«Қайран Ана!» - Қарақаттың анасына арналған жазбасы көзге еріксіз жас үйірді (фото)
Белгілі әнші Қарақат Әбілдина марқұм анасын еске алып, ерекше естеліктерімен бөлісті. Бұл туралы ол Instagram парақшасында жазды.
- Есейген сайын ескіге көп орала ма адам. Әлде мен бе солай?! Өткенге көп көз саламын. Оның ішінде Анасы тірі замандастарыма қарап қызығамын. Бақыттысыздар! Қоңырау шалсаңыз тұтқаның ар жағынан ең мейірімді дауысты ести аласыз. Бұл үлкееен бақыт!
Анам арқаланып ауылдан жиі келетін. Жарықтық-ай, пенсиясынан жырымдап немерелеріне тәттісін де теңгесін де үлестіріп болатын. Одан ол кісіні тамыр-таныс, дос-жаран біткен үйді-үйге қонақ етеді. Бір пакетке салынған бауырсағы, кәмпит-пішінәйі, торты бар кремі бәріне жағылған, бананы бар әр жерінде. Әкелед-дағыны көзді ала бере ет сақтайтын үлкен тоңазытқышқа зу еткізеді. Ой Алла-ай, әлі көз алдымда әрбір әрекеті, тұрған-тұрысы, қимыл-қозғалысы.
Одан қонақтықтан азды-көпті сый-сияпат киіп қайтпай ма, оны әкеліп маған біртіндеп жайып көрсетеді де “алып қой” дейді.
Біраз күн болып, немерелерін көріп мауқын басқан соң жәймееен “ауылға қайту” туралы әңгіменің шетін шығарады. “Әй анау мата-саталар керек пе саған, алып қаласың ба?!” Оның арғы жағында айтқысы келгенін ұғам ғой, үстіне үйдегіден қосып тұрып апарып салам ортаға таудай етіп кәде-сыйдың бәрін.
Ал содан басталады сықыр-сықыр, тықыр- тықыр... Жолға жиналады.
Бір уақытта аноооу тоңазытқыштың түбіне сүңгіткен сарқытты алып шықпай ма. Онысы каша болып, бір-біріне жабысып, бір уыс болып қатып қалған. Бананы үсіп қап-қара көмірдей болып ол тұр. “Мәәә мама-ау, мынау болмайды ғой, мен қазір әдемісін әперем” демеймін бе?!
Жақсы адамым-ай: “қой әрі,бұның бәрі ауылда битәмін емес пе” деп жуытпайды. “Мені бүкіл ауылдың қатын-қалашы күтіп отыр. Қазір 2-3 сағатта жетем дегенше түк етпейді. Шәшіп жіберіп шәй берем ғой” - дейді.
Қоштасар кезде баяғы әуенге басады ғой жарығым: “енді келем бе екен, келмейм бе екен. Көрем бе сендерді...”
“Ой мама-ау, әлі-ақ тағы келесіз” деп қимағанды білдірмей, көз жасыңды көрсетпей қоштасып қоя береміз.
Қайран Ана! Ендігі бәрі естелік, бәрі сурет көз алдымда.
Айтқым келетіні замандастарым!
Анаңыздың көзі тірі болса күнде бір хабар алыңыз. Халін біліп, жылы сөз арнаңыз. Ананың қазасы еселетіп есейтеді екен әп сәтте. Ұққаным осы...
Сағындым "ана" өзіңді - деп жазды әнші.
Анаға деген сағыныштан жазылған жазбаны оқыған желі қолданушылары әншіге жылы лебіздерін білдіруде.
- "Аналарыңыздың жаны жәннәт болсын. Сөз саптауыңыз бен тіл байлығыңыз өте тамаша. Бүгінгі адамдарға ақыл жетпей ақшаға ақыл алатындар көбейді. Олда дұрыс шығар. Десекте қарапайым шынай осындай дүниелерді айтып, ақыл берер кітап жассаңыз керемет болар еді", "Тура, бәрі дәл өзіңіз айтқандай Қарақатжан жаным, сағынып жүрміз анамызды! Жұмсақ алақанын, мейірімді даусын. Аман жүріңіздер қайда жүрсеңіздер де", "Керемет жан едіғой анаңыз. Әңгімесінен көп үлгі алушы едік. Жаны жүмақта болсын", "Қазақтың аналарының бәрі сондай ғой", "Аналарымыз аман болсын" - дейді көпшілік.