«Ұлыңды шайтан түрткен» деді
10-11-2024
Аюп пайғамбар өте сабырлы болған екен. Ұлық Алла періштелерге:
– Аюп менің ең сабырлы құлым! – деп мақтанады екен. Бұл мақтау Ібіліске жақпайтын. Ол Аюптың сабырын түгеспек болды. Оны жоқтықпен, байлықпен, мансаппен азғырды. Шайтанның бұл айласы Аюпқа әсер етпеді. Тіпті әйелін арбап, отбасы мен достарының арасына да от салды. Аюп сонда да сыр бермеді. Ібіліс күніне мың түрлі бәле шақырса да, Аюп тағат жасап, отыра берді. Ібіліс оған:
– Аюп, балаң өлді! – деді.
– Құдай өзі берді, өзі алды. Ешкім мәңгі тірі жүрмейді. Өзекті жанға бір өлім, – деді.
– Малыңды жұт алды.
– Мал – бір жұттық, батыр – бір оқтық деген. Ұлық Алла бергенін алса да, енді берерін алмасын.
– Енді не ішіп-жейсің?
– Аштан өлгеннің моласы жоқ. Малға таласып өлгеннің моласы көп.
– Ел-жұрт сен туралы өсек айтып жатыр.
– Жақсыға сөз ереді.
– Патша сені өлтіремін деді. Қаш.
– Ажал ақымақ үшін алтау, ақылды үшін біреу.
– Бүйте берсең жалғыз қаласың.
– Қабірде барлық адам жалғыз жатады, – деді.
Төзімі таусылған Ібіліс оның бетінен шапалақпен тартып жіберді. Сайтанның қолы тиген жерге жара шықты. Оған шыбын үймелеп, құрттар қаптады. Жара жайылып, пайғамбардың бүкіл денесін ірің басты. Ел-жұрты, бала-шағасы «Аюп алапес болды» деп шошыды. Ібіліс оларға:
– Алапес – жұқпалы ауру. Оны жыраққа шығарып тастаңдар, – деп ақыл айтты. Шаһар жұрты бірауыздан келісіп, оны елден қуды. Жан жары Рахима ғана оған адал болып, қасында қалды. Ауруы онан сайын меңдеп, құрттар Аюптың етін жеп тауысуға айналды. Бірақ оның жүрегі мен тілі бір сәт тоқтамастан, Аллаға мақтау айтып, Жаратушыны ұлықтап жата берді. Денесінен түскен құрт болса, оны жерден алып:
– Алла саған менің етімді ризық етіпті. Несібеңнен айрылма, – деп құртты жарасына қайта салады екен. Аюптың сабырлылығын көріп, сайтандар түңілді. Олар Ібіліске келіп:
– Біз Аюпты жеңе алмадық. Сыры неде? – деп сұрады. Ібіліс:
– Оның тілі мен жүрегі Алланы еске алып, рухы нұрланып тұр. Бір құртты тіліне, бір құртты жүрегіне сал. Алланың есімінен қуат алу тоқтағанда, сабыры сынады, – деп ақыл берді.
Сайтандар солай істейді. Бір құртты тіліне, бір құртты жүрегіне салды. Сол кезде Аюп Аллаға арыз қылды:
– Иә, Ұлық Алла! Саған зікір айтып, есімдеріңнен қуат алатын едім. Мына екі құрт түбіме жетеді. Иә, Алла, пәрмен өзіңнен болсын, – деді. Сонда Алла:
– Әй, Аюп, сынақ сағаты бітті. Өкшеңмен жерді теп, – деді.
Аюп тепті. Жер жарылып, су шықты. Су сарқырап, арыққа айналды. Алла:
– Суға шомыл, – деп әмір берді. Аюп қырық күн суға шомылды. Қырық күнде жарасы жазылып, тәні ширады. Құрттар тегіс қырылып, екі құрт ғана тірі қалды. Аюп:
– Иә, Алла, мына екеуі өлмеді ғой, – деді. Алла:
– Тіл мен жүрекке түскен құрттар ғой. Оларға менің көркем есімдерімнің шарапаты жұқты. Олардың мәртебесі бір бөлек. Зікірдің шарапатынан оларды саған жәрдемші етемін. Бірі бал арасына айналады. Екіншісі сүлік болып суда қалсын. Бал арасының уы да, балы да шипа. Сүлік аурудың арам қанын сорады, – деді.
Сол мезетте құрттардың бірі сүлікке, бірі бал арасына айналады. «Сабыр түбі – сары алтын» деген осыдан қалыпты деседі.