, ол сот билігін толық өз қолына шоғырландырды. Алғаш Тәуке заңдары бойынша, сот құқығы мемлекеттік өкімет органдарына берілді. Орталықтандырылған мемлекетке қарсы болған ру билері мен сұлтандарының мүддесіне осылайша елеулі соққы берілді» [1. 288 б.]. Мемлекетке қызмет ететін адам, мемлекеттің дамуын тарихи негізде және уақыт қажеттіліктерін әлемдік дамудың деңгейі тұрғысында зерделей білетін адам. Кенесары хан билігі ел тарихында батырлар мен мемлекеттің саяси өміріне қызмет еткен билердің де есімін тарихта қалдырды. Кенесары хан басқарған қазақ қоғамындағы билердің қызметі қоғамдағы әлеуметтік проблемаларды шешумен ғана шектелмеген, қазақ тарихындағы хандардың жасаған реформалары (билер тарапынан) жаңа уақыт талабына сай кеңейтіліп, қабылданды.
Халықтың елдік санасын сақтауда, ел мүддесіне деген ұрпақтың кісілік түсінігін қалыптастыруда Кенесары ханның кеңесші билері ұлт құндылықтарын халықтың болмысымен біріктіруге негізделген жаңа идеялар енгізген.
Әр бір мемлекеттің дамуға негізделген ұлттық идеясы алдымен елдің болмысына, дәстүріне тәуелді. Мемлекетті қамтамасыз етуге негізделген заң тарихи тәжірибені негізге ала отырып, әр ғасырдың шеңберінде қалыптасып отырған қоғамдық сана феномендерін қамтамасыз ететін күйде қалыптасуы тиіс. Мемлекет мүддесіне сай қалыптасқан заңдық ережелерді жүзеге асыруда, оны халықтың түсінуіне және дұрыс пайдалануына бағыт бағдар беріп отыратын феномендер бар. Кенесары билігінің ерекшелігі, оның мемлекет мүддесін қамтамасыз ету үшін шығарған заңдары шариғат негізінде қабылданған.
Мемлекет билігі зиялылар үшін идеал емес, олар үшін негізі идея ұлт мүддесінің талабы, соған қызмет ету, тарихтан келе жатқан талапты дұрыс атқару. Бұл мақсат үшін мемлекет билігіндегі адам қатаң әділеттілікті талап етіп отырады. Тектіліктің заңы зиялылар үшін өмір талабы, сондықтанда тектіліктің рухы әділеттілік үшін ұстанатын тұлғаның іс-әрекетінен көрінеді.
Кенесары бастаған қазақ батырларының және билері мен жырауларының бір тұтас қазақ мемлекетін құруға бағытталған тарихы өз заманында ғана емес қай күнде де әр ұрпақ буыннан елдікті талап етіп отыратын шындық. Ол біріншіден мемлекет тәуелсіздігіне қарсы орын алып отырған саяси отаршылдыққа қарсы тұрып қана қойған жоқ, оның қарқынын тоқтатты да. Екіншіден мемлекет билігін қазақ ханының қолына алуы ұлт мүддесінің сақталуын қамтамасыз етті, әсіресе мемлекет заңын қабылдауда ұлт болмысы мен мүддесіне және оның тарихи заңдылықтарын негіздеген ата заңды қайта қалпына келтірді. Осы бағытта қабылданған Кенесары хан заңы аз уақыт ішінде қоғам өмірінде әділеттілікті қалыптастырды, зиялылардың ел игілігіне қызмет етуіне мүмкіндік туғызды: «Өзінің заң шығарушылық қызметін Кенесары әдеттегі құқықтарға өзгерістер енгізуден бастады, ол ру билерінің сотын таратып, сот ісін өзі тағайындаған билер мен жасауылдардың қолына берді... Қызметін жеке мүддесіне пайдаланған билерді Кенесары дереу орнынан алып, олардың орнына халық сеніміне ие болған адамдарды қойған...» [1. 289 б.].
Мемлекет билігінің негізгі нысанасы халық және оның мүддесі, ал мемлекет заңы осы халық пен оның мүддесінің құндылығын тегістей қамтамасыз етіп отыратын тәжірибе, сол себептен ол мемлекет идеясы мен халық санасын біріктіріп отырады. Кенесары ханның мемлекет ісінің қай саласы болмасын оның жүзеге асуын, заңның әділ орындалуын өзі және қасындағы сенімді адамдары бақылап отырған.
Мемлекет рухы мемлекет заңының орындалуында ғана емес, оның қызметінің өрістілігінде. Заңның өмір сүруі әділеттіліктің өмір сүруі, әділеттілікке келгенде заң тек қана халық мүддесіне қызмет етеді. Ханның сайлаған билері басқарған сот билігі барлық қазақ қоғамының негізін құрайтын қазақ руларының тағдырына қызмет еткен. Алаш ғалымы Е.Бекмаханов жазғандай, «Талап қойылған сот ісін қарауды негізінен үш топқа бөлуге болады: 1) Кенесарының қарауындағы рулардың барымта және адам өліміне байланысты қаралатын сот істері; 2) Кенесарыға бағынышты емес рулардың арыздары қаралатын сот істері, олар бұған жиі арызданатын; 3) Кенесарыға қарасты қазақтар мен патша бодандары арасындағы дауды шешетін сот ісі [1. 289 б.]. Осы Кенесары хан басқарған қазақ мемлекетіндегі сот билігінің қызметіне қарайтын болсақ, ол тек қазақ қоғамының жағдайында ғана емес, сол кездегі ресей саясатына да ықпалының болғандығын көреміз. Ол ру аралық мәселеден бастап, мемлекет, халық мүддесіне қызмет етіп отырған. Оның бұл деңгейде жетуіне себеп мемлекет ісін басқарудағы Кенесары ханның даналығы мен шеберлігі.
Жоғарыда айтып өткеніміздей отаршылдық идея алдымен ұлт рухын әлсіретуден басталды. Осы себептен Кенесары хан қоғамның тұтастығын, ел бірлігін әділ әрі қатаң түрде бақылаған. Өйткен ру арасындағы қайшылықтың орын алуы бұл отаршылдық саясат үшін қолайлы нәрсе. Ал Кенесары басқарған қазақ мемлекетінің ел тағдыры үшін маңызды бір қыры оның ел тарихында ұлттық санамызға қорған болатын тарихты қалдыруында.
Қазақ хандары мен батырларының ел тарихындағы орнын, тұлғалық рухын зерделеуде Қазақтың бір туар ұлт жанды феномен тұлғаларының бірі Кенесары ханның рухын сомдап, ұрпақ санасында сақтап тұрған, Кенеханның елдік қызметтеріне куә болған Нысанбай жыраудың тарих бетінде қалған сөздері еріксіз ойымызға орала береді:
Кенекем менің кеткен соң,
Заманым қалды тарылып.
Салтанатты хандардан
Жетім қалдым айрылып!
Екі бірдей қанатым
Топшыдан сынды қайрылып!
Балдағы алтын ақ берен
Тасқа тиді майрылып.
Кемшілік түсті басыма,
Көрінгеннен қаймығып [2,61 б.]. Ұлт тұлғасы дүниеден өтсе де, оның ерлігі, елдігі, даналығы кейінгі ұрпаққа рухани мұра болып қалады, ол тарихи уақыттың негізінде ұлт рухының тірегіне айналады. Осы себептен Кенесарыхан феномені ұлт санасында мәңгі өмір сүретін дүние.
Әдебиет:
1. Бекмаханов Е. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20 – 40-жылдарында. – Алматы, «Санат», 1994. – 416 бет.
2. Хан Кене. (Тарихи жырлар, толғаулар, дастандар) / Құраст. – С. Дәуітов. – Алматы: «Ана тілі» баспасы, 2012 ж. - 424 бет.
Сәрсембин Үмбетхан Қуандықұлы
философия ғылымдарының кандидаты