Құран неге араб тілінде жіберілді?

Oinet.kz 09-09-2020 1155

Байқап қарасақ, бүкiл әлемде үш-ақ әрiптiң көмегiмен өте мағыналы сөйлем құрап беретiн бiрде- бiр тiл жоқ екен. Ал, араб тiлi үш әрiппен ғана Исламның ең ұлы куәлiгi - «Алладан өзге тәңiр жоқ» дегендi жеңiл жолмен жеткiзе алады. Яғни, «Лә иляха илла-Ллах» деген сөйлем Ләм, Әлиф және Ха деп аталатын араб тiлiндегi үш-ақ әрiптен құралады. Ал, ендi неге Құран араб тiлiнде ғана жiберiлген деген сауалға жауап берiп көрелiк.

image.png

Ең алдымен, өз елшiсiн кiмге, қай уақытта және қалай жiберетiнiн Ұлы Құдыреттiң өзi шешедi. Бұл оның ғана құзырындағы iс. Құранда Жаратушымыз бұл туралы: «Алла өз елшiсiн қайда аттандыратынын өте жақсы бiледi» деп атап өтедi.

Бiз арабтарды бастан-аяқ мақтаудан аулақпыз. Өйткенi, пайғамбарлар қай ұлтқа болмасын, үлкен ғибратпен жiберiлген. Мәселен, Алланың назары ауар шақта араб жарты аралы әртүрлi пұттарға табынып, рухани тұрғыда азғындап кеткен болатын. Тiптi, дүниеге келген қыздарын тiрiдей көметiн деңгейге жеткен. Бiрақ, бұл ендi бөлек әңгiме. Бүкiл адамзатқа мейiрiм ретiнде жiберiлген дiн - Исламның түп-тарихына үңiлген кейбiр ғалымдар «бұл тiлдi Тәңiрдiң өзi Құранның тiлi ретiнде таңдап алатындай сол замандағы арабтардың қандай ерекшелiгi болды?» деген сауалға да жауап iздеп көрген екен. Зерттей келе, бұған арабтар өмiр сүрген орта, олардың тiлi мен ұлттық ерекшелiгi себеп болған деген қорытындыға келген.

Бiрiншiден, араб жарты аралы жағрапиялық жағынан сол дәуiрдегi ең қолайлы аймақта - Африка, Үндiстан мен Еуропаның ортасында орналасқан болатын.

Екiншiден, пайғамбар да сол тұста әр елдiң өкiлдерi жиi зиярат ететiн Мекке қаласына жiберiлдi. Бұл қалаға келгендер кейiн Исламмен танысып, оны өзге өлкелерге насихаттауға атсалысты.

Үшiншiден, Мекке қаласының тұрғындары шөлдi жердiң қоршауында ғұмыр кештi. Осының арқасында олар парсылар мен гректердiң және басқа да үлкен өркениеттердiң бүлдiргi ықпалына аса көп ұшыраған жоқ. Алысқа ұзамай-ақ, өзiмiз өмiр сүрiп отырған қазiргi заманды алайық. Мәселен, Франция Мысыр, Ливия, Сирия, Марокко мен Алжирдi, ал Британия өзге елдердi басып алғанын бiлемiз. Бiрақ, араб жарты аралын ешкiм тiкелей жаулап алған жоқ. Өйткенi, жұрттың көбiсi бұл өңiрдiң қатал табиғатынан қаймығатын. Бұдан өзге, арабтардың өзi де осал халық емес едi. Жергiлiктi тұрғындар жүздеген жолдан тұратын өлең шумақтарын бiр естiгеннен-ақ әп-сәтте жаттап алатын ерекше есте сақтау қабiлетiмен төңiрегiне танылған-тұғын. Шөлдi жерде өскендiктен, арабтар қиыншылыққа төзiмдi келедi. Егер бұл халық жемiс-жидекке толы бақтардың iшiнде өмiр сүрсе, пайғамбар келгенде оны қалай қарсы алатыны беймәлiм едi. «Маған ол дiннiң не керегi бар? Алмамды жеп, тып-тыныш жата бермеймiн бе?» демесiне кiм кепiл? Бiрақ, Тәңiрi арабтардың маңдайына шөп шықпайтын шөлдi өлке мен ми қайнататын аптап ыстықты жазыпты. Күн елу градусқа жеткенде, бұл жақта жалаңаяқ жүру әсте мүмкiн емес. Бұл, әсiресе, қажылыққа барып қайтқандарға жақсы мәлiм. Осындай қатал өмiрге бейiмделген халық қана Исламның жауапкершiлiгi ауыр жүгiн арқалауға қабiлеттi едi.

Сол дәуiрдегi арабтардың тағы бiр жақсы қыры - уәдеге берiктiгi болды. Араб бiреудi қорғауға уәде берсе, оған ешкiмнiң қол сұғуға қақысы болмайтын. Ал, егер бiреудiң үйiне келген қонақты әлдекiм ренжiтiп қойса, үй иесi қонағы үшiн кек қайтаратын. Мұндай халықтың тiлi де өзiндiк ерекшелiктерге бай болды.

Араб тiлi - тiлдiк жағынан нақты тектерге (родтарға) бөлiнетiн бiрден-бiр тiл. Мәселен, орыс тiлiндегi өткен шақтың көпше түрiн бiлдiретiн «ходили» деген сөздi алайық. Бұдан әңгiменiң төркiнi кiмдер туралы екенiн немесе қай жерге кiмнiң барғанын айыру өте қиын. Яғни, әйелдер мен еркектердiң қайсысын меңзеп тұрғаны белгiсiз. Ал, араб тiлiнде ол жерге әйелдер ғана барғаны бiрден бiлiнедi. Ұлы Жаратушының заңы жазылатын кiтапқа мұндай дәлдiк өте қажет. Сонымен бiрге, араб тiлiнiң ерекшелiгiне байланысты Құран жетi түрлi мақаммен оқылады. Осыдан кейiн ерекшелiгi өте көп бұл тiлдi Тәңiрдiң тегiннен-тегiн таңдап алмағанына көзiңiз жетедi.

Мұндай күрделi тiлдi үйренуге ұмтылған адамға, ондағы әрбiр әрiп үшiн бiр-бiр сауаптан жазатынын Алла Тағаланың өзi де ұлы Құранда айрықша атап өткен. Бұл арабтарға емес, басқа ұлттарға берiлген артықшылық деп түсiну қажет. Осындай мүмкiндiктердiң арқасында Құранның бiрде-бiр үтiр-нүктесi де бұрмаланбай, бүгiнгi күнге аман жеттi.

Қазiр әлемде Iнжiлдiң бiрнеше мың нұсқасы бар екен. Олардың әрқайсысы бiр оқиғаның өзiн әртүрлi талдайды. Яғни, баяндауларында бiрiздiлiк жоқ. Түпнұсқасы сақталмағаннан кейiн бұл қасиеттi кiтаптың қадiрi жоғалды. Ал, Құранға Құдайдың өзi қорғаныш болады. Алла Тағала өзiнiң соңғы пайғамбары арқылы жiберген кiтабында осыған байланысты «Бұл кiтапты Бiз жiбердiк, әрi оны Қияметке дейiн де Бiз қорғаймыз» деген.

Ертеректе парсының бiр жазушысы: «Егер маған араб тiлiнде ұрыссаңыз, ол маған парсыша мақтау естiгеннен әлдеқайда артық» дептi. Бұл оның Құран тiлiне деген құрметiн көрсетсе керек.

Тарихқа көз жүгiртсек, араб тiлiн зерттеушiлердiң барлығы басқа ұлттан шыққан екен. Солардың бiрi атақты оқымысты Сибавай болатын. Ол араб тiлiнiң грамматикасы туралы әңгiме қозғағанда, арабтар оны ұйып тыңдайтын болған. Бiрде, қартайып, бақилық болайын деп жатқан Сибавайға ұлы келiп: «Бимяя ту сыни, я абятах?», яғни «Бiзге қандай өсиет қалдырасың, әке?» деп сұрайды. Баласы «бимя» деген сөздiң соңын созып жiбередi. Бұны байқаған әкесi: «Мен саған Алладан қорқуды, сосын бұдан кейiн «бимя»-ны созбай сөйлеудi бұйырамын. Бұл бiлiмсiздiк және араб тiлiн сыйламау» дептi.

Араб тiлiнiң грамматикасын бiлмей, дiнiмiзде ғалым атану мүлде мүмкiн емес. Сондықтан, исламның атақты төрт оқымыстысы - аш-Шафиғи, Әбу-Ханифа, имам Мәлiк пен имам Ахмад араб тiлiн өте терең меңгерген адамдар болды. Бiрақ, бұдан арабша бiлу әрбiр мұсылманға мiндеттi екен деген ой тумауы тиiс. Құран тiлiн әркiм өзi үшiн үйренедi және одан қоғамға да келiп-кетер пайда көп. Ұлы Жаратушымыз Құран Кәрiмде бұл жөнiнде: «Алла Тағала сендерге ауыр нәрсенi жүктемейдi, жеңiлдiк болғанын қалайды» деген.

Підия дегеніміз не?
Көркем мінезге қалай қол жеткізуге болады?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу