Мырзагелді Кемел. Денсаулық
Амандықта қадір жоқ,
Алдырған соң білерсің.
Денсаулықта қадір жоқ,
Ауырған соң білерсің,- деген жыраулар сөзінде. Сол айтқандай, жастықта өзіміз қадірін біле бермейтін бір нәрсе - деннің саулығын күту. Шопенгауэр айтқандай: "Денсаулық - ең ұлы қазына, басқалар оның алдында ештеңе де емес",- дегендей, деніміз сау, өзімізді күшті сезінген кезде бізге де бір күні кәрілік пен кесел жетеді деп ойлай бермейміз.
Американдықтар Ауди мен Данн төрт мың адамды зерттеп, солардың 10 пайызы ғана дені сап-сау, 30 пайызы - ауру, қалған 60 пайызы - білінбей өршіп келе жатқан кесел иелері екенін анықтаған.
Осынау заманда тәніңді аурудан қорғап қалудың мүмкіндігі бар ма? Жоқ-ау сірә. Адам жағдаяттар мен жайсыздықтарға төтеп бере алатын болуы керек.
Қоғамды салауатты ұстау үш нәрсе арқылы жүзеге асады: Әлеуметтік-экономикалық даму, қоршап тұрған ортаны таза ұстау арқылы ауруға қарсы күрес адамның қартаймауы үшін молекулярлық-гендік деңгейдегі медициналық күрес, ең негізгісі - адамның өз денсаулығына ұқыптылықпен қарауы. Өз уақытында Мечников айтқандай: "Баласын гигиена талаптарына сай тәрбиелемеген ана - болашақ алдында кінәлі". Өз денсаулығымызға өзіміз темекі шегіп, арақ ішіп, жүйкемізді аямай тамақты көп жеп қиянат жасаймыз. Сөйтіп, француздар айтқандай денсаулықты бұзу үшін жаман ештеңе жасамай-ақ, жақсы нәрсені мөлшерінен артық пайдалансаң жетіп жатыр, мысалы: тәтті тамақ, ұйқы, құр жату.
Денсаулықты сақтау үшін адамға берілетін төрт-ақ кеңес бар: күш жұмсалатын еңбекке белсенді болу, дұрыс тамақтану, зиянды қылықтардан аулақ болу, жүйкені аяу. Бірақ көбіміз осы кеңестерді біле тұра ұстанбаймыз. Ұстай алмаймыз, ұстағымыз келмейді, жалқаулық жібермейді, ұмытып кетеміз, ұмытып кеткіміз келеді, сөйте келе денсаулық бұзылғанда ғана өкінеміз. Менің орнынан бір тұруға зар боп жатқан мектептес досым Берік айтады: "Осыдан тұрып кетсем дене шынықтырумен айналысар едім, бір тынбай еңбек етер едім, шаршадым деп айтпас едім",- дейді. Ауырмай тұрып денсаулықтың қадірін біл. Соған орай, Вальтер Шененберг айтқан бесінші кеңес: "Деннің саулығы тек өзің ғана ала алатын асу".
Менің сүйікті дәрігерім Николай Амосов: Бүгінгі заманғы медицина емдеуді жақсы-ақ меңгерген, бірақ сап-сау етіп жібере алмайды",- деген. Демек ауырмай тұрып саулықты сақтаған жөн.
Қара жұмыстан шаршасаң, шаршағаның 3-4 сағатта басылып кетеді, ал жүйкең шаршаса қалпына келу үшін ең болмағанда екі апта керек. Сол себепті ой еңбегінен шаршаудан абайла. Дәрігер-психотерапевт Введенский ой еңбегімен айналысатындардың денсаулығына нұқсан келтірмей еңбек өнімділігін арттырудың алты шартын айтады:
1. Жұмысқа біртіндеп кірігу;
2. Жұмыстың тәртібі және қалыптылығы;
3. Жұмыстың ұдайы және ретті орындалуы;
4. Еңбек пен демалыстың алмасып тұруы;
5. Қоғамның сіздің еңбегіңізге жылы көзқарасы;
6. Ұдайы шынығу және жұмысқа қалыптасу. Ақыл және мінез гигиенасы.
Амосов адам организмі денсаулығын қалпына келтіруді кез келген нүктеден бастап қайтарып алуға қабілетті деп сенеді. Сонда да уақыт өткізіп, әдеттеніп алып қиналғанша ертерек бастаған жақсы. Жігерсіздік, уайымшылдық, кінәмшілдік - мінездегі ауруға тікелей бастап баратын міндер. Сол міндердің ішіндегі бүгінгі біздер үшін қиыны ішімдікке мойынсұнған. Сөйтіп жігерсіздік таныту.
Адам баласына өте зиянды, халықтың сана сезімін уландырып, ұрпағын кемтарлыққа, жарымжандыққа және мәңгүрттікке шалдықтыратын әдеттердің бірі - арақ-шарапқа әуестік. Ол бүгінгі күні қазақ үшін аса қауіпті дертке айналды. Тарихтан белгілі, Американы жаулап алған Еуропалық отаршылдар жергілікті үндістерді бағындыру үшін ішімдікке үйреткен. Денсаулықтары мықты, өжет халық тез арада елдік және жауынгерлік қасиеттерінен айырылып, келімсектердің айтқанына көніп, айдағанына жүрді. Бүгінгі қазақ халқының тағдыры да осы үндістердің тағдырына ұқсап кетуден қауіптенесің.
Маскүнемдік бойға біртіндеп сіңеді. Аз ғана ішіп жүрмін ғой, салынып, соңына түсіп кеткен жағдайым жоқ деп кейбіреулер өзін-өзі алдайды. Германиялық дәрігер Ханс Мольдің зерттеуінше арақтан жеңілу, яғни, ішімдіктен азғындаудың алғашқы алты нышанының бірі - жылына ең азы төрт мәрте мас болу. Содан әрі асқанды маскүнем деп есептеуге болады. Маскүнемдіктің екінші белгісі ішкенін мойындамай, ант-су ішу.
Арақтың құрамында болатын алкаголь тірі клеткалардың барлығы үшін зиянды у. Алкагольды іше салысымен ол асқазан сөлінің, қанның құрамына еніп, адамның бауырына келеді. Оның уытын кетіріп, қайтадан залалсыздандырып, қан айналымына жіберетін бауырдың өз клеткалары алкогольдің зардабынан уланып, әуелі ісініп-қабынып, арақ ішілу тоқтатылмаса, бірте-бірте асқынып, бауырдың клеткалары іріп айықпайтын ауруға - бетегеге (цирроз) әкеліп соқтырады. Сонымен қатар маскүнемдікке салынған адамның миынан бастап, жүрек еттері, бүйрегі және басқа ағзалары да уланып, зақымданады. Ең бастысы адам рухынан, жігер-күшіненайырылады, араққа толық мойынсұнып, аңсары ауып тұрады, онсыз көңілінің қошы келмейтін бағынышты мақұлыққа, тәуелді құлға айналады.
Ұзақ және дені сау өмір кешкісі келген адам алдымен рухын таза сақтауы керек. Құзғын 100 жыл, қолтырауын 400 жыл өмір сүреді. Ал адамзаттың басым бөлігі 80 жастан артық өмір сүрмейді, оның 30-ы ұйқыға кетеді, 10-ы санасы жетілмеген мерзім десек, қалған жартысын ұқыптап пайдалана білу керек.Белсенді өмір кешкен, қоғам өмірінен тыс қалмағандар ұзақ өмір сүретіні ғылми дәлелденген. Сондай-ақ шығармашылық еңбекпен айналысатындар: ғалымдар, жазушылар, артистер өзгелерден ұзағырақ өмір сүреді, себебі олар ой еңбегінің нәтижесін көріп, рахаттанады.
Зерттеуші В. Шепельдің дәлелдеуінше, адамға мынадай "гигиеналық үштікті" сақтау шарт:
1.Еңбек гигиенасы: қатты шаршамау, күндік кесте және тамақ тәртібін сақтау;
2. Байланыс гигиенасы: адамдармен сөйлесу мәдениетін сақтау, жақсы көңіл күймен жүру;
3. Жеке гигиена: өз тәнің мен жаныңның саулығын бақылау.
Мамандар адамдардың күнделікті тіршілігі мынадай ең төменгі дәрежедегі талапқа сай болуына үндейді:
- күніне 4-6 гимнастикалық үзіліс;
- күніне 6- жаяу жүру;
- бір күнде 2000 калория қуат жұмсау /ол өмірді 28% ұзартады/;
- дұрыс тыныс алу, соған тиесілі жаттығуларды жасап тұру;
- күніне екі рет 5-ші қабатқа дейін шығып түсу /Н.Амосовтікі/.
Айтулы балерина Майя Плисецкая айтады: "Кім көп жұмыс істесе, соның күші көбейеді. Егер мен бір күн жұмыс істемесем оны өзім сезінемін, екі күн жұмыс істемесем әріптестерім сезіп қояды, үш күн істемесем жұрттың бәріне көрініп тұрады тұрады" - дейді.
Менің ең алғашқы жазу дәптерлерімнің бірінде, 1960 жылғы, Бүкілдүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Жарғысынан алынған мынадай сөздер бар екен: "Здоровье является состоянием полного физического, душевного и социального благополучия, а не только отсутствия болезни или физических дефектов". Осы сөздер маған мынаны ұқтырды:
1. Денсаулық - тек ауырмау деген сөз емес.
2. Денсаулық - менің өз шаруам ғана емес.
Өзіме де, әйеліме де, балаларыма да, туыстарыма да, қоғамға да мен денім сау болса керегірекпін. Сондықтан өз денсаулығым үшін күрес - қоғамның денсаулығы үшін күрес.