Бақытқа жеткізетін 4 қағида

Oinet.kz 09-10-2018 1333

Адамды бақытқа жеткізетін негізгі қағида – KYN.kz

Бірінші: адамды бақытқа жеткізетін бірінші себеп - дүние ісінде өзіңнен төменге, ал дінде жоғарыға қарау.

Ғұламалар: «Кім бақытты болғысы келсе, дінде өзінен жоғарыға, ал дүниеде төменге қарасын» деген. Яғни ақша, байлық, атақ, даңқ секілді бұл дүниелік мәселелерге адам ешқашан тоймақ емес.

Жаяу жүрген кезіңде ең болмағанда велосипед алсам деп армандайсың. Велосипедке қол жеткізсең, енді бір көлік алсам дейсің. Көлік алғанда одан да қымбатына көзің түседі. Біреудің ақшасына қызығасың, біреудің қымбат мүлкіне тамсанасың. Біреудің үйі әдемі екен, екіншісінің киімдері қымбат екен...

Өстіп жүргенде өзіңе білінбей «Менде неге жоқ? Мен нағыз бағы ашылмаған сорлымын» деген ой ішіңде ақырын-ақырын тамырын жайып, өсе береді. Бір күні бүршігін жарғанда...

Сол кезде өз барыңды бағалай алмайтын халге түсесің. Сөйтесің де өз-өзіңнен жерініп, баз кешіп кетесің. Ал мұның соңы...

Мұның соңы айтпаса да түсінікті.

Ашкөздік пен көрсеқызарлық адамды бақытты етпейтіні айдан анық.

Сондықтан

Көлігің жоқ болса, аяғы жоқ адамдардың да ешкімнен қалыспай шат-шадыман өмір сүріп, бала-шағасын асырап отырғанын біл!

Жұмысың ұнамай жүрсе, жұмысқа шыға алмай төсек тартып жатқан жандардың да бар екенін есіңе түсір.

Бір күн тамақ іше алмай қалсаң, кей адамдардың жоқтықтан не ауруының себебінен бірнеше апта бойы ашқұрсақ жүретінін ойла.

Сөйт те, дәл өзіңнің қалпыңа қара. Сен қандай екенсің? Жағдайың қаншалықты қиын екен?

Ал содан кейін дінде, білім игеруде өзіңнен жоғарыдағыларға, озып алға шыққандарға назар сал.

Мысалы, сен әлі намаз оқымайтын болсаң, досың намаз оқып жүр. Сен бір сүре білсең, көршің үш сүре жаттап алыпты. Сен ашуға беріліп, қатты сөйлеп қоятын болсаң, ағаң үнемі көркем мінез танытады...

Міне, соларға қызық, солардың дәрежесіне көтерілуге талпын.

Адам қызметте, кәсіпте өсуді қалағанындай, иманының да күшеюіне мүдделі болса, бақытқа қарай жақындай түсетіні анық!

Екінші: Адам баласын бақытқа жетелейтін екінші қағида ол – кешіру, өзгелердің қиянатын, зұлымдығын ұмытып кету!

Расында, өмір болған соң әртүрлі жағдайлар болады: біреу үмітіңді ақтамайды, біреу жазықсыз жаныңды жаралайды. Бұл әу бастан-ақ солай. Мұндай кезде сүйікті Пайғамбарымыздың ﷺ өзіне жамандық жасаған жанға жымия салғанын, қастандық жасағандарға Алладан жақсылық сұрап дұға қылғанын еске алу жеткілікті болады.

Пайғамбарымыз ﷺ өзіне дөрекі сөйлеп, дүрсе қойғандарға да кешіріммен қараған. Түйенің ішек-қарны, қан-жынымен бастырып қойғандар үшін де Алладан тура жол сұрап, дұға еткен. Тіпті, бірде Пайғамбарға ﷺ қарыз беріп, бірақ әлі қайтаратын уақыты келмеген бір яһуди көлеңкеде отырған Алла Елшісінің ﷺ жағасынан ұстап: «Ей, Мұхаммед, қарызымды қайтар! Мен сендер секілді қарыздарын қайтаруды тастап қойған адамдарды көрмедім!» деп дөрекі сөздер айтады. Сонда Омар (р.а) ашуға беріліп: «Сен осы нәрсені Алланың Елшісіне қалай ғана жасадың? Және осы сөздеріңді қалай айттың? Қажет болса, қолымдағы қылышыммен басыңды шабар едім!» дейді. Сонда Пайғамбарымыз ﷺ: «Әй, Омар, сен одан да маған қарызымды көркем түрде қайтаруға кеңес бермейсің бе және мына кісіге қарызды дұрыс сұрауды үйретпейсің бе? Бұл кісіге қарызымды қайтар да, әлгі сөздеріңмен үрей сыйлағаның үшін оған қосымша құрма бер», - деп сый көрсетеді. Мұны көрген яһуди Ислам дінін қабылдайды. (Тирмизи)

Үшінші: Адамды бақытқа жетелейтін үшінші себеп - өзгелерге көмектесу, мұқтаж жандарға қол ұшын созу. Себебі, біреуге көмектескен, Алланың разылығын ғана көздеп жақсылық жасаған адамның жүрегі ашылады, жүзі нұрланады, өміріне береке бітеді, тұрмысы түзеледі!

Пайғамбарымыз (ﷺ): «Араларыңнан әлсіздеріңді іздеңдер, өйткені сендерге көмек пен ризық сол араларыңдағы әлсіздеріңнің арқасында беріледі», - деген.(Әбу Дәуд)

Төртінші: Адамды бақытқа жеткізетін төртінші себеп – Жаратушы Алла туралы жақсы ойда болу. Яғни Оның барлық нәрсеге күш-құдіреті жететініне, Одан өзге ешқандай күш те, қуат та жоқ екеніне, жақсылық та, жамандық та тек Оның ғана қалауымен болатынына, қиналған кезде тек Ол ғана көмектесіп, Ол ғана пана болатынына, қандай жағдайға ұрынсаң да, Ол сені алып шығатынына зәредей де күдік келтірмей сене алсаң, шынымен де сондай болады!

Шынымен де жүрегің жай табады, көңілің ләззаттанады.

Себебі, құдси хадисте Алла Тағала:

«Менің құлым Мен туралы қалай ойласа, Мен сондаймын. Егер ол Мен туралы жақсы ойда болып, жақсылық күтсе, Мен оны оған беремін. Ал Мен туралы жаман ойлап, жамандық күтсе, оны да оған беремін», - деген. (Ибн Хиббан, Ахмад)

Бақытсыздыққа бастайтын екі ой
Намаздың 16 пайдасы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу