Елтаңба авторы Шота Уәлиханов өмірден өтті
31-03-2021
Шоқан Шыңғысұлының атасы Уәлихан қайтыс болғанда Байдалы шешен көңіл айтуға әлдебір себептермен кешігіңкіреп барса керек . Қара жамылған Айғаным ханым Байдалы шешеннің кешігіп келгеніне ренжіп оң қабақ танытпапты. Сонда Байдалы шешен: "Ханымның қайғысы жылаумен жеңілденбейді, ханның күнәсі болса құранмен жуылмайды" деген екен.
Төрде отырған Таумұрын молда: "Күнаһар болдыңыз, шешен, күнәға баттыңыз" - деп сарнай жөнеледі.
Сонда шешен: "Молдеке, мен атасы басқа молда түгілі, өз ағайынымнан ештеңе дәметпейтін адаммын. Молдалардың аузын ашса көмейінен көр көрінеді, өмір тұрғанда өлімді сөйлегеннен без, төріңде отырып көрге сүйрегеннен без" - деген екен. Шешеннің сөзіне шыдамаған молда «дәрет алуды» сылтау етіп далаға шыға жөнеліпті.
Риза болған Айғаным ханым Байдалы шешенді үш күн қонақ етіп күтіп иығына қамқа тон, астына жорға мінгізіп аттандырыпты.
Бүгінгі қоғамда ата-бабаларымыздың қанатты сөздерін ысырып қойып "анау пайғамбардың айтқаны, мына сахабаның айтқаны..." деп көсілетін «атасы басқа» арабша келсін-келмесін ұрып жүрген молдекеңдер баршылық? Қай ұлт болсын өз тегіне қарай, өз ата-бабасының жүріп өткен жолын, қалдырып кеткен өнегесін пір тұтушы еді ғой. Жалпы сол молдекеңдер қазақ болса ата-бабаларымыздың айтқандарынан хабарлары бар ма екен, неге қатымдарда бір мезгіл сол тұлғаларымыздың имани қанатты сөздері айтылмайды? Уағыздарына құлақ түрсең біздің адам болып қалыптасуымыз сүйектері араб шөлінде байыз тапқан алпыс мың сахабалардың арқасы ма деп қалады екенсің. Солардың айтып кеткен әрбір сөзі бізге үлгі болуы тиіс екен.
Кеше ғана қатарымызда жүрген, білімі орташа кейбір жандар бүгін молда атанып "сахабашыл" болып ақыл айтатын дәрежеге жеткеніне қарап аң-таң боласың, тіпті маңызданып көп оқыған ғұламаның білімді кейпін танытатынын қайтерсің. Арабша бір екі ауыз сөз айтып алады да артынша оны өздері қазақ тіліне аудара бастайды, не сонда осы арқылы "айрықша" білімін дәлелдегісі келе ме?...
Ондай дүмше молдаларға айтарым бар: "Молдекелер, қазақ сіздің жеке басыңызды емес, сізді Алланың жердегі үйінен келгендігіңіз үшін құрметтейді!"
Мысалы, мен тәңіршілдік түйсікпен жаңа туған айға қарап бата қайырып мұсылмандық жолмен "Аллаһ акбар" деп еліме амандық тілеп бет сипаймын. Бұл атаның тәрбиесімен бойыма сіңген қасиет, бірақ молдекеңдерге ол да жақпайды.
Қазақ деген сол, "өлі разы болмай, тірі байымайды" деп тірісінде өзі тұратын баспанасына қимайтын кірпішін де о- дүниелік марқұмының моласынан аямайды, сонда кім кімге үлгі?...
Ерлан Шаяхметұлы