Исламофобиядан - исламға. Асыл дінімізді жек көретіндер мұсылман атануда

Oinet.kz 20-04-2019 2056

Screenshot_40.jpg

Исламофобия. Соңғы он жылдықта дерт әлемнің көптеген елдерінде тараған бұл қоғамдық дерт лас технологиялардың, құйтырқы саясаттың нәтижесі екені түсінікті. Исламды  жек көретіндер дінімізді өзгелерге құбыжық етіп, көрінішті халде көрсетуге барын салуда. Мұндайларды бір сөзбен исламофоб деп атайды.  Бірақ Алла Тағаланың құдыреттілігін қараңыз, мұсылмандарды жау етіп алған ең атақты  исламофобтар ислам дінін қабылдай бастады. Мұндай оқиғаларды көптеп келтіруге болады.  

Исламды қаралау ісімен шұғылданатын саяси партиялар мен қозғалыстар Еуропаның барлық елдерінде бар. Олар өздерінің сайлауалды платформаларын антиисламдық тұрғыда қалыптастырып, осы арқылы сайлаушыларының дауыстарын иеленуде. Исламды жұртқа жиіркенішті етіп көрсетуге талпынғандардың арасындағы ең белсенділері мұсылмандарды біржола жеңемін деген оймен қолына Құран кітабын алады. Сондағы мақсаты – сол кітаптан қателіктеді тауып, исламның өтірігін «әшкерелеу» екен. Қызық осы жерден басталады. «Құран – бар болғаны 14 ғасыр бұрын айдаладағы шөлде орын алған хикаялардың жинағы, Мұхаммедтің (с.ғ.с), оның отбасының өмірбаяны» деп ойлаған исламофобтар қасиетті кітапты оқыған сайын терең ойға қала береді. Арада бірнеше ай өткен соң кәлима шахада сөзін айтып, исламды қабылдайды. Мұндай жайттардың әр елде орын ала бастауы Еуропа мен Американың саясаткерлерін қатты састырды.  

Даниель Стейч, саясаткер (Швейцария)

Бұдан бірнеше жыл бұрын Швейцария мешіттің мұнараларына тыйым салуға бағытталған науқан белең алған болатын. Қолдан ұйымдастырылған акцияның басы-қасында  Даниель Стейч атты саясаткер де жүрді. Исламды, мұсылмандарды өзіне жау етіп алған ол халықтың алдында жалынды сөздер сөйлеп, көпшілікті дінге қарсы үгіттеді. Ислам жайлы толығырақ ақпарат алу мақсатында Құранды оқуға кіріседі. Алайда, қасиетті кітаптан қателік табуды мақсат еткен  Даниель аяттардың мағыналарымен қалай келісе бастағанын   байқамай қалады. Қайта-қайта оқиды, оқыған сайын таңырқайды. Ақыры  2008 жылы исламды қабылдап, бір жылдан соң радикалды бағытымен танылған Швейцарияның халықтық партиясының қатарынан шығады. 

Бір кездері елде мешіттердің болуына үзілді-кесілді қарсылық танытқан Стрейч енді ислами ғибадат үйлерінің қатарын көбейтуге барын салады.  Тіпті Еуропадағы ең көркем мешітті салуға ниеттенді. Құран кітабын тұрақты түрде оқып, күнделікті бес уақыт намазын қаза қылмайтын Стрейч өмір жайлы шындықты исламнан тапқанын айтады. «Ислам діні маға өмір жайлы маңызды сұрақтарыма логикалық дұрыс жауаптарды берді. Мен ол сұрақтарға жауаптарды басқа бірде-бір діннен таппадым» деп ойымен бөліседі Даниель Стрейч.  

Гарри Миллер, миссионер (Канада)

Доктор Гарри Миллер атты миссионерге кезінде талай христиан адам үміт артып еді. Жұртты христиан дініне шақырып, исламдағы «кемшіліктерді» анықтау мақсатында ол да қолына Құран кітабын алады. Ол Құранда көне замандағы Аравия шөлінде орын алған және бүгінгі заманға түкке жарамсыз оқиғалар баяндалады деп күткен еді. Алайда доктор Миллер Құраннан басқа бірде-бір дінде жоқ дүниелерді тапты. Мәселен, мұсылмандардың кітабынан Пайғамбар  Мұхаммедтің (с.ғ.с.) қиын өмірі, оның әйелі Хадишаның немесе бала-шағасының өлімі жайлы түрлі хикаялар табылатынына сенімді еді. Бірақ, мұндай бірде-бір дерекке кезіккен жоқ. Есесіне, «Мариям» атты сүрені тапты, осы арқылы мұсылмандардың Исаның анасын аса қатты қадірлейтініне көз жеткізді. Құрада Исаның есімі 25 рет, ал Мұхаммедтің (с.ғ.с) есімі бар-жоғы төрт рет аталатыны да миссионерді ойландырып тастады. Ал Миллерді ерекше таңқалдырған жайт – «Аль-Анбия» сүресіндегі 30 аят еді. Онда «Аспан мен жер біртұтас болып, біз оларды ажыратқанымызды және әрбір тірі нәрсені судан жасағанымызды күпірлік етушілер көрмей ме? Олар сонда да сенбей ме?», делінген болатын. Доктор: «Шын мәнінде, бұл аят – 1973 жылы Нобель сыйлығы берілген ғылыми жаңалық – үлкен жарылыс теориясының дәл өзі. Аятта қазіргі ғалам үлкен жарылыс нәтижесінде пайда болғанын баяндауда», – дейді.  Осылайша, Миллер   Ислам дінін қабылдайды. Жай ғана мұсылман атанбай, дін насихатшыларының біріне айналып, көптеген адамдардың исламға келуіне септігін тигізеді.  

  Марк Жорер, саясаткер (Франция)

Францияда ислам дініне үзілді-кесілді қарсылық танытып, мұсылмандармен күресуге барын салғандардың бірі – Марк Жорер еді. Ол «Францияның халықтық майданы» атты радикалды экстремистік партиясының  белді мүшесі ретінде исламға қарсы ашық әрекет етті. Сол арқылы Францияда, жалпы Еуропада күшейіп келе жатқан исламның таралуына тосқауыл жасағысы келді. Жорердің белсенділігіне оның әріптестері ерекше ризалық білдіретін. Алайда, Жорердің исламға қарсы ұзақ жылдарға созылған күресі көпшілік үшін күтпеген нәтижемен аяқталды: жуырда өзі басқарып келген   MediaLibre  сайты арқылы  Марк өзінің исламды қабылдағанын, жалғыз  Құдайдың дініне өткенін хабарлады.  Осының өзі талай французды ойландырып тастады. Исламға кірген күні Жорер радикалды партияның құрамынан өз еркімен шықты. 

  Арно Ван Доорн, саясаткер (Нидерланды)

Голландия елінде исламды Ван Доорннан артық жек көретін адам болмаған шығар. Радикалды партияның атынан осы елдің парламентіне депутат болып сайлану оңай шаруа емес. Исламға қарсылардың даусына тек дінді жек көретін адам иеленбей ме? Сонау 2011 жылдың соңына дейін саясаткер эмигрант-мұсылмандарға және олардың дініне ашық түрде шабуыл жасап, жөн-жосықсыз сынап келді.  Кейбір саясаттанушылардың пікірінше, Голландияның  Еркіндік партиясына   жеккөрініштілік риторикасы жөнінен Екінші дүнижүзілік соғыстан кейінгі мерзімде тең келетін ұйым жоқ. Яғни, оны  Гитлердің фашистік саясатымен бір қатарға қоюға болады деген сөз.  

Арно тек исламға қарсы жиындарға қатысу, мақалалар жазумен шектелген жоқ. Ол исламға, Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с) қарсы «Фитна» атты атышулы фильмнің түсірілуіне көп жәрдем етті. Осы арқылы ол мұсылмандардың  соқыр әрі қауіпті фанат екенін көрсеткісі келген еді. Фильм бүкіл әлемде мұсылмандар тарапынан қатты қарсылықа тап болғанына Арно әуелі таңырқай қарады. Әрине, фильмнің мұсылмандарға ұнай қоймайтынын білді, алайда олардың наразылығы осыншалықты қатты болатынын күтпеп еді. «Мұсылмандар өз дінін,  пайғамбарын соншалықты  қатты жақсы көретініне таңқалдым. Ақыры Ислам жайлы шындықты іздеуге кірістім» дейді Ван Доорн. Сөйтіп, исламды тереңірек зерттеуге көшеді. Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) өмірбаянымен танысады. 2013 жылдың 27 ақпан күні Ван Доорн өзінің Твиттердегі парақшасына шахада кәлимасын келтіріп, өзінің мұсылман екенін көпшілікке жеткізді.  «Менің ислам дінін сынап, мінеу үшін бір жылдан астам уақыт  зерттегенімді, көптеген кітаптарды оқып, дискуссияларға қатысқанымды жақын туыстарым және достарым білді, бірақ ешқайсысы менің түбінде  мұсылмандықты қабылдайтынымды күтпеп еді» деп күледі Ван Доорн. 

Арно қасиетті Мекке мен Мединеге умра қажылығын жасап қайтты. Медине қаласында пайғамбардың қабірінің жанында тұрған Ван Дорн өзін ұстай алмай еріксіз жылап жіберді. Кезінде пайғамбарға қарсы  фильм түсіріп,  қылмыс жасағаны үшін қайта-қайта мұсылмандардан кешірім сұрады.  Арно ендігі өмірін тек исламды насихаттауға арнайтынын, Еуропа елдеріндегі мұсылмандардың құқықтарын қорғауға барын  салатынын жеткізді. Тіпті тағы бір фильм түсірмекші, бірақ бұл жолы оның тақырыбы - көпшіліктің ислам жайлы қате түсініктері жайлы болмақ.  Жуырда Арноның өмірінде тағы бір қуанышты жаңалық орын алды: оның үлкен ұлы исламды қабылдағанын мәлімдеп, әкесін қуанышқа бөледі. 

Ия, құрметті оқырман, исламды жан-тәнімен жек көргендер бүгінде шынайы мұсылманға айналды. Осының өзі ғибрат алатын мысал емес пе? Сөз жүзінде мұсылман болғанымызбан, көпшілігіміздің жүріс-тұрысымыз, өміріміз исламға қаншалықты сай келеді?  Бәлкім, біз де дінімізді дұрыстап тани алмай жүрген шығармыз? 

Сұрақ-жауап: 

Сұрақ: Депозитке ақша салу харам ба? Жеңіс

Жауап:

Ислам дініміз қандай да өсімге негізделген қаржылық амалдарды, ол өсім аз болсын, көп болсын жүргізуге тыйым салады. Алла Тағала Құранда:«Әй мүміндер! Алладан қорқыңдар. Егер сенсеңдер өсімнен қалып қалған (аласыларыңды) қалдырыңдар (алмаңдар). Егер оны істемесеңдер, (өсім алғанды қоймасаңдар) бұны Аллаға, Пайғамбарына қарсы соғыс деп біліңдер. Егер тәубе қылсаңдар, сонда малдарыңның басы өздеріңдікі. Зұлымдық етпеген және зұлымдыққа ұшырамаған боласыңдар» (Бақара сүресі, 278-279 аяттар).

Қазіргі таңда қолдағы ақшаны көбіне үйде сақтау қолайсыз, есеп шот ашып, ақшаңызды сонда сақтау тиімдірек. Сондықтан, банктерде ағымдағы есеп шот ашу пайызсыз болғандықтан онда ақша сақтауға рұқсат етіледі. Есеп шот аштырып, ақшаңызды аманат ретінде сақтауға арнайы мекемелерге тапсыруыңыз, Ислам фиқһ кітаптарында «әл-Уәдиға» атпен белгілі. Әл-Уәдиға деп, өзге кісіге өзіңіздің дүниеңізді аманат етіп сақтауға тапсыруды айтады

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының ресми сайтынан



Тақуалық балақ қысқартумен өлшенбейді
Балақ қысқарту дұрыс па, бұрыс па?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу