«Жүзігі бар - Сүлеймен, жүзігі жоқ - сүмірейген»
Сүлейменнің жүзігі дегенді аңыз-әңгімелерден жиі естиміз. Бұл жүзіктің құпиясы көп. Мына бір әфсана бойынша Сүлеймен (а.с) пайғамбар ашуланып, ызаланған кезде, шыдамсыздық танытқанда "Не істеймін?" деп бір данышпаннан сұрапты. Ол жазу бар жүзік берген екен, онда: "Бәрі де өтеді" деп жазылыпты. Пайғамбар осы жүзікке қарап сабасына түседі екен. Бірде шыдамсызданған ол жүзікті лақтырып жібереді, бірақ ішкі бетіндегі жазуға назар аударады. Онда: "Бұл да өтеді" деп жазылған. Ия, билеуші жүзігін саусағынан тасмаған көрінеді. Бойын ашу қысқан кезде сол жүзікке қарап, өзін сабырға шақырып отырған. Кейбір аңыздарда Сүлейменнің бар құдіреті сол жүзікте болған деседі. Бірде Алла оны сынау үшін жүзігін алып қояды. Сақинасыз күшінен, абырой-атағынан жұрдай болған ол ел кезіп, қайыршыға айналады. Сонда өзінің кейбір астамшылдық мінезін еске алып, өкінеді. Құдайдың сынағынан өткен ол уақыты келгенде балықтың ішінен жүзігін тауып алып, тағына қайта отырған екен. Халық арасында «жүзігі бар - Сүлеймен, жүзігі жоқ - сүмірейген» деген сөз осыдан қалса керек.