«Маңдайыма жазылғаны осы болар» - Сәкен Майғазиев

Oinet.kz 25-01-2021 2853

Отандық танымал әнші Сәкен Майғазиев өзіне орынсыз пікір білдірген оқырманын сынап тастады. Бұл туралы ол Instagram парақшасында жазды. 

Сәкен Майғазиев.jpg

Сәкен Майғазиев жаз мезгілінде коронавирустың өршіген тұсында өзінің де бұл аурудан бір ауырып тұрғанын жеткізді.

- Неше түрлі адамдар бар. "Осы Сәкен ауырмайды екен да..." деген пікірді оқып, жағамды ұстадым. Біреуге өлім тілегенше, өзіңе өмір тіле. Талайды тәубесіне түсірген "тәж", бірінің жанын алды, бірінің жақынын жалмады, әйтеуір бәріміздің екі аяғымызды бір етікке тықты. Төрткүл дүниені дүрліктіріп тәж тажал келген кезде біз де әулетімізбен бір-бір аунап тұрдық. Көрінбейтін жаумен күрес біздің отбасымызда да жүрді.

Алдымен ағаларым, жеңгем, 4 әпкем, сосын анашым, кейін үйдегі отанасы ауырды. Анасы 27 күн бас көтере алмай, бақандай төрт апта ауырды. Әшейінде ойын-күлкімен білінбей, зулап өте шығатын төрт апта осы жолы маған төрт жылдай көрінді. Бірнеше рет жедел жәрдем шақырдық. Жарының маңдайынан сүйіп, укол салып жүрген (дәрігердің протоколымен) мен, бір күні өзім де мұрттай ұштым. Бас сүйегімгің ішіндегі бір жұмбақ күш көзімді ішке, терең бір иірімге тартып, кеудемді өртеп барады. Тыныс алғанымда ішімдегі жалын сыртқа шығып, маңайымды өрт шалардай, кеудемде қорқыныш ұялады. Қорқыныш бойды деңдеген сайын, мен де тілімді кәлимаға келтіріп, көзге көрінбейтін "тажалдың тәжін" киіп, "маңдайыма жазылғаны осы болар", деп дертіме мойынсұна бердім. Ойша туған-туыс, дос-жаранмен бақұлдасып жатырмын. Ең бірінші ойыма анам келді. Перзентінен айрылған аналардың зарын кезінде кітаптардан көп оқитынмын, бірақ еркек болып жаратылған соң түсініп, сезіне алмаспын. Құлағыма Алтынбек көкемнің "Қара кемпірі" келгендей болды. Дегенмен, мен жалғыз емеспін ғой, аға-жеңгелерім, әпке-жезделерім бар, Әділетім бар. Анашыма жұбаныш болар.

Көзім ілініп кетіпті. Үстімді қара тер басқан. Ашқым келеді, бірақ кәлләмнің ішінде көзімді тереңге тартып жатқан бір тылсым әлі де өз күшінде екен. Баяу көзімді аштым. Жан-жағыма қарадым. Бөлменің есігінен бұлдырап кішкентай бас көрінді. Көзімді уқаладым. Үлкен қызым екен. Көзіне көзім түсті. Қорқыныш пен үміт араласқан көзқарасы жүрегімді дір еткізді. "Қыздарым! Олардың аналары да ауырып жатыр еді ғой!

Қалай? Анау бөлмедегі аналарының жағдайын ойладың ба? Кеше дәрігер айтып кеткен уколы салынды ма екен? Ыстығы басылды ма екен?..." Алыстан жаңғырып естілген даусымды естігім келмеді. Ақырындап тұруға тырыстым. Есіктен қарап тұрған қызым кейін жүгіріп кетті. Түсінбей қалдым. Басымды көтеріп, сылқ етіп диванға отыра кеттім. Қайтадан көзімді жұмдым. Қанша уақыт өткенін білмеймін, иек тұсымнан ыстық леп есті. Көзімді ашсам, қызым лимон салынған ыстық су ұсынып тұр. "Әке, мынаны ішсең тез жазыласың", деді ақырын ғана. Тағы да көзіне көзім түсті. Анасының жас кезіндегі жанарын көргендей болдым. "Анасынан аумай қалған алтыным сол!". Бұл сөзді ішімнен айттым ба, әлде дауыстап айттым ба, ажырата алмадым. Қайтадан қалың тұман арасына еніп кеткендей болдым. Тек қызым берген суды ұрттап отырғаным, орнымнан тұрып, теңселіп кетіп бара жатқаным, балалардың "Әкешім, қайда барасың?", деген дауыстары еміс-еміс есімде. Жауап бердім бе, жоқ па, оны да бір ҚҰДАЙ біледі. Төбемнен құйған мұздай судан оянғандай болдым. Тура мағынада. Душтың астында екенмін. Есіктің сыртынан ұлымның: 

- Әке, бәрі жақсы ма? - деген даусы естілді. 

- Иә, иә, балам. Қатты терлеппін. Шайынып алайын. Алаңдама. Су астында өткізген жарты сағат бар дертімді ағызып алып кетпесе де, бойыма сәл де болса сергектік бергендей болды. Есімді жидым. Қыздарыма ауырғанымды көрсетпеуім керек, оларды қорқытып алмау керек, қасыма қатты жақындатпауым да керек. (Соңғысы тым қиын мәселе). Душтан шығып ас үйге беттеп бара жатқанда "Әкееее!!!" деп жарыса жүгіріп келе жатқан Мәриямым мен Сәфиямды орта жолдан Әділет қуып жетіп, алдандырып алып кетті. Ас үйге кіріп, көзі кіртиген келіншегімнің көңілмен ұсынған күрең шәйін ішіп, бетім бері қарады. Мен АЛЛАның қалауымен, бір-ақ күн ауырдым. 1 ай осы күйді кешуді айтсаңшы. Менің бір ғана күн ауырып аяғыма тұрып кеткенімді "Альхадая" қара зере майын үзбей тұтынғаныңыздан" деп топшылады анасы (қалжыңсыз). Ауру мен ажалдың айтып келмейтінін айтам да. Уақыттың тым қысқа екенін түсіндім. Бір адамның пікіріне бір кітап жазып тастадым ғой деймін. Кітап? Сәкеннің түйсігіне түйгендерін қағазға түсіріп, кітап жазсам қалай болады екен, а? Енді сен қалып ең кітап жазбаған... дейсіз бе?  - дейді Сәкен Майғазиев. 

Әншінің әсерлі жазбасын оқыған көпшілік оған басу айтып, ыстық лебіздерін білдіруде. 

- «Алла амандығын берсін, аға!», «Ия,Сәкенжан өкінішке орай пейілі тарылған,ниеті нашарлар баршылық екен,менің де анам,бауырларым,күйеу балдарым бір-бір ауырып шықты,біз тек дұғада болдық,жәрдемдесу баяғыдан Ата-анамның тәрбиесімен қалыптасқан ғой,отбасың,ақ мамаң ,өзің де бәле-жаладан,ауру-сырқаудан аман болыңыздар,жамандардың жамандығы өзімен кетіп,жақсы адамдар көп болсыншы деп тілеймін», «Алла амандығын берсін. Ешкім ауырмасын. Тек жақсылық болсын. Әр күнімізге Аллаға мың шүкір», «Алла сақтасын недеген пікір ол. Бір Алла қолдап жүрсін! Деніңіз сау болсын! Балапандарыңыздың қызығын көріңіздер», «Әлдекімдердің сөздерімен өмір сүретін болсақ онда қателескеніміз. Сол себептен әр адам әр қандай пікір айтады. Ешқайсысына көңіл бөлудін қажеті жоқ. Ең бастысы анаңыз, бауырларыңыз, жарыңыз, балаларыңыз аман болсын! Қалғаны өз ретімен реттеледі. Уайымдап әр сөзге көңіл аудармай өмір сүріңіз. Аман болыңыз! Бар болыңыз!» - деді желі қолданушылары. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Сәкен Майғазы (@saken_maigaziyev)

Мәдина Сәдуақасова өзіне қатты ұқсайтын сіңлісін көрсетті (фото)
Мейрамбек Беспаев жас күніндегі суреттерін көрсетіп, көпшілікті сүйсіндірді (фото)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу