Қажы атанған президенттер
01-08-2022
Кемелдікті кемеріне жеткізу үшін келген Ардақты пайғамбарымыздан (саллалаһу алейһи уә сәлләм) тәлім алған түркі мұсылман жұртшылығы арасында «Бір адамның көңілін қалдыру Қағбаны жыққанмен бірдей» деген сөз кең тарап кеткен. Негізінен, тура осы сөздермен келген хадис мәтінін кездестіре алмадық. Алайда, осы мағынаға сай келетін басқа хадистер бар. Мәселен, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Қағбаға қарап тұрып: «Еш күмәнсіз Алла Тағала сені өте қадірлі, ұлық етіп жаратты. Алайда, мүмін адам сенен де қадірлі» деген (Ибн Мәжә, Фитән, 2; Мажмағ әз-зәуәид, 1/81) Тағы бір хадисте «Алла үшін әлемнің жоқ болуы, мүмін адамның өлтірілуінен жақсырақ» делінген (Термези, Дият, 7; Нәсәи, Тахрим, 2).
Термези бұл хадисті «хасан» деп бағалаған. Осы мәндес хадистерге сүйенген Мәулана Жалаладдин әр-Руми: «Қағба – Азардың ұлы Ибрахимнің тұрғызған үйі, ал жүрек – Алла Тағаланың назар салар орны. Сондықтан да бір адамның көңілін қалдыру Қағбаны қиратқаннан да жаман» десе, Жүніс Әміре «Бір адамның көңілін қалдыру – Қағбаны жыққаннан да жаман» деген екен. Әрине, бұл сөздер Қағбаның қасиетін төмендету үшін айтылмаған. Алланың жаратқан ең ардақты жаратылысының адам екендігін баяндау мақсатында айтылған. Бұл өз кезегінде Алла Тағаланың «Біз адам баласын ардақты еттік» («Исра» сүресі, 70-аят) деген аяттың мағынасына да сай келеді.
Негізінен, ислам шариғатында құқықтар «Алланың құқықтары» (яғни, адамның Алла Тағала алдындағы міндеттері) және «адамның құқықтары» деп екіге бөлінеді. Пенде осы Алланың құқына, яғни құлшылықтарына қатысты қандай да бір күнә жасап, шынайы тәубе етсе, Алла Тағала Өзінің шексіз рақымымен оның күнәсін кешіріп жібереді. Ал кісі ақысына қатысты қандайда бір күнә жасаған жағдайда, ақысын жеп, қиянат жасаған адам кешірмейінше, Алла кешірмейді. Ислам дінінде кісі ақысы өте жоғары бағаланған. Сондықтан, мұсылман баласы осы мәселеге ерекше мән беріп, кісі ақысын жемеуге, өзгеге қиянат жасамауға ерекше абай болуы тиіс.
Алау ӘДІЛБАЕВ,
теология ғылымының докторы