Тақуалық балақ қысқартумен өлшенбейді
Мұсылманның шалбарының балағы қысқа болуы шарт па? Сақал қою міндет пе? Балиғатқа жеткен қыз баласына хиджап кию қажет пе, егер кисе жүзін де жасыруы тиіс пе? Қоғамда қазір осындай мәселеге келгенде бір жақты пікір жоқ. Ал бұл сұраққа толық жауапты Құран сүрелері мен пайғамбарымыздың хадистерін зерттеп, оны толық түсіндіре алатын дін мамандары ғана бере алса керек. Өйткені жұрттың сөзіне еру, біреудің айтқан әңгімесіне сене салу «бүйректен сирақ шығаратынын» өмірдің өзі көрсетіп отыр емес пе?!
Мұсылман арасындағы осындай әңгімелерге ерік берген, өздерінен басқалардың бәрін адасушылар деп санайтын салафилік ағымның қателіктері неде? Біз осыған орай теолог-дінтанушы маман Әміре Ерсін Бекайдарұлының мақаласын назарларымызға ұсынып отырмыз. Бұл жолғы тақырып балақты қысқартудың дұрыс-бұрыстығы, оның шариғат үкімдеріне қаншалықты сай келетіндігі турасында болмақ.
Қазіргі таңда кейбір адамдар бір-бірінің тақуалығы, пайғамбарымыз (c.а.с.) сүннетін сүю-сүймеуді, ұстану-ұстанбауды балақ қысқартумен өлшейтін болды.
Шариғатта бұл мәселеге қатысты қандай хадистер келеді, соған тоқталып өтсек.
Біріншіден, біздің дініміз адамды тәкаппарлықтан қайтарады, себебі тәкаппарлық тек қана Алла Тағалаға ғана жарасады. Алла Тағала Құран Кәрімде Лұқман (а.с.)-ның сөзін келтіреді (Алла Таъаланың кәләмы): «Алла Тағала әрбір даңдайсыған мақтаншақ, тәкаппарды жақсы көрмейді».
Қазіргі заманның кедейінде кемінде үш немесе төрт көйлек-шалбары бар болса, пайғамбарымыздың замандағы адамдар бір көйлек таба алмайтын еді. Олардың әуретін (ұятты жері) жабуға ғана маталары болатын. Кейде біреулері өзінің әйелімен киімін ауысып киген. Сол кезде адамдар бір метр матаны таба алмай жүргенде, бай адамдар өздерін көрсету үшін артық матаны артына сүйретіп, салбыратып жүріпті. Бұл - ақшасы бар екеннің белгісі. Қазіргі кезде адамдар өзінің байлығын қымбат көлік, ұялы телефон, сағатпен көрсетсе, ол кезде артық мата сүйреп жүрумен білдірген.
Пайғамбарымыз (c.а.с.) адамдардан тәкаппарлықты киімін сүйреп жүруден қайтарды. Ал егер ол тәкаппарлықпен ниеті болмайтын болса, киімі жерге тиген, тобықтан төмен түсуі харам емес екеніне, Қияметте азапқа душар болмайтынын Пайғамбармыз (с.а.с) өзінің хадисінде меңзеп көрсетті. Енді Пайғамбарымыз (c.а.с.)-ның да киімінің тобықтан түскендігі, кей сахабалардың киімдерінің тобықтан түскендігіне тоқталайық.
Бірінші, имам Бухари Абу Бакр (р.а.)-дан риуят етеді. Абу Бакр: «Пайғамбарымыз (c.а.с.)-ның заманында күн тұтылды. Пайғамбарымыз (c.а.с.) сол күн тұтылған кезде киімін сүйретіп үйінен мешітке шықты. Адамдар мешітте жиналған соң екі ракаъат намазды бірге оқыды, сосын күн ашылды», - деген.
Имам Муслим, имам Ахмадтар Абу Сағид Худродан риуят (р.а.) етеді: «Пайғамбарымыз (c.а.с.) Ъайтбән (р.а.) - дың есігінің алдына келіп, айқайлап шақырды. Ол изарын сүйретіп шықты», - дейді (изар-белден байланатын киім).
Пайғамбарымыз (c.а.с.)-нан келетін басқа бір хадистер бар. Сахих хадистерде «тобықтан төмен түскені тозақта» деп келеді.
Тағы басқа хадистерде, «тәкаппарлықпен киімін сүйретіп жүрсе», делінеді. Мұның үкімі ғалымдарымыздың пікірі бойынша егер киім тәкаппарлықпен түсетін болса харам екендігі, егер тәкаппарлық болмаса харам еместігі түсіндірілген.
Имам ибн Хаджар Асқоләни Фәтхал барида «адам киімін ұзартып, тәкаппарлық жасаған сияқты, киімді қысқартып та тәкаппарлық жасауға болады», - деді. Қазіргі заманда кейбір адамдар шалбарымның балағы қысқа, ол басқалардан абзал, сүннетке сай, ал ұзын балақ киюшілердің барлығы бидғатшы, тобықтан төмен түсіргендер тозақта, барлығы күнәһар дейді. Басқаларды өзінен төмен санап, жоғарыдан қарайтын адамдар пайда болды. Негізгі мәселе, ол – тәкаппарлықты жою, жүректен тәкаппарлықты шығару. Ал, сыртқы киім соның көрінісі ғана. Кейбіреулер негізгі мәселені ұмытып қойды да, сыртқы көрініске жабысып, киімдерін қысқартып алып, тәкаппарлыққа салынады..
Ұзын киім киіп жүру біздің қоғамда тәкаппарлықтың белгісі емес. Мысалы, бір адам балағы ұзын шалбар кисе, оны көрген адам не дейді? «Мынау папасының шалбарын киіп алған ба, жоқ әлде қысқартуға ақша таппаған ба?» дейді. Қазірге кезде адамдар, керісінше шорти киіп алып, тәкаппарланады. Енді біреулер мини юбка киіп алып тәкаппарланады. Қыз ұзын киетін болса, «колхозница», «артта қалған» деп айтады. Ал тізеден келетін юбка костюм киетін болса– бизнес леди, одан қысқа киетін болса– жұлдыз. Қазір ешкім ұзын киімді тәкаппарлық деп санамайды.
Алла Тағала: «Кім Алланың пенделеріне берген зейнетін харам етпекші», – дейді. Осы аяттың тәфсирінде пайғамбарымыз (c.а.с.): «ішіңдер, жеңдер, киініңдер, садақа беріңдер, бірақ ысырап жасамаңдар және тәкаппарлыққа салынбаңдар», – деген. Ибн Аббас осы хадиске байланысты. «Қалағаныңды же, қалағаныңды ки, екі нәрседен сақ бол: ысырапқа салынудан немесе тәкаппарлыққа берілуден» деген.
Алла Тағала бәрімізге білім нәсіп етсін, білімдерімізге амал қылуымызды, амалдарымыздың қабыл болуын нәсіп етсін!