Адам қатты қиналғанда оқылатын дұға
Аллаһуммә инни ә‘уузу бикә минәл-һәмми уәл-хазәни уәл-‘ажзи уәл кәсәли уәл-жубни уәл-бухли уә ғаләбәтид-дәйни уә қаһри-рижәәли.
Мағынасы: Уа, Аллаһым, мені уайым жеуден, қайғы-қасіреттен, дәрменсіздіктен, жалқаулықтан, қорқақтықтан, сараңдықтан, қарызға белшеден батудан және адамдардың зорлық-зомбылығынан сақтай гөр!
Белгілі сахаба Әбу Саид әл-Худри (р.а.) аталмыш дұғаға қатысты мына бір оқиғаны әңгімелеген:
Бірде Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) намаздан тыс уақытта мешітке кіргенінде ансарлық Әбу Үмәмә атты бір кісінің отырғанын көріп: «Әй, Әбу Үмәмә! Намаздан тыс уақытта мешітте не істеп отырсың?» − деп сұрайды. Ол: «Уа, Алланың елшісі! Қарызға белшеден батып, қатты қиналып отырмын», − деп жауап берді. Сонда, Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оған: «Саған оқығаныңда уайым-қайғыңды сейілтіп, қарыздарыңнан Алланың Өзі құтқаратын бір дұға үйретейін бе?» − дегенде, Әбу Үмәмә (р.а.): «Әлбетте, уа, Алланың елшісі!» − дейді. Сонда, Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оған осы дұғаны үйретіп: «Бұл дұғаны таңертең және кешке үзбей оқып тұрғын», − дейді. Кейіннен Әбу Үмәмә: «Мен Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бұйырғанын бұлжытпай орындап жүрдім. Соңында Алла Тағала менің барлық уайым-қайғымды сейілтіп, қарыздарымнан да толық құтылдым», − деген болатын (Сунәну Әби Дәууд, Китәбу ас-саләәт 1330).