Салафизмнің сипаты: Бата беруді, сәлем салуды теріске шығарады
Ораза айт мерекесіне орай үш діни кітап пен бірнеше әдістемелік құралдардың таныстырылымы өтті. Аталған кітаптарды «Оңтүстік» ақпарат орталығында облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасына қарасты «Әлеуметтік бастамалар орталығы» мекемесінің директоры Нұржан Тұрсынбай таныстырды.
«Әлеуметтік бастамалар орталығының» негізгі міндеті – діннің шынайы қағидаттарын халық арасында түсіндіру, елді дін атын жамылған теріспиғылды ұйымдардың әрекетінен сақтау, адамзат баласына ортақ рухани дүниетаным қалыптастыру болып табылады.
Орталық шығарған «Елімізде тыйым салынған және дәстүрлі емес діни ағымдар» деген кітап бүгінгі күннің басты мәселелерінің бірі – салафилік ағымының бағыты мен сипатын жан-жақты зерттеп-зерделеген. Мұнда кереғар діни ағымдардың пайда болу себептері діни, саяси, әлеуметтік тұрғыдан талқыланып, Қазақстандағы секта, кереғар діни ағымдардың орын алуы, олардың мемлекет қауіпсіздігін, қоғам тыныштығын бұзу әрекеттерінің көріністері мен әдіс-тәсілдерінің ерекшеліктері дінтанушылық тұрғыдан жан-жақты қарастырылған.
Қазақстандағы салафизм идеологиясын сенім және жиһад мәселелеріне байланысты бірқатар тармақтарға бөліп қарауға болады. Имам Рабия ибн-Мадхали (1932) еңбектерінің негізінде салафизмнің бірінші тармағы – «салафи-мадхалиттер» пайда болды. Аталған ілімді ұстанушылар қарулы «жиһад» идеологиясын ашық қолдамайды. Заңды мемлекет басшыларына қарсы шығу жолын ұстанбайды. Зайырлы мемлекет заңдылықтарын Құран мен сүннетке қарсы келмейді, сондықтан мемлекет заңдары бойынша өмір сүруге болады деп есептейді.
Салафизмнің екінші тармағы – Мәдиналықтар немесе сурриттер деп аталады. Бұл ұйым мүшелері шейх Абу Мусьаб ас-Суридің (1958 ж.) «Әскери бағдарлама» атты еңбегінің тұжырымдарына сүйенеді. Бұл ағымдағылардың ұстанымы бойынша мемлекет заңдары шариғат талаптарына қарсы келмеуі керек. Мемлекетті әділ мұсылман адам басқаруы керек. Олар Қазақстанда бірінші болып Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан (ҚМДБ) бөлек діни қоғамдастық құруға әрекеттенген, мұсылман атын жамылған бүлікші топ. Бұл ұйымда басқарудың тариқаттық құрылымдарының тәсілдері қолданылса, қаржылық жүйеде – пирамидалық элементтер пайдаланылады. Салафиліктің бұл тармағы мемлекеттік құрылымдарды мойындамауға үндейді. Шындығында бұл тармақ ортақ мақсат – халифат үлгісіндегі мемлекет құруды терістемейді.
Салафизмнің келесі тармағы – «Әт-такфир уәл хиджра» идеологиясы - өткен ғасырдың 70-ші жылдары Мысыр университетіндегі студент жастардың арасында қалыптасты. «Такфир» қозғалысының негізін салушы 1942 жылы туылған мысырлық Мустафа Шукри есімді азамат.
Бұл қозғалыстың мақсаты – бөлек мұсылман қауымын құру, яғни «үй ішінен үй тігу» арқылы зайырлы мемлекеттік қағидаларға қарсы күресу. Осы идеологияның негізінде Алжирде «Қарулы ислам тобы» ұйымы құрылды. 1977 жылы Мысыр үкіметі ресми түрде бұл қозғалыстың әрекетіне тыйым салды. Сонымен қатар 2004 жылы Еуропа Одағына кіретін мемлекеттер «Такфир» ұйымының әрекет етуіне тыйым салды. Сондай-ақ, осы ұйым мүшелерінің тізімі жасалып, олардың Еуроодаққа кіріуіне шек қойылды.
Қазіргі уақытта аталған ұйым эмиссарлары құпия түрде қызмет етуде. Бұл ұйым мүшелері «такфир» идеологиясын қолдамаған мұсылмандардың өзін кәпір деп есептейді. Зайырлы мемлекет заңдылықтарын ұстанатын Қазақстанды – кәпірлер елі («Дар ул куфр») деп атайды. Өз кезегінде Алла заңынан бөлек, яғни зайырлы мемлекет заңдылығына бағынуды құлшылықтың бір түрі, яғни Құдайдан басқа нәрсеге табыну деп санайды. «Такфиршілердің» түсінігі бойынша, жергілікті мешіт имамдарының артында арнайы қызметтің билігі тұр және олар ислам жауларының (массондардың) мүддесін қамтамасыз ету деген оймен ресми дін өкілдерінен кеңес сұрамайды. Салафилер 1981 жылы үлкен бір соққы алып, көбі Мысырдан қашуға мәжбүр болды. Қашқындар Сауд Арабиясы, Ирак және Иорданияға барып бас сауғалады.
2014 жылы 18 тамызда Астана қаласының Сарырқа аудандық сотының шешімі бойынша Қазақстанда Такфир, яғни «Ат-такфир уәл хижра» жамағатына тыйым салынды.
Салафи ағымының келесі тармағы – «Салафи-жиһад» ағымы. 1990-ы жылдары «араб ауғандықтарға» басшылық ету Абдалл Аззамнан («Братья-мусульмане») саудиялық салафи – Усама бен Ладеннің қолына өткен уақытта құрыла бастады. Бұл ұйымға Айман ас-Завахири да («Ислам жиһады») кірді.
Қазақстандағы «салафи-жиһадилер» аталған экстремистік ұйымдардың Интернет сайттарындағы үндеулері негізінде қалыптасты. Такфир мен «салафи-жиһадшылардың» басқару құрылымдары кәпірлерге қарсы әлемдік жиһадқа қатысуды міндет деп есептейді. Сонымен қатар Қазақстанның билік органдары тарапынан шынайы мұсылмандар діни сенімдері үшін қудалануда деген ұйғарыммен «хижратқа» шақырады.
Салафилердің идеологиясы мен түрлі тармақтарын жіліктеп алдық. Енді салафилік ұйымдардан келетін қауіп-қатер мен олардың қазақ қоғамында ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрпқа қатысты ұстанымдарына тоқталайық.
- салафилер Қазақстан мұсылмандарының діни ұстанымына негіз болған Матуриди діни-сенім мектебін теріске шығарады.
- ғибадат етудің екінші кезектегі мәселелері бойынша ұдайы айтыс-тартыс тудырып жатады. Тек Құран мен хадистерден үзінді келтіру, сөзбе-сөз түсіну, мағынасын емес, түрін (формасын) маңызды санау – аталған ағым ұстанымдарының өзегі болып табылады.
- өздерінің салафи шейхтары – Ибн Таймия, ибн Қайим, Ибн Баз, Усаймин және басқа шейхтарынан басқа ғұламаларды мойындамайды.
- салафилердің пікірінше, намаз оқымайтындар – кәпірлер.
- намаз оқитындар, бірақ аруақтарға сыйынатындар – «путқа табынушылар» болып табылады.
Салафилердің қазақ халқының діни ұғымы мен дәстүрлеріне байланысты ұстанымдары қандай?
- қарт кісілердің жастарға денсаулық, сәттілік және табыс тілеп, беттерін сипап берген батасын теріске шығарады. Сүннет бойынша бетті қолмен сипауға болмайды деп санайды.
- келіннің күйеуінің ата-анасына иіліп сәлем салуын теріске шығарады. Олардың пікірінше бұл – Алладан басқа тағы да біреуге табыну болады-мыс.
- мұсылмандардың молаға зиарат етуін теріске шығарады, сондай-ақ, Құранды өлген адамдарға аранап оқуды теріске шығарады.
- өнерді теріске шығарады: домбыраны, тіпті ақыл-ой кені – ақындық пен жыршылықты теріске шығарады.
Салафилердің қазақтың дәстүрлі ұлттық киіміне байланысты ұстанымы.
- арабтар мен пәкстандықтардың киіміне еліктейді.
- Балағы қысқа немесе кесілген шалбар киеді, олардың пікірінше, «тірсектен төмен түскен киім – тозақ отына түсіреді.
- Ұзын әрі күзелмеген сақал өсіреді. Салафилер сақал өсіруді уәжіп санайды.
Салафилердің туыстық қатынастарға байланысты ұстанымы:
- ата-анасы намаз оқымаса, олар дайындаған тамақтан бас тартады, ата-аналары намаз оқымайды деп, оларды тыңдамайды, бұйрықтарын орындамайды.
- Құпия үйлену. Ата-анасымен ақылдаспай және олардың келісімінсіз некесін өзінің уахаби-ұстазына қидыруды қалыпты іс санайды.
- Некесіндегі әйелдермен оп-оңай ажырасады. 4 әйелге дейін алуға болады деп, бір-бірлерінің талақ етілген әйелдеріне немесе өз қауымындағы «қарындастарына» үйленеді. Бұл – қазақтың ұлттық генофонын сақтаудағы ұлы жетістігін шариғатқа қарсы болмаса да, қасақана қаскөйлікпен терістеу амалы.
- әйелдер мен қызбалалар олар үшін бір зат немесе екінші сортты, тіпті құл-күң дәрежесіндегі адам. Олардың өз ортасынан басқа адамдармен араласпауы өздеріне зиян, себебі мұндай оқшаулану балалары мен әйелдеріне кері әсер етеді.
Салафи ағымын ұстанушылар әлеуметтік ортаға, жалпы қазақ қоғамына қандай зиян тигізіп жатыр?
- салафилер қоғамда, мешіттерде, отбасыларында айтыстар мен қақтығыстарды шиеленістіруге әдейі күш салады.
- ауылдар мен қалаларда діни жамағат ішінде жікке бөлініп, олардың арасында бір-біріне деген жек көрушілік пен өшпенділіктің тууына себеп болуда.
- Қазақстанда салафизм идеологиясы таралғаннан кейін дінді жақсы біле бермейтін адамдар арасында ақиқат Исламға күмән мен күдік келтіру, ресми дін басшылары мен олардың өкілдеріне сенімсіздікпен қарау пайда болды. Сондай-ақ, қазақ қоғамында Ислам туралы теріс пайымы басым адамдар көбейе түсті.
Қорыта айтқанда, салафилік ағымы қазақ топырағына сырттан келді. Егер жастарымыз Исламның Ханафи мазһабы негізінде қажетті білімді өз мектептерімізде алғанда, бүгінде арамызда бұл теріс ағымның өкілдері болмас еді. Бұл мәселені, яғни ханафи мазһабы негізінде сапалы білім беру мәселесін мемлекеттік маңызы бар іс деп санап, ел бірлігі мен тұтастығының бірегей тетігі деп қарастыруымыз керек.